​Жаңа туған айда ҚАСИЕТІ бар ма?

0
201

Қазақтың әрбір ырым-тыйымы мен салт-дәстүрінің астарында үлкен мән жатқандығы белгілі.


​Жаңа туған айда ҚАСИЕТІ бар ма?

фото: tr.pinterest.com

Қазақтың әрбір ырым-тыйымы мен салт-дәстүрінің астарында үлкен мән жатқандығы белгілі. Әрине, ол тұрмыстағы түрлі себептерге байланысты туындаған наным-сенімдер. Әсіресе, бұрындары бабаларымыз Көк Тәңірісіне, отқа, суға табынған. Содан бері сақталған жоралғыларды қазір де жасап жүрміз.

Мәселен, қуаңшылық жайлағанда құрбандық шалып, ас беруді халық әлі күнге дейін жасайды. Сондай-ақ, жаңа туған айды да қасиет тұтуды үлкендерден көрген едік.

Олар туған айға сәлем берп, тілек тілейтін. Әжемнің көзі көрмейтін. Тысқа жетектеп ертіп шығатынбыз. Әр айдың туар шағын күннің ретіне қарай болжап отыратын әжем «ай туғанда айт» деп маған тапсырады. Мен солай айдың тууын аңдып жүремін. Ол күн болғанда қуана сүйіншілеймін. Сонда әжем айға қарап бетін бұрып: «Ай, сәлем бердік, жаңа ай жарылқа, ескі ай есірке. Жаңа ай жақсылығыңмен кел. Бар жаманшылық ескі аймен кетсін» деп иіліп сәлем салып, үш мәрте қайталап айтады. Сосын менен «ай қалай жатыр?» деп сұрайды. «Тігінен туса, онда күн райы осы айда жылы болады екен. Ал көлденеңнен жатса, өзіне жайлы, шаруаға жайсыз болайын деп тұр. Бұл ай салқын болмақ» дейді әжем. Айтқандай-ақ, оның болжамы тура келетін сол шақтарда. Қазір кейде әжемнен көргенімді істеп, айға сәлем бермесем де, ай туған шақта тігінен туды ма, әлде шалқасынан жатыр ма деп қарап, әжем айтқандай сол айдағы ауа райын өзімше болжап жүремін.

Бұдан бөлек те туған айдың талай қасиетін естіп өстік. Үлкендерден естіп те жүрміз.

Бала күнімізде сүйел деген жара шықса соны туған айға көрсетіп: «Ай, сүйелімді алып кетші» деп тілек тілейтін едік. Әрине бұл ақылға қонымсыз. Ғажайыптан үміт ету болса да, кейбір жаралы болғандар сондай табынудан кейін сүйелінен арылғандығына куә болдым. Көрші әпкемнің қолдарын майда сүйелдер қаптап кетті. Мен ол кезде баламын. Ал ол бойжетіп қалған. Күнде айдың тууын аңдып отырып: «Ай, сүйелімді алып кетші» деп қолын айға көрсетіп, тілек тілейді. Сосын жіпті алып, қолындағы сүйелдерін санап, сонша рет түйеді де жерге көміп тастайды. Себебін сұрасам, осы жіп шіріген сәтте сүйелдерім кете бастайды деп өзінше мәз боп жүретін. Мен ол кезде сол ғажайыпқа аңтарыла сендім. Бірақ біздің сеніміміз ақталып, әпкемнің сүйелдері біртіндеп жоғалып, ақыры соңында қолы тап-таза болып шыға келді.

Айға сәлем беру ғұрпы туралы Ш.Уәлиханов еңбегінде: «Ертеде қазақтар жаңа туған Айға тізерлеп отырып, үш рет еңкейіп мінәжат етеді. Жаздыгүні болса, сол тізе бүккен жерінің шөбін жұлып, отқа тастайды», – деп жазған. Ғұрыптың мәні – әулетім оттай қаулап өсе берсін, пәле-жаладан аман болайық дегенді білдіреді.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


ТОЙҒА не үшін ҚОРЖЫН апарады?


Көзмоншақ көз тиюден сақтай ма?