"Балам үшін бар дүниемді әйелімнің атына жазып бердім": азамат қандай қателік жасағанын айтты

0
227

«Саған ендігі жерде қайта сенім артуым қиын»


Сурет: i.pinimg.com

"Тағдырымның екі тарау жолында тұрған секілдімін. Біресе бақытты сияқтымын, кейде бақытсыздықты сезінем. Неге бұлай екенін түсінген де сияқтымын. Өткен өміріме көз жүгіртіп қарасам, талай қорғансыз, нәзікжанды әйелдердің, дұрысын айтқанда қыздардың көз жасына қалғандаймын. Мен де бойдақ болдым, сол кезде ештеңені тереңінен ойламағандықтың кесірі ғой. Ұқтырған – өзім кезінде бас тартқан ұлым."

Орта жасқа жеткенше сан рет адасып, тура жолын қайта тапқан азаматқа мұндай жайтты өзіне мойындау да, өзгеге айту да оңай емес. Сөйте тұра, бар ерік-жігерін жиып, ERNUR.KZ порталының тілшісіне баяндап берді.


"Әкем – белді қызметкер, лауазымы бар адам болды. Мен оның ұлдан жалғызымын. Ештеңеден кемдік көрмедім. Ақылым мен келбетім кісі қызығарлықтай емес. Бірақ «қолымда наным» болғандықтан, айналамда дос пен қыз-қырқын көп болды. Отбасын құрғасын да тыйылмадым теріс жүрістен.

Сондай күндердің бірінде сыртқы қақпа тарсылдап, есікті өзім аштым. Алдымда жеті жасар бала мен орта жастағы ер адам тұрды. Маған жұмыспен келген болар деп ойладым. «Мына баланы көрдің бе? Анасы жақында өмірден өтті. Есімі – Алуа. Сен жақсы танысаң керек» деді ол амандасқан соң бірден сөздің турасына көшіп.

Менің өмірімде Алуа, Алмалар, Алиялар көп болған. Есіме түспеді. Әлгі кісі бұны да сезген сияқты. Маған телефонынан бір қыздың суретін көрсетті. «Қысқасы, бұл бала сенікі. Балдызым жол апатынан қаза болды. «Әкесі тірі ғой, өзіне тапсырайын, маған қарағанда өзі жақсы тәрбиелер» деп алып келдім. Оның үстіне, өзімнің де алты балам бар, бұны асырап жеткізу маған қиын" деп жағдайын айтты.

«Кім көрінген жетім қалған баланы алдыма әкеле берсе, бәрін алып қала беруім керек пе? Менің балам екенін дәлелде!» дегім келген еді. Айтпай тұрып, көзімнен оқып қойды ма, "Көзіңді ашып қара, өзіңнің аузыңнан түсіп қалғандай аумайды» деді. Айтса айтқанындай-ақ, басқа дәлел керек еместей. Өзім барлығын түсініп тұрмын. Факт деген осы болар. Қарсы ештеңе дей алмадым.

Солай абдырап, сөзім аузымда қалғанда әлгі кісі «Баланы иесіне тапсырдым, менің жұмысым бітті» дегендей, телефон номері жазылған тілдей парақ пен баланың құжаттары салынған папканы қолыма ұстатып, қоштасып, көлігіне отырып кете барды.

Не істерімді білмей, қолымдағы құжатқа бір, алдымдағы балаға бір қараймын. Ақыры балаға жақын келіп, оны сөзге тарттым. «Атың кім?» – «Арслан».

«Арслан?» Алуамен соңғы сөйлескенім есіме түсті. Ол маған жүктілігі туралы айтты. Мен әрине: «Баланы алдыр. Өзің де түсініп тұрсың, саған үйлене алмаймын, менің әйелім бар екенін білесің», - дегенмін. Ол болса көзіме тік қарап отырды да, «Мен бұл баланы алдыра алмаймын. Оған есім де таңдап қойғанмын, Арслан!» деді. «Маған десең, Арслан емес, Арыстан тусаң да, саған ештеңе бере алмаймын. Баланы алдыр!» деп алдына бір бума ақшаны ысырып қойдым. Ол үн-түнсіз басын төмен түсіргеніне қарап келісті деп ойлап, кетіп қалғанмын.

Содан кейін хабарым болмаған. Міне, сол Арслан жанымда отыр. Көзқарасы ойлы, жанары терең. Жеті жасар ойын баласы емес, біршама өмірді көрген ересек адамның көзқарасы.

Балаға қарап «Білесің бе, Арслан. Мен сені әзірге бұл үйге кіргізе алмаймын, басқа жерге апарайын. Сол жерде тұра тұрасың, жарай ма?» деп әпкемнің үйіне алып келдім. Әпкеме де бар жағдайды түсіндірдім. Ол болса көзіне жас алып,баланы құшақтап, маңдайынан сүйіп, айналшықтап жүр.

Ал енді әйеліме қалай түсіндірем? Онсыз да талай опасыздығымды кешірді. Жақында ғана қымбат әшекей сыйлап, әрең жұбатып едім. Енді мына жағдайды естісе не болады? Осындай қауіппен әйеліме жақ аша алмай біраз жүрдім.

Уақыт өтіп жатты. Таң қаларлығы, мен бір көріп-ақ, Арсланды жақсы көрдім. Әкелік мейірім енді ғана оянған сияқты менде. Жұмыстан қайтарда көруге асығамын. Екеуміз ұзақ сөйлесеміз. Өте ақылды, қандай сұрақ қойсаң да жауабы дайын. Бір күні одан сұрадым: «Анаң мен жайлы не деуші еді?» Арслан: «Әкең ақылды, күшті, жақсы адам. Бірақ өзімшілдігі басым және қорқақ деген...» «Ммм, сен де солай ойлайсың ба?» деген сұрағыма «Иә, олай болмаса, мені бұл үйге жасырмас едің» деді жұлып алғандай.

Баламның осы сөздері жүрекке барып қадалды. Ешкім дәл бұлай намысыма тиген емес. Дереу киімдерін сөмкеге салып алдым да, оны үйге әкелдім. Әйеліме болған нәрсені болғандай айттым. Олай етпесем, Арслан да маған ұқсап шықпай ма ертең?

Әйелім екі баламды алып, төркініне кетіп қалды. Түсіндіруге әрекет еттім. Бірақ ол «Не мені балаларыммен бірге, не тастанды балаңды таңда!» деп шарт қойды. «Тастанды» деген сөз рас болса да, жүрегіме қатты батты. Әйелімнің ажырасам дегеніне келіспей, тағы біраз уақыт кішірейіп алдына барып, қайта-қайта кешірім сұрап жүріп райынан қайтардым.

«Саған ендігі жерде қайта сенім артуым қиын» деп, дүние-мүліктің көпшілігін өз анасының атына жазып беруін талап етті. Оған да көндім. Бүкіл дүние-мүлкіміз бөлінді. Қазір басымда бір-ақ баспанам мен астымдағы көлігім қалды. Бірақ налымаймын. Дүнием ортайса да, жауапкершілік пен нағыз әке болуды сезіндім.

«Тастанды» атанған ұлым қазір некелі үш баламмен, өз бауырларымен бірге, әке мейіріміне олармен бірдей бөленіп өсіп жатыр. Өмірімдегі ең үлкен сабақты да, үлкен бақытты да үйреткен – осы ұлым."