​«ЖЫЛУ ЖИНАУ» дәстүрі бірігуге үндейді

0
269

"Жылу жинау" жалғасып келе жатқан дәстүр.


​«ЖЫЛУ ЖИНАУ» дәстүрі бірігуге үндейді

фото: ru.pinterest.com

Бұл дәстүрдің әлі күнге дейін өзектілігін жоғалта қоймағаны қуантады. «Адамның күні адаммен» дегендей, кейде адамның басына қандай жағдай түсетінін ешкім білмейді, сондықтан, мұндай қиын жағдайларда таныс, туыс адамдардың бір-біріне көмек көрсетіп, қол ұшын созуы әлбетте үлкен көмек.

Қазақта «аштықта жеген құйқаның дәмі таңдайдан кетпес» деген аталы сөз бар емес пе?! Шынында да адам қатты қиналып, тығырыққа тірелгенде өзгеден көмек күтеді. Сондай көмек қолын созатын жан табылса, оны ешуақытта ұмытпайды, өле-өлгенше айтып жүретін болады көрген жақсылығын.

Адам бұл өмірге қонақ болып келгендіктен, бір-біріне мейірімді, жанашыр болып, жетпей жатқан жеріне болысып жіберсе қандай керемет.

Осы дәстүрдің бұрыннан бар екендігін білгеніммен, оның қалай орындалатынын көрмеген едім осы кезге дейін. Бірақ шынында да қазақтың осы дәстүрі адамдардың арасын жақындатып, туыстық-бауырмалдылыққа үндейді екен.

Жолдасымның сыныптастарының ішінде қайғылы жағдайға душар болып, көмек сұраған кезінде қолдан келгенше барлығы атсалысып, жең ұшынан жалғасып, көмек көрсетіп бақытсыздықтан құтқарып қала алғандарын көргенде сүйсіндім. Достар арасында да, ағайын арасында да ауызбіршілік осындай кезеңдерде көрінеді екен. Ол да алғысын жаудырып, «Сендер болмағанда қайтер едім? Алладан қайтсын, барлықтарыңа үлкен алғысымды білдіремін. Қиналғанда бір-бірімізді осылдай қолдап отырсақ, біз алмайтын қамал жоқ» деп көңілі босап, көзіне жас алып қалғаны бар еді.

Өзімнің де бала кезден бірге өскен құрбым ауыр дертке шалдығып, үлкен көлемде қаражат керек болған кезде де достарымыздың ешқайсысы аянып қалмады.

фото: YouTube

Жеке адамдарды, жақын-жуық пен таныстарға көмек көрсетуді былай қойып, елімізде болып жатқан табиғи апаттарда немесе жаппай халықтық дүрбелең туындап, панасыз қалған, қорғансыз қалған халыққа бүкіл елден, жер-жерден көмек көрсетіп, қанымыз бір қазақпыз, туыспыз деп танымайтын болса да олардың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, қолындағы барымен бөлісіп жатқан еліміздің ұлттық коды өзгермегенін көреміз. Ата-бабаларымыздың қанымен келген, ананың сүтімен дарыған жанашырлық, көмек көрсетуге ұмтылу деген секілді жақсы қасиеттердің жойылып кетпегеніне шүкір.

Әйтпесе, қазір «адамдарда мейірім қалмаған, жаны ашымайды. Қоғам қатыгез болып бара жатыр» деп сөгетін жандар көп. Бәлкім, оған да себеп бар шығар, ел іші болған соң, әр түрлі жағдайлар кездесіп тұрады. Оны да жоққа шығара алмаспыз. Бірақ, көбіне көп жақсылықты насихаттап, өзіміз мұрындық бола білсек, кейінгі ұрпақ та соған бейімделеді ғой. Жақсылықтың жаршысындай, үлгі боларлықтай жағдайларды кеңірек насихаттасақ, жамандық өз-өзінен жойылмай ма? «Қуанышты бөліссең, көбейеді, қайғыны бөліссең азаяды» дегендей, жақыныңның басындағы жағдайды бөлісу керек. Сонда қуанышын еселеп, қайғы-мұңын азайта аламыз деп ойлаймын.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Жаназадан соң НЕГЕ басқа үйге БАРУҒА БОЛМАЙДЫ?


Қолға су құюдың 7 ӘДЕБІ бар. Ол ҚАНДАЙ?