Фото: stranatur.ru
Жыл сайын нарыққа смартфондар мен ноутбуктердің су жаңа модельдері шығып жатады. Осы кезде көбіміздің қолымыздағы ескі құрылғылар кенеттен «миы ашып», баяу жұмыс істей бастайтынын байқаймыз. Көкейде бірден: «Өндірушілер жаңасын сатып алсын деп, әдейі істеп отыр ма?» деген күдік туады. Бұл расымен де қастандық па, әлде техниканың тозуы ма?
Жарық лампасынан басталған тарих
Технология әлемінде «жоспарлы ескіру» деген термин бар. Кеше не бүгін пайда болған жоқ. Бұл – бір ғасырлық тарихы бар маркетингтік айла.
1920 ж. жарық шамын (лампа) өндірушілердің арасында әлемдегі ең алғашқы ресми сөз байласу болды. Сол кездегі технологиялық жетістктердің арқасында 2500 сағат жанатын шам жасауға толық мүмкіндік бар еді. Бірақ компаниялар сатылымды арттыру үшін шамдардың өмірін әдейі 1000 сағатқа дейін қысқартып шығаруға бірауыздан келісті.
Бүгінде осындай маркетингтік әдіс электроника саласына қатысты жиі сөз болады. Мысалы, 2017 жылы Apple компаниясы тозған аккумуляторы бар ескі iPhone құрылғыларының жұмысын әдейі баяулататынын мойындады. Компания мұны пайдаланушыларды құрылғының күтпеген жерден өшіп қалуынан қорғау мақсатында жасалған қадам деп түсіндірді. Алайда көпшілік мұны жоспарлы түрде тоздырудың белгісі деп қабылдады.
Неліктен смартфон уақыт өте баяулайды?
Дегенмен смартфонның жұмыс істеуінің қиындауы барлық уақытта өндірушілердің кінәсінен болмайды. Мына себептерді де қарастыру керек.
1.Батареяның тозуы. Кез келген смартфонда литий-ионды аккумулятор тұрады. Орташа есеппен, 500 зарядтау циклінен кейін (шамамен 1,5–2 жыл) батарея өз сыйымдылығының 20%-ын жоғалтады. Батарея әлсірегенде, процессорға қажетті қуатты бере алмайды, салдарынан жүйе тұрақты жұмыс істеу үшін өз жылдамдығын автоматты түрде төмендетеді.
2. Қосымшалар жадының артуы. Технология бір орында тұрмайды. Жыл өткен сайын мобильді қосымшалар мен операциялық жүйелер (iOS, Android) күрделеніп, көлемі ұлғаяды. Сәйкесінше, ол орнатылған смартфондарда жаңарып, бұрынғыдан көбірек орын алатын болады. Мәселен, 2015 жылы iOS жүйесіне арналған орташа бір қосымшаның көлемі 38 МБ болса, 2023 жылға қарай бұл көрсеткіш 200 МБ-тан асып кетті. Желідегі трендтерге сай (AI-функциялар, ауыр графика) бұл көрсеткіш қазір тіпті жоғары. Демек, 4-5 жыл бұрынғы жедел жады (RAM) мен процессор бүгінгі «ауыр» бағдарламаларды көтере алмай қалады.
3. Цифрлық қоқыс. Avast компаниясының зерттеуіне сүйенсек, Android қолданушыларының 60%-ы өз құрылғыларындағы қосымшалардың кэшін (уақытша файлдарды) ешқашан тазаламайды екен. Жүйеде жиналған қоқыс та телефонның демін тарылтады.
Қалыпты тозу ма, өндірушінің қулығы ма – қалай тексереміз?
Телефоныңыздың не себепті баяулағанын анықтаудың екі оңай жолы бар.
1.Батарея күйін тексеру. iPhone қолданушылары «Баптаулар» → «Аккумулятор» → «Аккумулятор күйі» бөліміне өтіп, максималды сыйымдылықты көре алады. Егер көрсеткіш 80%-дан төмен болса, баяулаудың басты себебі – батарея. Android қолданушылары бұл үшін AccuBattery сияқты арнайы бағдарламаларды қолдана алады.
2.Зауыттық баптауларға қайтару. Телефондағы маңызды деректерді бұлттық қоймаға (Cloud) сақтап алып, телефонды толықтай тазартыңыз. Егер осыдан кейін смартфон жұмысы қайтадан жанданып кетсе, мәселе жиналып қалған цифрлық қоқыста. Ал егер бәрібір тежеле берсе, аппараттық мүмкіндігінің ескіргені.
Бұл мәселемен тек тұтынушылар емес, халықаралық ұйымдар да күресіп жатыр. Айталық, ЕуроОдақ өндірушілерді өнімнің қызмет ету мерзімін ұзартуға міндеттейтін заң жобаларындайындауда. Одан бөлек, ескі телефонды әске алғысыз қылып қоқысқа тастап, жаңасын сатып алуға мәжбүрліктен арылудың басқа да жолдары қарастырылып, кей өңірлерде қолданылып жатыр.
Модульдік телефондар. Нарықта экологиялық таза Fairphone сияқты гаджеттер пайда болды. Оның құрылымы конструктор сияқты: егер батареясы немесе экраны бұзылса, сервистік орталыққа бармай-ақ, жаңа бөлшекті өзіңіз сатып алып, үй жағдайында оңай ауыстыра аласыз.
Трейд-ин бағдарламалары. Технологиялық алпауыттар (Apple, Samsung) ескі құрылғыларды қабылдап, жаңасына жеңілдік беретін бағдарламаларды дамытуда. Бұл электронды қалдықтардың көлемін азайтуға көмектеседі.
Гаджеттердің баяулауы — экономика, технология және экология тоғысқан күрделі процесс. Нарықтың маркетингтік тұзағына түсіп, жыл сайын жаңа телефонға жүгірмес бұрын мына ережелерді ескеріңіз:
Профилактика жасаңыз. Телефон кэшін тұрақты түрде тазалап, қолданылмайтын бағдарламаларды өшіріп тастаңыз.
Батареяны ауыстырыңыз. Жаңа смартфонға шығындалғанша, сол ақшаның жарты не үштен бір бағасына ескі телефонның батареясын ауыстыртып алыңыз. Ол гаджеттің өмірін шамамен тағы 2 жылға ұзартады.
Эко-мәдениет қалыптастырыңыз. Техниканы лақтырмай, қайта өңдеу орталығына өткізу табиғатты электронды уланудан сақтайды.
Сонымен, таңдау өз қолыңызда: жарнаманың жетегінде кетіп, сән қуасыз ба, әлде қолдағы технологияны саналы түрде ұзақ тұтынасыз ба?
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Жазғы ауланы тоқ жүргізбей-ақ жарқыратып қоя аласыз
ТОП-10: Үздік мини тоңазытқыштар мен мұздатқыштар


