Жүрек-қан тамыр ауруларына шалдықпаудың амалы - С дәруменіне бай азық-түліктерді ас мәзіріне қосу.
Әлемде өлімнің көбі жүрек-қан тамыр ауруларынан болады екен. Көбіне өзіміз де бір жақынымыздың өмірден озғанын естісек, оның не инсульттан, не инфаркттан дүние салғанын біліп жатамыз. Ғалымдар әлем бойынша ең қауіпті әрі адамдар жиі қайтыс болатын аурулардың бірі деп жүрек-қан тамыр ауруларын атап отыр. Себебі қазіргі таңда барлық аурулар секілді жүрек аурулары да жасарған. Бұрындары мұндай ауруға тек жасы жеткен кемпір-шалдар шалдығатын болса, бүгінде, тіпті, уыздай жап-жас қыз-жігіттер жүректің талмасына ұшырауда.
Бірақ осылай деген күннің өзінде дәрігерлер жүрек-қан тамыр ауруларының да алдын алуға болатынын айтып дабыл қағуда. Қанның қоюлануынан қан тамырларында тромб пайда болып, жүрек-қан тамыр жүйесінің жұмысы бұзылады. Міне, осыдан кейін жүрек-қан тамыр аурулары пайда болады. Ал алдын алу үшін алдымен қан тамырларының қабырғаларын нығайтып алу керек. Мұндайда С дәрумені жақсы көмекші бола алады. С дәруменінің дәріханалық түрін сатып алып пайдалануға да болады. Дегенмен табиғи дәрумендерге ештеңе жетпейтіні белгілі. Сондықтан да ас мәзіріне мән беріп, С дәруменіне бай итмұрын, болгар бұрышы, туралған қырыққабат, қара қарақат, киви сынды азық-түліктерді қосып, көбірек жеуді қолға алу керек. Цитрусты жемістердің де С дәруменіне бай екенін білеміз. Бірақ мына айтылған азықтарда С дәрумені молырақ. Егер қажет деп тапсаңыз лимон мен апельсинді де жеген артықтық етпейді.
- Денсаулықты нығайту үшін ағзаға майлар да қажет. Мәселен, қызыл балықты аптасына 3 рет жеу керек дейді дәрігерлер. Сондай-ақ, зығыр дәні мен балқарағай жаңғағын да дәл осылай жеп тұру маңызды. Қызыл балық пен жаңғақтарда артериалдық қан қасымын реттеп отыратын магний мен омега-3 май қышқылы бар.
- Қызыл балықтың қымбат түрін ала алмасаңыз, кәдімгі майшабақты (селедка) сатып алыңыз. Оның құрамы да осы заттарға бай.
- Ағзада зиянды холестериннің көбейіп кетуі де ағзаға айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Мұндай холестериннің деңгейін төмен түсіруге сарымсақ пен пияз және В тобындағы дәрумендер жақсы көмектеседі.
- Жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алатын бірден бір ем – ол спорт, қимыл-қозғалыс. Егер жаяу жүруді немесе жүгіруді күнделікті әдетке айналдыратын болсаңыз, денсаулығыңыздың нығайтып, күн өткен сайын жасарып келе жатқаныңызды байқайсыз. Денсаулығыңыз да еш сыр бермейтін болады. Әсіресе бұл жүрек-қан тамыр жүйесіне жағымды әсер етеді.
- Қай аурудың болмасын алдын алуға болады. Тек қана өз ағзаңызды дұрыс сезініп, алдын ала түрлі анализдер тапсырып, ішкі ағзаларды УДЗ-ға түсіріп, денсаулыққа толықтай көңіл аударыңыз. Сонда дәрігерлер қай ағзаңызда ақау бар екенін, қалай емделу керектігін айтып, аурудың алдын алуға көмектеседі. Адамға бұл үшін тек 1-2 күн ары кетсе 1 апта уақыт керек. Жыл сайын осылай денсаулығыңызды тексертіп, барлық мүшеге мән беретін болсаңыз, ұзақ жасайтыныңыз анық.
Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Мына САЛАТТАР салмағыңызға АРТЫҚ КЕЛІ қостырмайды