ҚОРҒАНЫС көзілдірігін ТЕЛЕФОН қарағанда да кию керек

0
324

Компьютер ғана емес, барлық экранды гаджеттерден зиянды сәуле тарайды


ҚОРҒАНЫС көзілдірігін ТЕЛЕФОН қарағанда да кию керек

Компьютерде жұмыс істеу көбінесе көздің шаршауына әкеледі. Ал жұмыс уақыты ұзаққа созылса әрі күнделікті қайталанса, көздің саулығына айтарлықтай зардап тигізеді. Көрудің нашарлауы, көздің құрғауы, ашуы, түйнеп ауыруы, қызару, көз тамырларының ісінуі, т.б. жайсыздықтар мазалайды. Қолайсыздықты болдырмау және денсаулықты сақтау үшін компьютердің зиянды сәулелерінен қорғайтын арнайы көзілдірік кию керек.


Қандай пайдасы бар?

Көз компьютер ғана емес, басқа да экранды гаджеттерден зардап шегеді. Әсіресе, ұялы телефонға өте ұзақ телміретініміз жасырын емес. Олардан таралатын көк және күлгін сәулелер көзді қарықтырады. Экранға қарап отырғанда көзді ашып-жұмуды (жыпылықтау) ұмытамыз. Соның әсерінен қасаң қабық пен шырышты қабат кеуіп кетеді. Бір нүктеге ұзақ қарап отыратындықтан, көз бұлшықеттеріне күш түсіп, шамадан тыс ширығады. Салдарынан кешке және таңертең көз ауырады, қызарады, жасаурайды немесе керісінше құрғап кетеді. Ал қорғаныс көзілдірігі толқындар спектрін сүзгіден өткізіп, қысқа толқындарды (көк, күлгін, ультракүлгін) жібермейді.

Мұндай көзілдірікті кию үшін көруің нашарлауын күтудің қажеті жоқ. Көруіңіз жақсы не қалыпты болса да, оны нашарлатып алмау үшін ертерек қаруланған абзал. Қорғаныс көзілдірігін кез келген дүкен, интернет-дүкен не базарлардан ала салуға болмайды. Тек арнайы мамандандырылған оптика дүкендерінен (интернет-дүкен болса да болады, бастысы, оптика саласына мамандандырылған болуы тиіс) сатып алу керек. Міндетті түрде алдымен офтальмологқа тексеріліп, көзілдірік жақтауларын киіп көріп, сосын ғана өзіңізге сай келетінін таңдайсыз.


Кімдерге керек?

  • Студенттерге
  • Смартфонды көп пайдаланатындар
  • Кеңсе қызметкерлері
  • Фрилансер
  • Басқа да себептермен экран алдында күніне 4 сағаттан артық уақыт өткізетіндер
  • Мәтін, кесте, сандар және график сынды шағын объектілермен жұмыс жасайтындар
  • Компьютерді ұйықтар алдында қолданатындар (мысалы, фильм қарап, содан соң ұйықтау)


Артықшылығы

Бір қарағанда, олардың қарапайым көзілдіріктен айырмасы жоқ секілді. Алайда, қорғаныс көзілдірігі зиянды сәулені өткізбейтін, жай көзге көрінбейтін арнайы жабынмен қапталады. Одан бөлек тағы бірнеше маңызды артықшылығымен ерекшеленеді.

  • Арнайы линза жабыны. Ол экраннан таралатын зиянды көк сәулені блоктайды.
  • Жақтауының жұмсақ әрі жеңіл болуы. Осының арқасында ұзақ уақыт бойы кисе де, ешқандай қолайсыздық туғызбайды, барынша жайлы. Көзілдіріктің салмағы неғұрлым ауыр болса, уақыт өткен сайын ол бет бұлшықеттеріне соғұрлым салмақ салады. Ал жақтауларының қатты болуы бату, тіпті кейде ауырсыну сезімін туғызады.
  • Объектив енінің ұлғайтылуы. Бұл көз жанарын бір нүктеге бағыттанған кезде экранның барынша үлкенірек бөлігін көруге мүмкіндік береді және көздің шаршауын азайтады.


Қалай таңдау керек?

Компьютерге арналған көзілдірікті таңдағанда келесі параметрлерге назар аудару керек:

  • Ең басты назар аудару керек нәрсе – көзілдірік линзасы. Зиянды сәулелерден қаншалықты қорғай алатыны линзаның сапасына байланысты. Көптеген нұсқалар арасынан оптикалық поликарбонат немесе полимерден жасалғанын таңдаған дұрыс. Олар жеңіл, берік және сызаттарға төзімді болып келеді. Екінші орында – ABS-пластик, ол да жеңіл және берік, күнделікті қолдануға төзімді. Шыңдалған шыны да сапалылар қатарына кіреді, бірақ ол алдыңғыларға қарағанда ауырлау болып келеді.
  • Дизайн. Өз талғамыңызға сай, стиліңізге сәйкес келетін жақтаудың жұмыс кезінде өзіңізді жайлы, сенімді сезінуге әсері бар.
  • Жарқылға қарсы әсер. Әсіресе, компьютерде ойын ойнағанды жақсы көретіндер үшін аса қажет. Жұмыс істеуде де пайдалы. Негізгі қызметі – кескіннің контрастын жақсарту. Сол арқылы көздің шаршауын азайтады.
  • Қорғаныс деңгейі. Қорғаныс жабыны компьютер экранынан бөлінетін көгілдір сәуленің кем дегенде 30-40%-не тосқауыл қоя алуға тиіс. Жетілдірілген линзаларда сүзгі бүкіл қалыңдықта орналасқан және зиянды сәуленің 60-70% блоктайды.
  • Жақтау өлшемі. Экранның мейлінше көп бөлігін көруді қамту үшін көзілдірік жақтауы жеткілікті кең болуы керек.
  • Құрылымы. Көзілдірікті таққанда, самай мен мұрын тұсына қысым түсірмейтіндей болуға тиіс. Және құрылымда бұранда, гайка сияқты ұсақ бөлшектер болмағаны жақсы. Топсалы жақтау тез бұзылмайды, ал кейбір үлгілерде ол бет пішініне қарай реттеледі.

Сатушылар кей қорғаныс көзілдірігін поляризацияланған деп мақтап, құнын арттырып жатады. Поляризацияланған көзілдірік көзге түсетін күшті жарық сәулелерін белгілі бір бағытқа реттейді. Асылында, мұндай артықшылықтың компьютермен жұмысқа қатысы жоқ. Егер жүргізуші, альпинист, кәсіби велосипедші, балықшы болмасаңыз, жарқын жарыққа сезімталдық болмаса, сізге қажет емес, сондықтан артық төлем жасамаңыз.


Керек кеңес

Қорғаныс көзілдірігін кидім деп тек соған иек артып кетпеңіз.

  • Компьютермен жұмыс істегенде көзіңізді жиі ашып-жұмып, кейде жылдам жыпылықтатып отырыңыз. Осылайша көздің қасаң қабағы табиғи жолмен ылғанданып тұрады.
  • Көзді ашып-жұмумен шектелмей, қосымша көмек ретінде көз дәрігері тағайындаған ылғалдандырғыш тамшы тамызу да артық болмайды.
  • Әр 20-30 минут сайын үзіліс жасаңыз. Көз жанарын әрлі-берлі қозғап, жан-жағыңызға, алыс және жақын қашықтықтарға қарау арқылы қарапайым жаттығу жасаңыз.
  • Көз үшін ең зиянды нәрсе – қараңғы бөлмедегі жарық экран. Бұл шамның сөніп тұруына ғана емес, жарық шамының әлсіз болуына да қатысты. Шамдарды бір шаршы метрге 15–18 Вт есебімен таңтаңыз. Мысалы, 10 шаршы метрлік бөлмеге 150-180 Вт, 16 шаршы метрге 240–290 Вт шам орнату қажет. Қосымша қабырға шамы, үстел лампасы, спот сынды жарық көздерін қосса, тіпті жақсы.


Қорғаныс көзілдірігін осы кеңестердің бәрін ескере отырып таңдасаңыз, қателеспейсіз. Нәтижесінде мынадай артықшылықтарға ие боласыз: жұмыс өнімділігі артады, көзге түсетін кернеу, шаршауды азаяды, компьютермен жұмыс істеудің зиянды әсерлері азайтады, көздің ашуы, жасаурау, көздің жарықтан қарығуын болдырмайды.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЕСКІ ұялы телефонды өте қымбатқа САТЫП АЛУЫ мүмкін