АБАЙЛАҢЫЗ, АЛАЯҚ! Ғаламтордағы "ұрылардан" ҚОРҒАНУ ТӘСІЛДЕРІ

0
4 930

Банк шотындағы қаржыңыздан айырылып қалғыңыз келмесе, кеңестерге құлақ асқаныңыз жөн.


АБАЙЛАҢЫЗ, АЛАЯҚ! Ғаламтордағы

иллюятрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазіргі уақытта ұрлық, алаяқтық ұғымы жаңа деңгейге көтеріліп, заңбұзушылықтың әдістері күрделене түсті. Себебі, қазіргі уақытта адамдардың басым бөлігі қаражатын банктік шоттарда сақтайды және қолма-қол ақшасыз есеп айырысу әдісін белсенді пайдаланады. Тиісінше, дәл осы жәйт ғаламтордағы алаяқтарға көптеген мүмкіндік сыйлап отыр. Сондықтан «заманауи қарақшылар қандай әдістерді қолданады және өз қаражатыңызды олардан қалай қорғауға болады?» деген сұрақтың жауабын біле жүрген артық болмас.


Вирустар

Біздің әрқайсымызда жалақы немесе несие алуға арналған банктік карталар болуы мүмкін. Қалай болғанда да, оларды күнделікті өмірде белсенді қолданамыз. Сол карталар арқылы біз шоттарды, байланыс қызметтерін, дүкеннен зат сатып алғанда төлем жасаймыз, достарымызға немесе туыстарымызға ақша аударамыз және т.б. көптеген төлем жүйелерін тұтынамыз. Дегенмен, әр картаға арналған қосымшалар мен сайттар жақсы қорғаныс деңгейіне ие болса да, негізгі мәселе – біздің құрылғыларымызға қандай да бір жолмен вирустардың еніп кетуі болып отыр. Көбіне вирустардың еніп кетуі пайдаланушының ұқыпсыздығынан және антивирустық бағдарламалардың болмауынан туындайды.

Мысалы, вирустар сайттарда жасырылуы (музыка, видео, ойындар және т.б.) немесе белгісіз сілтемелерге кірген кезде телефонға өтіп кетуі мүмкін. Ал, мұндай сілтемелер сіздің телефоныңызға немесе электрондық почтаға СМС түрінде келеді. Сондықтан әр сілтемені баса бермей, қауіпсіздік сақтаған жөн.


Егер, вирус телефонға еніп кетсе, сіздің құпия деректеріңіз алаятардық қолына түсуі әбден ықтимал. Оның ішінде банктік карталар арқылы жасалатын саудада қолданылатын SMS-растау болуы ғажап емес. Осылайша, SMS арқылы келген кодты алған алаяқтар сіздің картаңыздан өз шоттарына ақша аудара алады немесе интернет-дүкендерде сауда жасай алады.



ҒАЛАМТОР АРҚЫЛЫ АЛДАУДЫҢ ӘДІСТЕРІ:


Гаджеттерге арналған қауіпті қосымшалар

Есіңізде болсын, белгісіз ғаламтор көздерінен қосымшаларды тегін жүктеген кезде сіз өзіңіздің құрылғыңызға вирус жұқтырудың қаупін тудырасыз. Мысалы, Сіз Android-қа қандай да бір ақылы қосымшаның тегін көшірмесін жүктегіңіз келіп, оны Play Market-тен басқа бір бейресми дүкеннен тартып аласыз. Қосымша іске қосылады. Бірақ, сол қосымша арқылы сіздің телефоныңызға вирус енеді. Өйткені, оны хакерлер әдейі жасап шығарған. Сонымен қатар, пайдаланушы бастапқыда бұл қосымшада вирусбарын байқамауы мүмкін. Бірақ, көп жағдайда алаяқтар адамдардың банктік шоттарына қатысты құпия деректерді осындай жолмен жинайды.

Қорғану жолдары:

  • Қосымшаны тек ресми дүкеннен жүктеңіз.
  • Егер сіз Apple техникасын қолдансаңыз, JAILBREAK бағдарламасын орнатпаңыз (бұл қауіпсіздікті бұзады).
  • Вирусқа қарсы бағдарлама құрылғыңыздың қорғаныс деңгейін жоғарылатады.



"Фишинг" сайттары

Бұл пайдаланушыларды алдаудың ең көп таралған нұсқаларының бірі. Көбіне әртүрлі банктердің интернет-қызметтерін пайдаланатын адамдар осы айлаға түсіп қалады. Яғни "фишинг" – бұл банктің түпнұсқалық сайтын толығымен көшіріп алатын жалған портал. Алаяқтар осындай сайттар арқылы банк тұтынушыларының барлық жеке деректеріне қол жеткізеді.

Мысалы, құрылғыға вирус еніп кетті (желіден бір нәрсе жүктелді немесе күдікті сілтемеге кірді), ал сіз оны байқамадыңыз. Содан кейін сізге банктегі шотыңызды тексеру керек болды да, әдеттегідей өзіңіздің банкіңіздің веб-сайтына кіресіз. Дәл осы кезде вирус та іске кірісіп, сізді ресми сайтқа емес, көшірмесіне кіргізеді. Айырмашылықты байқамай, өзіңіздің жеке кабинетіңізге құпия деректеріңізді енгізесіз (логин және құпиясөз). Тиісінше, сіздің деректеріңіз алаяқтардың қолына түседі. Яғни олар сіздің жеке кабинетіңізге кіріп, жеке қаражатыңызды толық басқара алады.

Қорғану жолдары:

  • Кіріп жатқан банктердің сайттарын мұқият зерделеңіз. Мысалы, түпнұсқа сайт пен көшірменің дизайнында, ұйымның заңды деректерінде және т.б. елеулі айырмашылықтар болуы мүмкін.
  • Банк сайтындағы жеке кабинетке кіру үшін мейілінше смартфонды немесе планшетті пайдаланбаңыз.



"Компания өкілдерінен" келетін күдікті қоңыраулар мен хабарламалар

Қоңыраулар мен SMS арқылы алдау әлі де кеңінен қолданылады. Мысалы, сізге байланыс операторынан немесе банктен қоңырау келіп түседі де тұтқаның арғы жағынан өзін қызметкермін деп таныстырған адам сөйлейді. Осылайша, алаяқтар жеке ақпаратқа қол жеткізуге, қызметтік командалар арқылы ұялы телефон шотынан ақша алуға тырысады. Есіңізде болсын, банк қызметкерлері тұтынушыдан ешқашан құпия деректерді сұрамайды. Егер осындай қоңырауға тап болып, қандай да бір күмән болса, әңгімені тоқтатып, қоңырау шалған компанияға қайта қоңырау шалыңыз.

Қорғану әдістері:

  • Мұндай SMS-хабарламаларға жауап бермеңіз.
  • SMS-хабарлама келген немесе қоңырау шалған нөмірге назар аударыңыз. Егер нөмір жасырын болса немесе ұйымның ресми нөміріне сәйкес келмесе, онда хабарламаны алаяқтар жіберген.
  • Банк қызметкерлері, сондай-ақ байланыс операторы өз клиенттеріне қоңырау шалмайтынын және олардан телефон арқылы қандай да бір жеке деректер мен құпиясөздерді сұрамайтынын есте сақтаңыз.


Жалпы, сіз цифрлық технологиялар саласындағы заманауи алаяқтықтың өте кең тараған әдістерімен таныстыңыз. Осы орайда, операциялық жүйелер мен ресми қосымшалардың қорғаныс тетіктері өз міндеттерін жақсы атқаратынын ұмытпай, бейресми, тегін қосымшалардан аулақ болыңыз. Сондай-ақ, кез келген сенімсіз ұсынысқа бас сұқпаңыз. Осы ережелерді есте сақтап, өмірде қолдансаңыз, ешкім сіздің меншігіңізге қол сұға алмайды.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Әлеуметік желінің ПАЙДАСЫ мен ЗИЯНЫ


2022 жылдың ЕҢ ҮЗДІК смартфондары