Күніне бір рет ғана осы жаттығуды орындау арқылы көп аурудан құтыласыз.
фотолар: ашық дереккөздерден алынды
Сурья Намаскар – таңғы жаттығуды, тіпті жүгіруді алмастыра алатын бірден-бір йога жаттығуы. Сондай-ақ әлемде көп адам әр күнін осы жаттығумен бастайды. Сондықтан да бұл көпке жақсы таныс.
Небәрі 1-ақ минутқа созылатын жаттығуды сіз де үйреніп, күнде орындаңыз. Пайдасы орасан.
Санскриттен аударғанда сурья – «күн», намаскар – «қарсы алу» деген мағынаны білдіреді. Яғни, әр күнді осы жаттығумен қарсы алған дұрыс. Әрине, кешке орындасаңыз да болады, бірақ таңертең күн ұясынан көтеріліп жатқан мезгілде жасасаңыз, пайдасы еселенеді дейді йога-тренерлер.
ПАЙДАСЫ
1) Бүкіл денені қозғалысқа түсіретін тренировка: Бұл 12 йога қалпынан тұратын комплексті жаттығу. Яғни, сіз Сурья-Намаскар арқылы бірден 12 йогалық жаттығуды орындаған боласыз.
Сурья-Намаскар физикалық және психологиялық тұрғыда адам өмірінің сапасын арттырады. Бүкіл бұлшықетке әсер етіп, буындарды созады. Сондықтан да тек таңертең емес, кез келген жаттығу алдында денені қыздыру жаттығуы ретінде жасауға да болады.
2) Ең керемет кардио-жаттығу: Жаттығу отыру, тұру, еңкею, керілу, аяқты созу, омыртқаны ию сияқты қалыптардан тұрады. Осы әр қимыл тыныс алумен жетеленгенде және арасында үзіліс болмай бірінен соң бірін орындағанда жүрек соғысы жылдамдайды, тамыр жүйесінің жұмысы жоғарылайды, қан айналым жақсарып, өкпе тазарады. Сондықтан да тренерлер бұны кардио-жаттығуға теңейді.
3) Қуат циркуляцияланады: Йога жаттықтырушылары бұл жаттығу қалыптары күннің қуатын өзіне тартады деп түсіндіреді. Жаттығу кезінде адамның ағзасы күннен өмірлік қуат алып, соның нәтижесінде зат алмасу процесі белсенді жүреді.
Күн қуаты денедегі энергетикалық блоктарды жояды. Қуаттың қозғалысына бөгет болмайды. Тез шаршағыштықтан, ұйқышылдықтан құтыласыз. Дененің энергетикалық жүйесінің теңгерімін реттеп, ағзаны қуатпен толтырады. Күні бойы сергектік сыйлайды.
4) Медитацияны алмастыра алады: Жаттығудағы 12 қалып – жарты айналым боп саналады. Келесі айналымды сол аяқпен бастап орындағанда тағы жарты айналым болады. Нақтырақ айтқанда жаттығуды екі рет қайталау – бір айналым боп саналады. Егер арасына үзіліс салмастан 12 айналым жасаса адам автоматты түрде медитациялық қалып күйіне түседі. Бұны «дзэн режимі» деп атайды. Осы режимде ағза негативті энергиядан тазарады.
Айта кетейік, «Дзэн режиміне» түсу үшін йогистер сағаттап медитация жасайды. Ал сіз бір ғана Сурья-Намаскармен оңай бұл қалыпқа кіре аласыз.
5) Чакралардың жұмысы белсендіріледі: Адам тәнінде 7 қуат нүктесі бар, оны чакра деп атайды. Чакралардың жұмысын жақсарту үшін әрқайсысына арналған арнайы жаттығулар бар. Ал Сурья-Намаскардың жалғыз өзі жеті чакраның жұмысын іске қоса алады. Осының салдарынан ақыл мен дене үйлесім табады.
6) Стресті қуады: Сурья-Намаскарды орындау барысында тек тыныс алу мен қимылыңызға назар аударсаңыз, ойыңыз мәселелерден толық ажырайды. Сонымен бірге жаттығудағы «қимыл әрі тыныс алу» синтезі жүйке жүйесін босаңсытып, тәнді демалыс режиміне түсіреді. Бұл жүйкені стрестен босатып, тәннің жылдам қуаттануына септігін тигізеді. Сонымен қатар гормондарды қалпына келтіреді. Ал гормондардың көбісі стреске қарсы тұратынын білсеңіз керек.
7) Арықтатады: Күнделікті практика зат алмасу процесін жылдамдатып, артық салмақ қоспауға көмектеседі. Әр қалыпты асықпай орындап, әр қалыпта сәл кідіріп тұратын болсаңыз, дененің иілгіштігі артады, бұлшықет шымыр болады.
8) Шлактарды сыртқа шығарады: Йога жаттығуларын жаңадан бастағанда көбіне адамда әлсіздік байқалады немесе терісіне бөртпелер шығуы мүмкін. Бұл ағзаның тазаруының белгісі.
Жалпы, тыныс алу жаттығуларының қай-қайсысы да дененің энергиясын тазалайды, зат алмасуды жақсартады. Соның салдарынан іштегі шлактар тер, зәр арқылы сыртқа шығады.
9) Ас қорыту мүшелеріне массаж жасалады: Сурь-Намаскар қалыптары ішек, бауыр, бүйрек, өт, асқазан бәрін-бәрін қозғалысқа түсіреді. Яғни, ас қорыту мүшелерінің бәрі массаждалады. Осының салдарынан іш қату «емделеді», өт жақсы бөліне бастайды.
10) Астма, остеохондроз т.б. ауруларға ем: Ұзақ уақыт Сурья-Намаскарды жасап жүрген адам анемия, аменорея (етеккірдің 6 ай келмеуі), астма, остеохондроз, ревматизм, мигрень, гипотония, невроз, варикоз ауруларынан да дәрісіз емделеді. Сонымен қатар ағзаның вирустық, қыс айларындағы жұқпалы ауруларға қарсы иммунитеті жоғарылайды.
Қалқанша мен ұйқы безінің және бүйрекүсті безінің, гипофиздің жұмысын реттейді.
Қалай орындалады?
Барлық йога жаттығулары сияқты Сурья-Намаскарды да асықпай, әр қалыпты ережеге сай әдемі және тыныс алумен бірге орындау қажет. Дайынсыз ба?
- Жүзіңізді шығыс жаққа бұрып (күн шығатын жақ), тік тұрыңыз. Ауаны мұрынмен жұтумен бірге қолдарыңызды жоғары көтеріп, ауаны сыртқа шығара отырып қолдарды кеуде тұсына әкеп, алақандарды біріктіріңіз.
- Тыныс алумен бірге қолдарыңызды жоғары көтеріп, артқа қарай барынша керіліңіз. Әрине, шамаңызға қарай керілсеңіз жетеді.
- Төмен қарай еңкеюмен бірге ауаны шығарасыз. Тізені бүкпеңіз.
- Тыныс алу және сонымен бірге қолдарды екі жаныңызға жерге тіреп, оң аяқты артқа созыңыз. Алға тіке қарап, басты түзу ұстауға тырысыңыз.
- Тыныс шығару және сонымен қоса сол аяқты да артқа жіберіп, жамбасты барынша жоғары көтеріңіз. Яғни, аяқ ұштары (табандарды еденде ұстасаңыз да болады), алақандар еденде, ал жамбас жоғарыда.
- Тыныс ала отырып, жамбасты төмен түсіріңіз, иекті еденге тигізіңіз. Тыныс шығарумен бірге кеуде мен тізені еденге тигізіңіз.
- Ауа жұтумен бірге кеудені жоғары көтеріп, шынтақты түзулеңіз.
- Ауаны шығара отырып, жамбасты жоғары көтеріп, арқаны, тізені тік ұстаңыз. Байқасаңыз жаттығу қайтадан кері жасалып жатыр.
- Сол аяқты алға тартып, алақан тұсына қойыңыз. Кеудені тіктеу кезінде тыныс алыңыз.
- Ауаны шығарып, омыртқаны түулеңіз, жамбасты жоғары көтеріңіз. Қолдар еденде, тізені тік ұстап көтеріліңіз.
- Тыныс алу және екі қолды жоғары көтеріп түрегеліңіз, артқа керіліңіз.
- Ауаны шығара отырып, алақандарды біріктіріп, кеуде тұсына жинаңыз.
Бұл жарты айналым болып саналады. Дәл осы реттілікпен қайталаңыз. Бұл жолы төртінші қалыпта сол аяқты артқа созып, тоғызыныш қалыпта оң аяқты бірінші жинайсыз. Барлық қалыпты орындап шығыңыз.
Міне, бұл бір айналым боп саналады. Күнде таңертең бір айналым жасау жеткілікті. Ал егер уақытыңыз боп жатса және физикалық шамаңызға қарай 3 айналым жасауға болады.
Маңызды: Әр қалыпқа ауысқанда тыныс алумен синхронизация жасалуы. Бастапқыда әбден үйреніп алғанша асықпай, әр қалыпта бірер секунд кідіріп орындаңыз.
Егер тыныс алу мен шығаруды қай қалыпта жасау керектігін шатастырып жатсаңыз, былай жаттап алсаңыз болады: барлық еңкею, иілу, төмен қарау жаттығуларында ауа шығарасыз. Ал керілу, кеудені көтеру қимылдарында өкпені толтыра ауа жұтасыз.
Ескерту: Сурья-Намаскарды барлық жастағы адамдар орындауға болады. Бірақ мына аурулары асқыну дәрежесінде болса, оларға жаттығу рұқсат етілмейді:
- гипертония;
- кіндік жарығы (грыжа);
- ішек туберкулезі;
- тыныс алу мүшелеріндегі жарақат;
- операциядан кейінгі кезеңдерде;
- 12 апталық жүктіәліктен кейін;
- босанғаннан кейін 40 күнге дейін;
- етеккір уақытында;
- омыртқа жарығы.
Сурья-Намаскарды тек таңертең емес, кешке жасауға да болады.
Дайындаған: Ж. Смағұлова,
Тағы да оқыңыз:
ӘЙЕЛ ОМЫРАУЫН КӨТЕРІП қалпына келтіретін 6 жаттығу
Таңертең шаршап оянудың 5 себебі (терапевт кеңесі)