Кацудзо Нишиге дәрігерлер бар-жоғы 18 жыл өмір сүретіндігін айтқан. Ал Ниши ойлап тапқан жүйесі арқылы өзін-өзі емдеп, соның нәтижесінде 75 жыл ғұмыр кешеді.
Әрбір адам өз денсаулығының мықты болғанын қалайды. Бүгінгі күні «басты байлығын» сақтағысы келгендердің дені фитнес залдарынан табылуда. Сонымен қатар, үй жағдайында жаттығу жасауды әдетке айналдырғандар да көптеп кездеседі. Әрине, бұл – дұрыс шешім. Дегенмен, сауықтыру көзі тек жаттығу деген біржақты пікірден аулақ болғанымыз жөн.
Денсаулықты сақтау және денені сауықтырудың жолдары жайлы сөз қозғалғанда жапондық Кацудзо Ниши жайлы айтпай кетуге болмас. Себебі, оның өмірі мен атқарған еңбектері назар аударуға тұрарлық. Кацудзо – денені сауықтыру мен ағзаны жасартудың жүйесін жасаған жан. Дәрі-дәрмексіз. Тек өз күшімен.
Кацудзо Ниши (1884-1959). Айкидо ұстазы, денсаулықты жақсартудың нәтижелі жүйесін жасаған жаттықтырушы.
Кацудзо Ниши кішкентай күнінде аурушаң әрі өз қатарластарынан әлдеқайда әлсіз болған көрінеді. Оның балалық шағы дәрігерлердің есігін торуылдаумен өткен. Ақ халаттылар оның түрлі дертімен күрсіп отырған. Бір дертін емдесе, екінші бір дерті қылаң беретін. Тіпті бір дәрігер Нишидің 20 жасқа жетпейтінін айтқан деседі. Алайда ол 75 жыл өмір сүрген.
Ауруы жанына батқан бала дертімен күресуді өзі қолына алады. Ол жастайынан ережелер ойлап тауып, сол ережелермен өмір сүре бастаған. Кейін келе сол ережелер сауықтыру мен жасарудың жүйесі ретінде қалыптасып, Жапония елінде ғана емес, бүкіл әлемге танымал болды.
Ниши жүйесінің ең маңызды қағидасы
Кацудзо жүйесіндегі ең негізгі 4 элемент:
- Тамақтану. Ниши тағам арқылы ағзаны емдеуге де, улануға да болады дейтін. Ол дәрі-дәрмектер мен синтетикалық дәрумендерді пайдасыз санаған. Ағзаға қажетті заттарды тек құнарлы тағамнан алуға болады деп есептеген.
- Аяқ – біздің денеміздің негізгі тірегі. Кацудзо Ниши аяқ арқылы бойымыздағы жұмсалған қуат шығып кетіп және жаңа қуат енеді деген.
- Рухани жай-күй (писихика). Жүріс-тұрысымыз, сезім мен ойымыз біздің өмірімізді басқарып отырады. Олар адам денсаулығына да әсер етеді.
- Тері. Ниши теріні "қорғаушы тыс" деп атаған.
Осы негізгі 4 элемент дұрыс болғанда ғана денсаулық жақсара түспек. Ал ол үшін, яғни бәрі қалыпты болуы үшін Кацудзо денсаулықтың «6 алтын қағидасы» деп аталатын жүйе ойлап тапқан. Бұл жүйе өте қарапайым, ал оны орындауға ниет пен шыдам қажет.
Кацудзо Ниши ұсынған 6 алтын қағида
1. Қатты төсек
Замануи өмір салтымыз бізді тек жұмсақ төсек пен құс жастыққа жатуға үйретіп тастады. Біз өзімізді патша мен патшайымдардай сезінеміз десем де артық айтпаймын. Патша емей немене, егер төсегіміз сәл қатты болса, не жастық болмаса ұйықтауға қиналып жатамыз. Бірақ, Кацудзо Ниши мұның бәрін бос әурешіліке балайды.
Иә, Кацудзо тек қана қатты төсекте ұйықтауға кеңес береді. Көз шырымын алуға тегіс еден мен тақтай да жарайды дейді ол. Бірақ, жайлы төсекке жастанып үйреніп қалған жандарға мұндай өмірге көндігу қиын. Әрі бірден бас кешуге де көнбесі анық. Сол себептен де алдымен қалың емес, қаттылау матрасқа жатуға кеңес береміз. Осылай, бойды үйретіп алу керек.
Қатты төсектің қандай пайдасы бар?
- Бұл - омыртқа жотасы үшін ең қажетті тірек. Тек тегіс әрі қатты төсекте жатқан кезде ғана күні бойғы жүріс-тұрысымыз кезінде тайған немесе шыққан омыртқа сүйектері қалпына келеді екен.
- Бауыр ауруын емдейді және алдын алады. Жұмсақ төсек осы ағзамызды босаңдатып жібереді.
- Қанның емін-еркін айналуына септігін тигізіп, қан жүрек пен бауырдың ұшына дейін жетеді.
- Зат алмасуды тездетіп және қан тамырларын тазаруына әсер етеді.
- Ішектердің жұмысын жақсартады.
- Жүйке жүйесін қалыпқа түсіреді.
- Дене мүсініңізді дұрыстайды.
- Бүйрек пен өкпенің төмен түсуінің алдын алады.
- Терідегі зат алмасуды жақсартады.
2. Жастықтың орнына валик (цилиндр жастық)
Кацудзо жұмсақ жастықты да құп көрмейді. Оның орнына жұмыр, цилиндр жастық - валикті қолдануды ұсынады. Ол валикті мойын астына қою керек деген. Біздің, үшінші және төртінші мойын омыртқамызды дәл осындай валик тіреп тұруы тиіс дейді ол.
Жұмыр жастықтың биік не аласа болуы өз қалауыңызша. Ең бастысы мойын омыртқасы түзу тұрса болғаны.
Мұндай жастықпен шалқаңыздан жатып ұйықтау керек. Түні бойы бір қалыпта ұйықтау керек деген қағида жоқ. Біраз уақыттан соң бір қырыңыздан, тіпті етпетіңізден жатып та көз шырымын алсаңыз.
Кацудзодоның пікірінше мұндай қалыпта ұйықтауға үйрену үшін 3 апта қажет. Содан соң желкенің ауырғаны басылып, барлық қолайсыздықтар жоғалады.
Сонымен бірге, Кацудзо бастапқы кезде қатты төсек пен валикте тек 15-20 минут жатып, бойды үйретіп алу керек екенін жеткізген. Кейін келе уақытты ұзартып отыру қажет.
Қатты жастық денсаулығыңыздағы ақауларды анықтауға мүмкіндік береді. Егер валикке басыңызды қойған кезде ауырсынғанды сезсеңіз, демек сіздің омыртқаңыз бен ішектеріңізде ақау бар.
Жұмыр жастықтың пайдасы қандай?
- Мидағы қан айналымды жақсартады.
- Мойын омыртқаларының тайғанын дұрыстайды.
3. "Алтын балық" жаттығуы
Бұл жаттығу кеңселерде қызмет ететін жандарға, яғни қимыл-қозғалысы аз адамдарға өте пайдалы. Аз қозғалу біздің денсаулығымызға кері әсерін тигізбей қоймайды.
Жас ұлғайған сайын омыртқааралық диск пен шеміршектегі сұйықтық азайып, иілгіштігі жоғалып, үйкеле бастайды. Бұл омыртқаның қысқаруына әкеп соғады. Ал, дәл осы жағымсыз жағдайды болдырмаудың жолын тағы да Кацудзо тауып берді. Ол тек омыртқаға ғана емес, жүрек-қан тамырлары мен жүйке жүйесіне де оң әсер беретін жолды ұсынды. Әрине, бұл - жаттығу.
"Алтын балық" жаттығуының пайдасы:
- тамырлардағы қан айналымды қалыпты етеді;
- жүректің жұмысын жақсартады;
- зат алмасуды жылдамдатады;
- кіші жамбас жұмысын дұрыстайды.
Жаттығу қалай жасалынады?
Бастапқы қалып - жерге шалқаңыздан жатыңыз. Қолдарыңызды жоғары қарай, аяқтарыңызды төменге қарай созасыз. Аяғыңыздың ұшын, яғни башпайларыңызды өзіңізге қарай тартасыз. Аяқтарыңыз еденге тиіп тұрсын. Кейін екі қолыңызды бүгіп, мойын астына қоясыз. Ақырындап денеңізді тербелтіңіз. Суда жүзген балық секілді әсерге бөленесіз. Дененің дірілі 1-2 минуттан аспасын. Бұл жаттығуды таң ертең және кешке жасауға кеңес береміз.
Есте сақтаңыз! Тербелген кезде омыртқа қимылдамауы қажет. Оң және сол жаққа қарай тербелгенде тек қана желке мен табандар ғана қозғалсын.
4. Қылтамырларға арналған жаттығу?
Бұл - өте оңай жаттығу. Бар болғаны еденге шалқаңыздан жатып, қолыңыз бен аяқтарыңызды жоғары қарай көтересіз. Содан соң қол және аяқтарыңзыбен тербеліс жасайсыз. Осылай 1-3 минут бойы қайталайсыз.
"Тербелістің" пайдасы:
- Тербеліс жасау арқылы денеміздегі 4 миллиардқа жуық қылтамырлардың жұмысын жақсарады.
- Тамыр кеңеюі - варикоздың алдын алады.
- Иммундық жүйені күшейтеді, ағзаның тез тазаруына көмектеседі.
- Терінің жұмысын жақсартып, қайта қалпына келуі жылдамдайды.
- Аяқпен жасалатын тербеліс - барлық ағзаның сауығуына ықпал етеді.
5. "Табан мен алақанды біріктіру" жаттығуы
Аталған жаттығудың көкетке пайдасы орасан зор. Көкет күні бойы бауыр, көкбауыр, ішектердің жұмысына қажетті қысымды береді. Лимфаға қан жіберу үшін ол жоспарлы түрде қан тымырларын қысады. Көкет тәулік бойы қалтықсыз қызмет атқарып тұратын - қуатты сорғыш іспетті. Сол себепті, оның дұрыс қызмет етуін бақылауда ұстауымыз абзал.
Мойныңызға валик қойып, тегіс жерге арқамен жатыңыз. Тізеңізді бүгіп, табандарыңызды біріктіріңіз. Шынтағыңызды бүгіп, алақандарыңызды біріктіріңіз. Көзіңізді жұмып, осылай 5-10 минут жатыңыз.
Жаттығудың пайдасы:
- ағзадағы тепе-теңдікті қалпына келтіреді;
- кіші жамбас ағзаларының жүмысын жақсартады;
- эндометриоз, жатыр миомасы, етекір кезіндегі ауырсынуларды басады.
Кацудзо Нишиден қосымша ұсыныс
Шын мәнінде, Ниши жүйесінің ауқымы кең. Бұл мақалада маңызды деген 6 қағидасымен шектелдік. Осы қағидаларға амал етіп, жаттығуларды жасап көріңіз. Егер көңіліңізден шығып, пайдасын көріп жатсаңыз, Кацудзоның өзге де кеңестеріне құлақ түріңіз. Мысалы:
Көптеген ауралардың себебі - мөлшерден артық тамақтану. Ағзамызға қажетті азықтан көп мөлшерде тамақтануға болмайды. Оның соңы ішекке артық масса жиналып, барлық денемізді улаумен аяқталады. Ағзаға уыттар (токсин) түседі. Ішектегі дәрумендер жеткілікті дәрежеде синтезделмейді. Ағзамыз тағамды қорыта алмайды.
Күн сайын 1,5 литр таза су ішу. Ниши әр жарты сағат сайын 30 мл су ішіп тұруға кеңес береді.
Күнде 3 түрлі шикі піскен көкөніс жеу. Ал 2-3 аптада бір рет күні бойы тұзды тағамдардан бас тарту керек.
Дайындаған: Н.НАЛТАЙ,
"БРАЗИЛИЯЛЫҚ БӨКСЕ" жасауға арналған ОҢАЙ әрі НӘТИЖЕЛІ 5 жаттығу