Сурет: orient.tm
2025 жылы кнопкалы телефондар «қайта оралу» кезеңін бастан кешуде. Бұл жай ғана сағыныштан туған әрекет емес, саналы таңдау. Көпшілік біртіндеп цифрлық детокс пен ақпараттық тазалыққа зәру екенін сезінуде. Бір қызығы, бұл трендті ақпараттық соғыстан қажыған ересектермен қатар, «қодларына телефон ұстап туған» Z буынының өкілдері де қолдап жатыр.
Кнопкалы телефондардың қайта танымал болуының басты себебі — цифрлық шудың деңгейін азайтуға ұмтылыс. Қазіргі смартфондар тоқтаусыз хабарламалар арқылы үздіксіз дофамин бөлінуін тудырады. Бұл ақпараттық тәуелділік пен хабарсыз қалып кету қорқынышына әкеледі. Ал кнопкалы телефон бірқатар артықшылықтар береді.
Когнитивтік жүктемені азайтады
Әлеуметтік желілер мен жаңалық агрегаторларының шексіз ленталары жоқ. Бұл миды босаңсытып, тынықтырып, назарды шоғырландыруға көмектеседі.
Жеке деректерді қорғайды
Мұндай құрылғылар пайдаланушы туралы әлдеқайда аз дерек жинайды.
Тактильді байланыс
Физикалық батырмалардың нақты сезілуі (тактильді байланыс) қолдану тәжірибесін саналы әрі жағымды етеді.
Кнопкалы телефон сенсорлы смартфон секілді жан-жақты емес. Бірақ кейбір жағдайларда таптырмас көмекші. Мәселен, қарт адамдарға немесе мектеп жасындағы балаларға тек байланыс үшін. Немесе смартфонға тәуелділік тумауын саналы түрде қамтамасыз еткісі келетіндер үшін. Сондай-ақ, арзан құрылғыны смартфонның сыну, жоғалу қаупі жоғары болатын жерлерде орнын алмастыру үшін қолданатындар да бар. Айталық, серуенге, балық аулауға шыққанда немесе құрылысшылар жұмыс барысында, т.с.с. жағдайларда тетікті телефонды берік байланыс құралы ретінде пайдалануға болады.
«Ақылды» кнопкалы телефондар
Бұл құрылғылар KaiOS операциялық жүйесінде жұмыс істейді. Бұл жүйе: WhatsApp, Google Maps, YouTube сияқты базалық қосымшаларды орнатуға мүмкіндік береді. Функционалдылық пен қарапайымдылықтың арасында компромисс болып табылады.
Ұсынылатын модельдер:
- Nokia 8210 4G – жаңартылған нұсқасы
- Nokia 2660 Flip – иілмелі ретро-дизайн мен заманауи байланыс технологиялары үйлескен
Жасанды интеллекті бар кнопкалы телефон
HMD компаниясы (Nokia брендіне иелік етеді) 2025 жылы екі жаңа кнопкалы телефон ұсынды. Олар – HMD 101 және HMD 102. Бұл модельдер, ең алдымен, үлкен жастағы қолданушыларға арналған. Ең басты ерекшелігі — қытайлық DeepSeek ЖИ базасындағы дауыс көмекшінің болуы.
«AI» батырмасы арқылы пайдаланушы келесі әрекеттерді орындай алады:
- Қажетті функцияны табу
- Қоңырау шалу
- Ауа райын білу
- Оятқыш қою
- Немесе кез келген сұрақты дауыстап қою
Мақсаты: телефонды басқаруды жеңілдету және туыстардың көмегіне тәуелділікті азайту.
Техникалық сипаттамаларыне келсек, телефон экраны – түрлі-түсті, батырмалары үлкен әрі ыңғайлы. LED шамы, FM-радио, екі nanoSIM үшін слот, 4G қолдауы, USB-C, 3,5 мм құлаққап ұясы, Wi-Fi және Bluetooth кіріктірілген. Қарапайым браузер, аударма функциясы, «Жылан» ойыны, ауыстырылатын аккумулятор да артықшылықтар қатарында. HMD 102 қосымша 0,5 Мп камерамен жабдықталған (видео түсіру қолжетімді емес). Бағасы мен қолжетімділігі (Қытай нарығында):
HMD 101 – 149 юань (шамамен 10 000–11 000 теңге)
HMD 102 – 169 юань (шамамен 12-13 мың теңге)
2025 жылы сатылымда бар үздік кнопкалы телефондар
Нарықта әртүрлі қажеттіліктерге арналған бірнеше санаттағы құрылғылар ұсынылған. Кез келген кнопкалы телефондағы ең маңызды техникалық ерекшелік – VoLTE технологиясын қолдау. Бұл технологиясыз құрылғы 4G/5G желілерінде қоңырау шала алмайды.
Сіз де осы сәннің соңынан еріп, смартфоннан аз уақытқа болса да демалуды қалайсыз ба? Жауабыңыз «Иә» болса, өзіңізге кнопкалы телефон таңдай беруіңізге болады. Ал төмендегі тізім – сізге көмек үшін жинақталды. Онда 3G, 4G LTE, модем функциясы, WhatsApp, үлкен экран сынды мүмкіндіктері бар модельдерді ұсынамыз. Сондай-ақ олардың арасында музыка тыңдауға және ВКонтакте (VK) қолдануға мүмкіндік беретін модельдер де бар.
- Punkt MP02 — швейцариялық минимализм, тек қоңыраулар мен SMS үшін арналған, сондай-ақ Signal атты қорғалған мессенджермен жұмыс істейді.
- Light Phone II — АҚШ-та жасалған, монохромды E-Ink дисплейімен жабдықталған, ол көзге салмақ салмайды және тек қажетті функцияларды ғана ұсынады.
- Интернетке шығу мүмкіндігі бар үздік кнопкалы телефондар: Digma VOX FS240 және BQ 2005 Disco.
- Аккумуляторы ең мықты деп танылғандар: BQ 2842 Disco Boom және teXet TM-530R.
- Байланыс сигналын ең жақсы ұстайтын, сенімді телефондар: BQ 2817 Tank Quattro Power және OLMIO X04.
- Динамик және микрофон даусы бойынша ең қатты әрі таза шығатын үздіктер: Nokia 8210 4G және Philips Xenium E2602.
Цифрлық детоксқа арналған телефондар бұл — дизайн мен саналы қолдану философиясына негізделген премиум құрылғылар. Негізгі мақсаты – адамды смартфоннан алшақтатып, назарын маңызды дүниелерге бағыттау.
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: