ҰЛ БАЛАНЫ қонақ отырған жерге АУНАТЫП алу керек

0
8 351

"Мынау менің тұңғыш немерем еді, ырымын жасап, отырған орныңа аунатып алайын" деген екен...


ҰЛ БАЛАНЫ қонақ отырған жерге АУНАТЫП алу керек

Салт-дәстүр - ұрпақты тәрбиелеуші құрал. Тек қана қазақ халқында ғана емес, өзге ұлттардың да өмір сүру дағдысына байланысты ұстанатын әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бар.

Өз отбасында әдет-ғұрып, жөн-жоралғы көріп өскен баладан үлкенге ізет көрсететін тәрбиелі азамат шығары сөзсіз. Өз ұлтының тілін, дінін, салт-дәстүрін сүйетін адамның да болашағы жарқын.

Болашақтың жарқын болуына кейде қазақтың ырым етіп, «аунату» дәстүрін орындағанының да септігі тие ме екен деп ойлайтыным рас. Сондықтан мен дәстүріміздің жалғасын тапқанын қалаймын. «Халқын сүйген-салтын сүйер» демекші, салт-дәстүрді ұмытпай, ұрпаққа дәріптесек, ұрпағымыздың жақсы адамдардан үлгі-өнеге алып, халқы үшін туған азамат болсын десек, осы дәстүрді орындауымыз керек-ақ.


Ол- АУНАТУ дәстүрі


Қазақ халқының ежелден ұстанып келе жатқан дәстүрдің бірі - қонақ отырған және түнеген жерге өз балаларын отырғызған, жамбасы тиген жерге баланы аунатып алған. Сенім бойынша балаға бұл адамның дарындылық генінің бөлігі өтеді. Сонымен қатар «туған жерге аунату» дәстүрі де бар. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Бұл-туған жерінен ұзақ уақыт бойы алыс тұрған адам отанына оралғаннан кейін жерге «аунайтын» дәстүр. Мұның мән мағынасы көп. Біріншіден «Сен осы жерде тудың, ұмытпа, перзенттік қарызыңды өте» деген мағынада. Екінші «Туған жер ата-анаң, Отаның, оның жақсы қасиеттері бойыңда, ойыңда жүрсін» деген тәлім жатыр. Қалай дегенмен де халықтың осы бір әдемі дәстүрінде «Бәрібір сен туған жерге баласың» деген ұлы ұғымды білдіретін, оның отаншылдық сезім - сенімін арттыратын тәрбиелік қызметі өте зор екендігін көру қиын емес.


«...Осындай тәрбие көзін, осы дәстүрді ұлықтап жүрген қазақы бір ортадан мен ерекше бір тебіреніспен оралдым» деп әкем осы аунату дәстүрі туралы әлі күнге дейін реті келсе айтып отырады. Өйткені, өзіңді елеп-ескеріп жатса, ұл-қызын үлгі алсын деп, «жақсы адам» деп құрметтесе мерейің тасымай ма?! Одан әрі қарай да «жақсы адам» болып қалуға, жамандығыңды көрсетпеуге тырысасың. Бұл да бір ұрпаққа өнеге, тәлім-тәрбие құралы ғой. Қазақтың қай дәстүрін, ырым-тыйымын алып қарасақ та даналықты көреміз» деп әкем қонақтан келген бетте әсерін бөлісетін-тұғын.


Мұндай әсерлі көріністі мен бала күнімде, әжелеріміздің баланы төрге апарып аунатып алатынын көргенмін. Мағынасын да білмеуші едім. Кейін ес біліп, ел ағаларымен, жақсылармен араласа келе, ортаның да әсерін сезіне бастадым.


Әкемнің де айтқысы келгені осындай қазақтың салт-дәстүрлері дәріптеліп, ұмытылмаса екен деген ой ғой.


Әкемді құрметтеп, сыйлайтын, төріне шығарып, өнегесін алуға тырысатын сыйлас жандардың баршылық екендігіне тәубе деймін. Солардың біріне қонаққа барып, арқа-жарқа болып қайтарында сол үйдің ақ самайлы әжесі «Мынау менің тұңғыш немерем еді, ырымын жасап, отырған орныңа аунатып алайын. Өзің секілді беделді, елдің азаматы болып өссін. Жақсы қасиеттерің немереме жұқсын. Аузына түкіріп ырымын жасап бере ғой» деп өтінген екен.

Әкем де көргенділігін көрсетіп, кішкентай балаға батасын беріп, жақсы тілектерін арнаған екен. Сол баланы жігіт болып, тізгін ұстаған кезінде көру бұйырыпты. Әкем әлі күнге дейін өзіне жақын тартып, өзінің ізбасары секілді ақыл-кеңесін айтып, жөн сұраса бағыт-бағдарын сілтеп, сыйластығын үзбеген.


Отбасын құрғанда да, балалы болғанда да қандай қуанышы болса да әкемді шақырусыз қалдырған емес. Сондықтан, оны да әкем өкіл баласы ретінде санайды. Қандай көмек керек болса да тартынбай, қолынан келген көмегін аямайды.


Шыны керек, арадағы туыстық байланысы болмаса да, яғни қаны бір болмаса да екі бөлек адамның жақындығын, арасындағы осындай сыйластықты көргенде қазақтың даналығына еріксіз қайран қаламын.

НҰР Әлем,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


КИІМДІ біреуге БЕРГЕНДЕ түймесін ҚИЫП АЛУ керек пе?


«БЕС КИІМ» деген САЛТ қайдан пайда болған?