«Осымен қош-сау бол. Мені сен көрме, сені мен көрмейін»
Сурет: i.pinimg.com
"Ер жігіттердің тәрбиесінде қандай қателік кеткен? Бәрі әйтеуір басынғысы, алмай тұрып бағындырғысы келеді"
Айналасындағылар "отырған қыз" деп атайтынына ашынған бойжеткен ERNUR.KZ порталының тішлісіне осындай сұрақты төтесінен қойды. Әңгімесін тыңдағаннан кейін барып неге сөзді бірден бұлай бастағаны түсінікті болды.
"Жасым 27-де, тұрмысқа шықпағанмын. Жақындарым «Күйеуге қашан тиесің? Жасың өтіп барады ғой» деп жиі айтады. Қалай тиесің, кездескен жігіттердің көбі ұнамай тұрса?
Ер жігіттердің тәрбиесінде қандай қателік кеткен? Бәрі әйтеуір басынғысы, алмай тұрып бағындырғысы келеді. «Жасың келген сайын таңдап қаласың. Негізі мінсіз адам жоқ қой. Кейбір кемшіліктеріне көз жұму керек» деді құрбыларым, жеңгелерім. Сонымен "жарайды" деп, сөз салған бір жігітпен біраз жерге дейін барғанмын. Бірақ, мына жағдайға куә болғанда, ары қарай көз жұма алмадым.
«Ұялатын жас қыз емессің ғой, үйге қонаққа келсейші. Үйдегілер де шақырып жатыр. Түбінде үйленетін болсақ, бір-бірімізді сыртта ғана емес, үйде де көріп үйренейік» деген болатын жігітім қалжыңы мен шынын араластырып. Алғашқы сөзі жақпай қалғанмен, кейінгі ойы көкейіме қонғасын «Жарайды» дедім.
Бардым. Ата-анасы мен туыстары жиналып отыр дегесін дұрыстап дайындалып келгенмін. Кішкене қобалжып та тұрдым. Бірақ табалдырықтан аттаған сәттен бастап өзімді бұл үйге мүлде бөтен сезіндім.
Мені ешкім жылы қарсы алмады. Кіре сала «Кейін бәрібір орның осы болады ғой, үйрене бер» деп есік жақтағы орынға отырғызды. Әзілдегенсіді, әрине, бірақ менің ойымша, орынсыз болды. Бір кезде «Қызым, апаларыңа шәй құйып отыр, кеселерін күтіп қалмасын» деді тамақ салып жүрген болашақ «енем».
Менімен танысып-біліскісі кеп тұрған ешқайсы жоқ, өзара күліп, әңгіме-дүкен құрып отырды. Ең жаманы, көп нәрсесіне көз жұмып, болашақ күйеуім болады деп жүрген адам да мен жайлы ұмытып кеткен сияқты. Апаларына қосылып шай мен әңгімені соғып отыр.
Ішім күйіп, көңілім қалды. Өзімді сыйламайтын жерден кеткім кеп тұратын әдетім бар, ерте қайттым. Бірақ үндемеген күйі. Тек ішімнен «Мінсіз адам жоқ деп біраз кемшілігіне көз жұмдым. Бірақ тап бұндайларына көз жұма алмайтын шығармын» деген ойды мың мәрте қайталадым.
Түнделетіп қоңырау соққан жігітке бар ойымды ашығынан айтып, «Осымен қош-сау бол. Мені сен көрме, сені мен көрмейін» дедім. «Не бопты? Онда тұрған не бар? Мен болашақ келіндеріңіз дегесін сені солай қабылдаған ғой. Қайта жақсы емес пе?» деп түк түсінгісі келмейді. "Болашақ келін" десе болды, қалағанымызша жұмсай береміз деп ойлай ма сонда?
Босағасын аттап, орамалын салмағасын, уәдемді беріп, некесін қимағасын, мен олар үшін әлі келін емеспін. Бөгде үйдің бойжеткенімін. Сондықтан ең болмаса бірінші баруымда "келін" деп емес, "қонақ" деп қабылдаулары керек еді. Ондай жанұяға түссем, жылдар өте илеулеріне көніп, қалыптарына құйылып, өзімді адам емес, тұрмыстық шаруаларды тындыратын техника, ештеңеге қатысы, пікірі жоқ жиһаз сезінетін болармын. Тіпті жігіт мінсіз болып, жүз пайыз көңілімнен шығып, махаббатым лаулап тұрса да, ондайға келісе алмайды екенмін.
Бөтен үйге алғаш келген қызға бірден үй шаруасын жүктеу – кісілікке жат емес пе? Әлде менің түсінігім теріс пе? Білмеймін, мен де ес білгелі осы өңірде өсіп келемін. Ешбір туысымнан, таныстарымнан жігіттің жанұясымен танысуға келген қызға ондай қарым-қатынас жасағанын көрмеппін."


