Адам денесінің мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдейтін 12 рекорд

0
125


Адам денесінің мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдейтін 12 рекорд

Сурет: i.pinimg.com

Адам ағзасы – табиғат жаратқан ең күрделі әрі ең төзімді жүйелердің бірі. Дұрыс жаттығу, темірдей тәртіп, шыдамдылық пен мақсаттың арқасында адам өз мүмкіндіктерінің шегін қайта-қайта кеңейтіп келеді. Біз күнделікті өмірде жиі жасайтын әрекеттерге — жүру, жүгіру, жүзу, секіру, ауыр көтеру, тыныс ұстау сияқты қимылдарға қатысты ең әсерлі рекордтарды жинақтадық. Бұл жетістіктер кәсіби спорт пен Гиннестің рекордтар кітабында тіркелген және адам денесінің шексіз мүмкіндігін айқын дәлелдейді.


  • Тосикадзу Яманиси, Жапония
  • Жылдам жүріс

2025 жылы жапон спортшысы 20 шақырым қашықтықты 1 сағат 16 минутта жүріп өтіп, орташа 15,75 км/сағ жылдамдық көрсетті. Бұл – қарапайым жүріс емес, аса жоғары техника мен төзімділікті талап ететін спорттық жүріс. Мұндай жылдамдықты бір сағаттан астам уақыт сақтау – адам ағзасы үшін өте ауыр сынақ.


  • Усэйн Болт, Ямайка
  • Қысқа қашықтыққа жүгіру жылдамдығы

2009 жылы Усэйн Болт 100 метрді небәрі 9,58 секундта жүгіріп өтіп, адамзат тарихындағы ең жылдам спринтер атанды. Оның ең жоғары жылдамдығы 37,58 км/сағ-қа жеткен. Бұл рекорд әлі күнге дейін жаңарған жоқ және Болтты «Желаяқ адам» деген атаққа жеткізді.


  • Джошуа Чептегеи
  • Ұзақ қашықтыққа жүгіру жылдамдығы

Угандалық желаяқ 2020 жылы жылдамдығымен жұртшылықты таңдай қақтырды. 26 минут 11 секундта 10 шақырымды артта қалдырған Джошуа Чептегеи 22,91 км/сағ көрсеткішімен рекордтар кітабынан орын алды. Ұзақ қашықтықта мұндай қарқынды сақтау – и табанды жаттығу арқылы келген ерекше тыныс, жүрек және бұлшық ет үйлесімінің нәтижесі.


  • Сезар Сиело, Бразилия
  • Жылдам жүзу

Рекорд авторы тарихи көрсеткішті 2009 жылы орнатқан. Бразилиялық спортшы еркін үлгіде су айдынындағы 50 метрді 20,91 секундта жүзіп өтті. Бұл көрсеткіш суда қозғалу үшін аса зор күш пен техникалық дәлдікті қажет етеді. Рекордтар тізіміндегі ресми көрсеткіші (орташа жылдамдығы) – 8,61 км/сағ.


  • У Дацзин, Қытай
  • Конькимен жүгіру жылдамдығы

2018 жылы қытайлық спортшы 500 метрді 39,5 секундта сырғанап өтіп, 45,56 км/сағ жылдамдыққа жетті. Мұз үстіндегі мұндай қарқын мінсіз тепе-теңдік пен аяқ күшін талап етеді.


  • Харри Лаврейсен, Нидерланды
  • Велосипед тебу

2024 жылы тректе 200 метрді 9,09 секундта жүріп өткен Харри Лаврейсеннің орташа жылдамдығы 79,23 км/сағ болды. Бұл – адам күшімен қозғалған ең жылдам көрсеткіштердің бірі.


  • Кристофер Спелл, АҚШ
  • Бір орыннан секіру биіктігі

2021 жылы Кристофер Спелл орнынан 1,7 метр биіктікке секіріп, рекорд орнатты. Бұл жетістік аяқ бұлшық еттерінің жарылғыш күші мен мінсіз дайындықтың нәтижесі.


  • Карлос Насар, Болгария
  • Көтерілген ең ауыр салмақ

2024 жылы болгариялық зілтемірші 81–89 кг салмақ дәрежесінде 224 кг салмақты серпе көтеріп, әлемдік рекорд орнатты. Бұл – адам күшінің шегіне жақын көрсеткіш.


  • Бранко Петрович, Сербия
  • Аквалангсыз су астында тыныс ұстау

2014 жылы Бранко Петрович су астында 11 минут 54 секунд тынысын ұстап тұра алды. Мұндай нәтиже — тыныс бақылауы мен психологиялық төзімділіктің биік деңгейі.


  • Алексей Молчанов, Ресей
  • Аквалангсыз сүңгу тереңдігі

2018 жылы Алексей Молчанов 130 метр тереңдікке сүңгіп, рекорд орнатты. Бұл адам ағзасына қысымның аса жоғары деңгейіне төтеп беруді талап етеді.


  • Поп Лаурентиу, Ұлыбритания
  • 1 сағаттағы кері серпілу саны

2023 жылы ол 1 сағатта 3378 рет кері серпілу жаттығуын жасады. Әрбірін шамамен 1,07 секундта орындаған. Бұл – төзімділік пен күштің айрықша үйлесімі.


  • Кейн Экштейн, Аустралия
  • 1 сағаттағы тартылу саны

2022 жылы Кейн Экштейн 1131 рет тартылып, бір тартылуды орта есеппен 3,18 секундта орындады. Бұл арқа мен қол бұлшық еттерінің аса мықтылығын көрсетеді.

Бұл рекордтар адам денесінің мүмкіндігі өзіміз ойлағаннан әлдеқайда кең екенін дәлелдейді. Тәртіп, еңбек пен табандылық арқылы адам өз шегін қайта-қайта жаңарта алады. Бүгін рекорд орнатқан бұл адамдар — ерік-жігердің, шыдамдылықтың және адам потенциалының айқын дәлелі.

Әрбір жетістік – кездейсоқ табыс емес, ұзақ уақытқа созылған тұрақты еңбек пен сауатты жаттығудың нәтижесі. Дұрыс жоспарланған дайындық, тәртіп пен табандылық бар жерде мақсатқа жетпеу мүмкін емес. Сондықтан өз әлеуетіңізді бағаламай, мақсатыңыздан тайқып кетпеңіз. Қандай мақсат қойсаңыз да, соған жетудің жолы — үздіксіз қозғалыс пен саналы жаттығуда. Бүгін жасаған бір қадамыңыз ертеңгі үлкен нәтижеге бастайтынын ұмытпаңыз.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Ұйқыңыз ашылмай, маужырай бересіз бе?