Жылдамдықты асырмай сүйреу қажет.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Кез келген көлік бұзылуы мүмкін. Кейде жүргізушілер ол ақауды оңай жоя алатын болса, енді бір жерде көлікті діттеген жерге сүйреп апарудан басқа амал қалмайды. Сондықтан көлікті көлікпен сүйреудің ережесін білген ешкімге артық болмас.
Автокөлікті сүйреген кезде не қажет?
Кез келген жүргізуші жолға шыққан кезде көлікті сүйреуге қолданылатын арқанын ұмытпау қажет. Және оның нейлоннан жасалғаны тиімді. Өйткені мұндай кабель жүксалғыштан аз орын алады, қолдануға ыңғайлы, берік, ең бастысы – серпімді болады. Жол қозғалысы ережелерінде мұндай жағдайда екі көліктің арасы 4-6 метр аралығында болуы керек деп көрсетілген. Сондай-ақ, арқанға көзге көрінетін 3-5 жалауша ілінеді.
Егер көліктегі жүргізушілер білікті автомобиль әуесқойы немесе кәсіпқой болса, бұл процесс сәтті өтеді. Ең қиыны – екі жүргізушінің де тәжірибесіз болуы.
Жүргізушілер ұжымдық қозғалысты бастамас бұрын жылдамдық пен ескерту сигналдарын келісіп алулары керек. Мәселен, алдағы жүргізуші бұрылу көрсеткіштерімен келесі маневрлер туралы хабарлайды, ал артындағысы "сіздің сигналыңыз түсіндім" деген ишарат білдіріп, сол қимылды қайталайды. Сонымен бірге, дыбыстық сигнал немесе фаралардың жарығымен артқы жүргізуші тоқтауға мәжбүр екені туралы ескертеді. Ал жетекші көліктің тежеу сигналы бірнеше рет жанып-өшсе, көп ұзамай тоқтайды деген сөз. Сосын, алдыңғы көліктің жақын қашықтыққа арналған фарасы және артқы көліктің апаттық жарықтары жағылуы керек. Бұл жаяу жүргіншілер мен басқа да көліктерге алдын ала ескерту болып саналады.
Көлікті дұрыс сүйреу
Көлікті сүйреудегі негізгі талап – арқан әрдайым керілген күйде болуы керек. Сонда қозғалыс бірқалыпты, серпіліссіз болады. Жетекші көлік қозғалысты бастағанда алдымен баяу қозғалып, артқы көлік қозғалғаннан кейін ғана жылдамдықты арттырады. Ал, жылдамдық бірқалыпты үдеп, бірқалыпты баяулағаны абзал.
Айналып өту, бұрылу, көтерілу және төменге түсу кезінде өте мұқият болған дүрыс. Алдығы көлік артында тіркеме бар екенін бір сәтке ұмытпауы қажет. Кенеттен тежеу де, күрт газ басу да болмауы керек. Көтерілу мен түсу де бірқалыпты орындалады. Бұл процесте артқы көліктің жүргізушісі өте ұқыпты басқаруы қажет.
Автоматты беріліс қорабының ерекшелігі бар ма?
Автоматты беріліс қорабымен жабдықталған автомобильдерді сүйреу кезінде беріліс режимі N позициясында болуы қажет. Жылдамдығы 50 км/сағ-тан, ал сүйреу қашықтығы 50 шақырымнан аспағаны абзал. Ал, толық жетекті автомобильдерді сүйрегенде екі көліктің жетегі бірдей болғаны дұрыс. Және олардың да жылдамдығы 50 км/сағ-тан, ал сүйреу қашықтығы 50 шақырымнан аспауы қажет.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
Toyota Американы қалай жаулап алды?
АВТОБӨЛШЕК: Жаңа жабдық дұрыс па, ҰСТАЛҒАНЫ ТИІМДІ МЕ?