ОНЛАЙН АРЫҚТАУ: НЕНІ білу маңызды?

0
3 248

​Соңғы уақытта барлық қыз-келіншектер онлайн арықтау жүйесіне көшкен секілді. Олар экранның арғы жағындағы диетологты немесе тренерді танымаса да, оның айтқан сөзіне сеніп, кеңестерін тыңдайды.


ОНЛАЙН АРЫҚТАУ: НЕНІ білу маңызды?

фото: odysseyonline-img.rbl.ms

Соңғы уақытта барлық қыз-келіншектер онлайн арықтау жүйесіне көшкен секілді. Олар экранның арғы жағындағы диетологты немесе тренерді танымаса да, оның айтқан сөзіне сеніп, кеңестерін тыңдайды. Кейбірі айтарлықтай нәтижеге жетіп жатса, енді бірінің онлайн арықтаудан көңілдері қалып, марафонға екінші рет қатыспайтындай күй кешеді. Иә, көрмей-білмей сенген де дұрыс шығар, алайда, Сіз жүйріктер марафонына емес, ішкі ағзаңызды, бүкіл денеңізді, былайша айтқанда өзіңізді толықтай сеніп тапсыратын марафонға қатысқалы отырсыз. Осыны естен шығармаңыз. Егерде денсаулығыңыз бен мүсініңіздің бұзылғанын қаламасаңыз, мынадай мәселелерді біле жүрген артықтық етпейді.



фото: medaboutme.ru

  1. Кез келген онлайн жетекшінің медициналық білімі болуы керек. Себебі, әрбір қатысушының ағзасы әртүрлі әрі ерекше болып келетіндіктен, олармен жұмыс істеу 2 айлық курсты оқып алған адамның емес, нағыз маманның ісі болуы тиіс. Сондықтан да маманның білімін тексеру үшін оның ЖОО-ны бітірген дипломының болуы маңызды емес, медициналық қызметпен айналысуға болады деген рұқсатнамасының болғаны дұрыс. Сонда ғана сіз ол маманға өзіңізді сеніп тапсыра аласыз.
  2. Жүргізушінің өз өмірінен келтірген мысалдары оның тәжірибелі маман екенін айқындамайды. Көп марафоншылар өздерінің арықтаған суреттерінен коллаж жасап, басқаларды сендіруге тырысады. Алайда, ол сізге дұрыс ас мәзірін ұсына алмауы мүмкін. Өйткені әр адамның ағзасы, асқорыту жүйесі бәрі-бәрі бір-біріне мүлде ұқсамайды. Сондықтан да онлайн арықтамас бұрын ол адамның дұрыс кеңес бере алатынына көз жеткізіңіз.

фото: theweightlossreviews.com

3. Тез салмақ тастау ағзаға өте зиянды. Оның үстіне тәжірибелі мамансыз өте көп салмақты аз күннің ішінде тастауға білгір дәрігер ғана көмектесе алады. Алайда онлайн-арықтататындар Сізді жылдам салмақ тастауға шақырады. Ас мәзіріне шектеу қойғанмен тұрмай, көптеген жаттығуларды жасауды талап етіп, арықтауға мәжбүрлейді. Осындай жағдайлардан соң адам ағзасы әлсіреп, бірден түсініксіз күйге түседі. Сосын тастаған салмақты аз күннің ішінде қайта қосып алатыныңыз сөзсіз. Бұдан бөлек, денсаулығыңыз сыр беріп, дәрі-дәрмекке жүгінетініңіз тағы бар.

4. 1-2 айлық курстар. Сіз мұндай марафонға ары кетсе 2 ай қатысуыңыз мүмкін. Көпшілік қыз-келіншектер 1 айдан ары аспайды. Өйткені бір айда 4-7 кг салмақты оп-оңай тастап, жетістікке жеттім деп ойлайды. Бірақ та ары қарай ас мәзірін қалай құруды білмейді. Бастапқыда көмек қолын созған тәжірибелі не тәжірибесіз онлайн-жүргізуші сізге енді көмек бермейді. Тек марафонға қатысқан жағдайда ғана оның кеңестерін ала аласыз. Жалпы онлайн-марафонға кемінде 4 ай бойы қатысқан дұрыс дейді диетологтар. Осы уақыт аралығында адам ағзасы дұрыс атамақтануға үйреніп, бір қалыпқа түседі. Ары қарай сол жүйені алып кету қиынға соқпайды.

фото: kinopoiska.net

5. Онлайн-арықтаудың қай түрін таңдаған дұрыс? Бұл сұраққа жауап біреу ғана: әрбір қызбен жеке-жеке жұмыс істейтін диетолог маманның кеңесіне, онлайн-тренингіне қатысқан жөн. Сонда ғана сіз жоғалтқан салмақты қайтып қосып алмаудың алдын аласыз. Өз бетіңізше емес, маманның кеңестерімен, фитнес-жаттығуларымен жұмыс жасайсыз. Мұндай маманды таңдарда жоғарыда айтылған кеңестерге құлақ түруді ұмытпаңыз!


Онлайн-арықтаудың пайдасы да жоқ емес:

  • Арықтаудың өте арзан түрі;
  • Уақыт жоғалтпайсыз;
  • Тәжірибелі маманнан кеңес алсаңыз, дұрыс тамақтануды үйреніп, фитнес-жаттығулармен айналысасыз;
  • Денсаулықты нығайтып, арықтауға қол жеткізесіз.

Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

2 минут ішінде қарынды кетіретін жаттығуды білесіз бе?

5 минутта ұйықтап қалуға көмектесетін жаттығу

Планкаға күн сайын тұрғанның пайдасы қандай?