Әлеуметтік желі арқылы да көз тиетіні рас па? Жасанды көзмоншақ орнына не қолдануға болады?
Сурет: ЖИ
«Қазақта екі-ақ ауру бар: бірі – суық тиген, екіншісі – көз тиген».
Сәл ауыра қалсақ, осылай дейтініміз бар. Әрине, әзілге сүйейміз. Алайда осы әзілдің астарында ықылым заманнан келе жатқан, сүйегімізге сіңген таным мен шындықтың үлесі бар екені жасырын емес.
«Тіл-көз тиеді, сұқ өтеді» дегенге мүлде сенбейтіндер бұл ұғымды мифке балап, түрлі әзілге айналдырып жатады. Ал осы нанымның шеңберіне шырмалғандар айналасындағы әр адамға үрке қарап, әр жағдайдан секем алып жүреді. Әсіресе жас балаға келгенде ата-аналар ерекше сақтық шараларына жүгіргіш:
- Көзмоншақ тағады;
- Маңдайға күйе жағады;
- Ұлтарақ түтетіп иіскетеді;
- Үшкіру-түшкіру және т.б.
Енді бір топ адамдар тіл-көздің бар екенін жоққа шығармайды, бірақ «көңілге алмасаң, бойға да жұқпайды» деген ұстанымға берік.
Бұл жерде біреуге «сенікі – дұрыс, оныкі – бұрыс» деп кесіп айту қиын. Себебі тіл-көз бен сұқ – адамзат әлі жұмбағын толық шеше алмай келе жатқан тылсым құбылыстардың бірі. Бірақ өмірдегі кейбір жағдайларды көре отырып, мұны мүлдем жоққа шығаруға да болмайтынын іштей ұғамыз.
МОНШАҚТЫҢ ҚОРҒАНЫС МЕХАНИЗМІ
Бабаларымыздың «көз тимесін» деп сәбидің киіміне, бесігіне немесе тұмарына жарқырауық, ашық қызыл немесе қанық түсті моншақтарды қадайтын болған. Мұнда терең оптикалық және психофизиологиялық есеп бар.
Физика мен визуальды қабылдау заңдылықтары бойынша, адамның жанары нысанды көрген сәтте көздің торлы қабығы алғашқы фокусты автоматты түрде контрастты, ашық әрі жарқыраған бөлшекке түсіреді. Яғни, бөгде адамның сұқтанған немесе іштарлыққа толы алғашқы эмоционалды көзқарасы, яғни ең жоғары жиіліктегі биоэнергетикалық импульс тікелей сәбидің нәзік жүзіне емес, жарқырап тұрған түсті моншаққа соғылады. Алғашқы назар фокусы сыртқы затқа аударылғанда, негізгі объектіге төнетін энергетикалық соққының қарқыны біршама бәсеңдейді. Сондықтан дәстүрлі көзмоншақтың басты қызметі – мистикалық қалқан болу емес, адамның визуальды импульсін өзіне жұтып, назарын бөлетін «оптикалық тұзақ» рөлін атқару.
«КӨЗ ТИЮ» ұғымы тек қазақта бар ма?
Тіл-көзден сақтану амалы тек қазақ топырағына ғана тән емес, бүкіл адамзат тарихымен тамырлас.
- Мәселен, көне мысырлықтар «Горус көзі» тұмарын таққан.
- Мәдениеттану және этнография деректері Осман империясы мен Таяу Шығыста әйгілі «Назар бонжук» немесе «Фатиманың көзі» атымен кең таралған тастар болғанын растайды.
- Шығыс аңыздары бойынша, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың қызы Фатима сүйіктісін ұзақ сапарға шығарып саларда оған көк түсті әйнек тасты ұсынып, аман-есен оралуын тілеген деседі.
- Түрік халықтары «көк түс жаман энергияны қайтарады» деп, қарашығы бар көк әйнектен моншақ жасап, үй мен бесікке іліп қоюды дәстүрге айналдырған.
Ал біздің бабаларымыз пластмасса мен зауыттық өндіріс пайда болғанға дейін табиғи заттарды пайдаланған. Айталық, сәбидің бесігіне немесе киіміне үкінің қауырсынын, сілеусін мен аюдың тырнағын, ақық пен бирюза сияқты табиғи асыл тастарды және соғылған таза күміс тиындарды қадаған. Бабаларымыздың бұл таңдауы тегін емес еді. Табиғи металдар мен асыл тастардың бойында өзіндік энергетикалық өріс пен дезинфекциялық қасиеті болғанын (мәселен, күмістің бактерицидтік күшін) білген. Ал аң-құстардың тырнағы мен қауырсыны рухты көтеріп, сұқ пен жаман ниетті «үркітуші» нышан деп түсінген.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ АРҚЫЛЫ ДА КӨЗ ТИЕ МЕ?
Дәстүрлі тіл-көз түсінігі бүгін смартфон экраны арқылы жаңа форматта өмірімізге ене бастады. Бұрын бабаларымыз «бөгденің сұғы өтіп кетеді» деп қырық күнге дейін сәбиді бөтен көзге көрсетпей, тіпті бесіктің бетін жауып өсірсе, бүгінде ол түсінік түбегейлі өзгерді. Қазіргі цифрлық заманда көз тию үшін адамның бетпе-бет кездесуі де шарт емес. Блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушыларының күнделікті ішкен-жегенін, тапқан табысын, әсіресе бесіктен белі шықпаған «инста-балаларының» әр қадамын Instagram мен TikTok-қа жарыса жүктеуі миллиондаған аудиторияның «онлайн-сұғына» жол ашып отыр.
Экранның арғы жағында отырған мыңдаған белгісіз оқырманның арасында қызғаныш, іштарлық немесе өкінішке толы эмоционалды негативті ағынның болуы заңдылық. Заманауи психология мен психосоматика мұны былай түсіндіреді. Үнемі желі арқылы жұрт назарында жүріп адамның (әсіресе баланың) жүйке жүйесіне бейсаналы түрде үлкен эмоционалды ауыртпалық түсіреді. Ата-ананың «бәрі сүйсініп жатыр» деп ойлаған фотоларының артында біреудің «Неге менде бұлай емес?» деген сұғы жатыр. Соның салдарынан «цифрлық сұққа» ұшыраған балалар мен ересектерде себепсіз мазасыздану, ұйқының бұзылуы, иммунитеттің төмендеуі сияқты психосоматикалық белгілер жиілеп келеді.
КЕСЕНЕ МАҢЫНДАҒЫ КӨЗМОНШАҚ БИЗНЕСІ
Бүгінгі таңда еліміздегі киелі мекендер мен әулие-әмбиелердің (Түркістан, Арыстан баб, Бекет ата, т.с.с.) кесенелеріне бара қалсаңыз, айналасындағы сауда сөрелерінде қаптап тұрған көзмоншақтарды байқайсыз.
Тәуап етушілердің, зияратшылардың ішкі сенімі мен қорқынышын саудагерлер өте жақсы пайдаланады. Киелі орынның қасиетіне сеніп келген адам «осы жерден алған моншақтың киесі бар, қорғайды» деген оймен жасанды моншақтарды сатып алады. Зияратшылар жансыз бұйымға сеніп, өздерін «қорғалдым» деп алдайды.
Киелі мекендердің рухани тазалығын насихаттаудың орнына, ол жерде Қытайдан жаппай әкелінген пластмасса немесе әйнек моншақтардың сатылуы – жай ғана маркетинг пен бизнестің көрінісі. Дін наным мен коммерцияның бұлай тоғысуы саналы адамда сұрақтар мен ішкі қарсылық тудыруға тиіс.
НЕГІЗГІ СҰРАҚ: Жасанды көзмоншақта көз бен сұқтан сақтайтын қуат бар ма?
«Сақтықта қорлық жоқ» деп сақтана бастағанда, көпшіліктің көңілі бірден көзмоншаққа ауады. Алайда бүгінгі таңда дүкендерде қаптап тұрған жасанды, пластмассадан немесе қарапайым әйнектен жасалған көзмоншақтардың сұқтан қорғай алуы өте күмәнді. Оның бірнеше себебі бар.
1. Энергетикалық және табиғи негіздің жоқтығы
Ежелде бабаларымыз бойтұмар ретінде табиғи тастарды (ақық, бирюза, зүбаржат) немесе күмісті пайдаланған. Ал зауыттан жаппай шығарылған пластмасса немесе жасанды моншақта мұндай табиғи қуат та, энергетикалық қорғаныс та болмайды.
2. Психологиялық назарды аудару
Этнографияда көзмоншақтың басты қызметі – сұқтанушының алғашқы көзқарасын өзіне аудару деп түсіндіріледі. Яғни, адам сәбиге қарағанда, алдымен жарық, ашық түсті моншаққа көзі түсіп, негативті энергияның алғашқы соққысы моншаққа тиеді-мыс. Дегенмен, қазіргі жасанды моншақтар тек сәндік аксессуар денгейінен аса алмайды. Адам өзін немесе баласын тек пластмасса кесіндісіне сеніп тапсырса, бұл шынайы қорғаныс емес, жай ғана өзін алдау болып шығады.
3. Дүниетанымдық және діни көзқарас
Діни ұстанымдарға сүйенсек, адамның өмірін, денсаулығын немесе бағын жансыз зат сақтайды деу – қате түсінік. Жансыз затқа (оның ішінде жасанды моншаққа) қорғаушы ретінде сенім арту адамды адасушылыққа алып келеді.
Сонымен, «мойныма пластмасса моншақ тағып қойдым, енді маған ештеңе тимейді» деген жаңсақ пікірден арылып, іс жүзінде не істегеніміз жөн?
- Ең алдымен, арзан зауыттық бұйымдардың орнына бабалар жолына оралып, отандық таза күміске басымдық берген абзал. Химия және медицина ғылымдарында күміс иондарының микроорганизмдер мен бактериялардың өсуін тежейтін асептикалық қасиеті, бактерицидтік, микробқа қарсы емдік касиеті толық дәлелденген. Сонымен бірге ол жағымсыз биоэнергетикалық импульстерді бейтараптандыратын табиғи металл саналады.
- Екіншіден, ең басты қорғаныс – сөздің құдіреті мен ақ ниетте екенін ұмытпаған жөн. Бөгденің перзентіне, әдемі затына немесе біреудің жетістігіне сүйсінгенде, ішкі таңғалысты бірден «Тіл-көзім тасқа! МашаАллах, тіл-көз тимесін!» деген ақ тілекпен қоршап айту мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Себебі таза сөз бен ізгі ниет кез келген жасанды тастан да, пластмассадан да әлдеқайда қуатты әрі сенімді қалқан!
Жасанды көзмоншақ – сұқтан сақтайтын сиқырлы сауыт емес, тек әдемілік үшін тағылатын қарапайым бұйым. Ал шынайы қорғаныс адамның ішкі сенімінде, ниетінде, тазалығы мен шынайы тілегінде!
Төре СЕЙІТХАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Балаға ат қоярда АЗАН ШАҚЫРУ міндетті ме?
«ДАЛА» әлде «ОДИССЕЯ»: Қазақ көрерменінің таңдауы қайсы?
Әлемдегі ЕҢ ЕРКЕТОТАЙ балалар. АТАҚ пен БАЙЛЫҚтың бала тәрбиесіне әсері


