Елімізде декреттік демалыс тәртібін өзгерту ұсынылды

0
129

Үкімет ер адамдарға мемлекет тарапынан бала күтіміне байланысты демалыс беру қаншалықты орынды екенін талқылады.


Елімізде декреттік демалыс тәртібін өзгерту ұсынылды

Фото: сгенерировано ИИ

ERNUR.KZ. Қазақстанда ер адамдарға бала күтіміне байланысты демалыс беру тәртібін және бала күтімі кезеңінде әйелдерге көрсетілетін қолдауды өзгерту мәселесі қарастырылып жатыр, деп жазады inform.kz.

Үкімет ер адамдарға мемлекет тарапынан бала күтіміне байланысты демалыс беру қаншалықты орынды екенін талқылады. Сондай-ақ бала туғаннан кейінгі алғашқы екі жылда әйелдерге көрсетілетін қолдаудың бір бөлігін бөбекжай-бақша орындарымен және бала күтуші қызметімен алмастыру мүмкіндігі сөз болды.

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру мәселелері жөніндегі Үкімет отырысында айтылды.

– Мемлекет тарапынан ер азаматтарға бала күтіміне байланысты демалыс беру қаншалықты орынды екені қаралды. Сондай-ақ әйелдерге бала күтімінің екі жылдық кезеңінде көрсетілетін қолдау форматын өзгерту мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, балаларды бөбекжай-бақшамен қамту және кішкентай балаларға күтім жасайтын бала күтушілер тапшылығын шешу мүмкіндіктері қарастырылды, - делінген Үкімет хабарламасында.

Әзірге бұл ұсыныстар бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ.

Декреттік демалысқа қатысты мәселе әлеуметтік көмек жүйесін реформалау аясында қарастырылып жатыр. Алғашқы кезеңде Үкімет 36 төлем түрінің 14-ін атаулы қағидатқа көшіруді жоспарлап отыр, яғни көмек азаматтардың нақты мұқтаждығы ескеріле отырып көрсетіледі.

Сондай-ақ қазір жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік көмектің 13 түрін төрт түрге біріктіру ұсынылды.

Сонымен қоса 2027 жылдың басынан бастап ардагерлерге көрсетілетін жекелеген қолдау шараларына да атаулылық қағидатын енгізу көзделіп отыр.

Жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мүгедектігі бар азаматтардың деректерін тексеру кезінде жасанды интеллектіні қолдану нәтижелері туралы да айтты.

– Жүйе мүгедектік белгілеуге негіз болған медициналық құжаттарды қолдан жасаудың 167 жағдайын анықтады. Материалдар құқық қорғау органдарына берілді. Бұдан бөлек, әртүрлі адамдардың деректері бірдей болып шыққан 18 647 жағдай анықталды, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар 1 қазаннан бастап қазақстандықтарға әлеуметтік төлемдерді беру шарттарындағы өзгерістер туралы SMS, eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы кезең-кезеңімен хабарлана бастайды