ОҚУШЫҒА қандай ТЕЛЕФОН әперген дұрыс?

0
1 181

5-11 сынып оқушыСына смартфон таңдағанда, жадының көлемі үлкен болуына мән беріңіз


ОҚУШЫҒА қандай ТЕЛЕФОН әперген дұрыс?

Жаңа оқу жылының басталуына айдан аз уақыт қалды. Ата-аналар ұл-қызының мектеп формасы мен оқу құралдарын түгелдеу қамына кірісіп те кетті. Олармен түгелдене қоймас. Өйткені, қазір әр оқушының қолында бір-бір телефон да болуы керек.


Әлі бұғанасы бекімеген балаға телефон зиян дейміз. Десек те, қалтасына смартфон салып жіберуге мәжбүрміз. Себебі, қайда, не істеп жатқанынан хабар алу керек. Жол ақысын төлейтін қосымшасы смартфонға орнатылған. Тамақ алатын ақшасын қалтасына емес, «голдына» салып жібереміз. Үй тапсырмасын суретке түсіріп не жазып алады. Мұғаліммен, сыныптастарымен байланысады. Ғаламтордан ақпарат іздейді. Онлайн күнделігі бар, интернет, геолокация, видеоқоңырау… Бәрі сонда.

Қысқасы, оқушы балаға смартфонның қажеттілігі ересек адамдардікінен кем емес. Сондықтан, «Балама смартфон әперейін бе, жоқ па?» деп емес, бірден «Қандай смартфон таңдаған жөн?» деген сұраққа бас қатырған дұрыс шығар.


Есте сақтаңыз: баланың жасы неғұрлым кіші болса, гаджеттің бағасы да соғұрлым арзанырақ болғаны абзал.


Бастауыш сыныптың балалары заттарын жиі жоғалтады, сындырып алады. Бір оқу жылында бірнеше телефонның түбіне жетуі де мүмкін. Сондықтан, бастауыштағы балаға смартфон әперерде қалтаға қатты салмақ салмайтын, арзандау түрімен шектелген дұрыс. Жоғалғаны үшін ішіңіз аши қоймайтын, тағы бірін сатып әперу аса ауыр тимейтін соманы өзіңіз айқындаңыз.


Ал, 5-11 сынып оқушыларына смартфон таңдағанда, жадының көлемі үлкен болуына мән беріңіз. Себебі, сабаққа қатысты көптеген ақпараттарды сақтауына тура келеді. Одан бөлек, оқуға қажетті қосымшалар мен бағдарламалар да біршама. Орта және жоғары сынып оқушылары сабақтан соң достарымен серуендеп, қыдырып кетуі мүмкін. Мұндай жағдай жиі болады. Сондықтан, геолокация, қашықтан бақылау қызметтері, қосымшалар қажет болады. Ата-аналар үшін баланың қайда екенін анықтайтын бағдарламаны орнату маңызды.

Орта және жоғары сынып оқушылары смартфонды мұғалімнің рұқсатымен сабақ үстінде жиі пайдалануы мүмкін. Сабақтан тыс уақытта достарымен хат-хабар алмасуға, әлеуметтік желіде отыруға қолданады. Несін жасырамыз, үй тапсырмасын орындау кезінде де кітаптан көрі телефонның көмегі көбірек. Яғни, олар өте белсенді, үздіксіз қолданады. Сондықтан, аккумуляторы, процессоры мықты, батареясы шыдамды болуын басты назарда ұстаңыз.

Сонымен қатар, бұл жастағы балаларда сурет-видеоға түсуге деген құштарлық басым болады. Сондықтан, камерасы жақсы болуына да көңіл бөліңіз. Әйтпесе, аз күнде басқасына ауыстыруды талап етуден тайынбайды.

Осы талаптардың барлығына жауап беретін гаджет, әрине, қымбатырақ болғаны дұрыс. Атақты брендтің аты жазылған, бірақ жалған көшірме, арзан нұсқасымен алдаусыратуға кеңес бермейміз.



Көлемі де маңызды

Бірінші сыныпқа баратын бүлдіршін мен оныншы сынып оқитын жасөспірімнің қолдары бірдей емес екенін ескеріңіз. Сондықтан, смартфон таңдауда баланың алақанына сай келетінін таңдаңыз. Ұстаған кезде ыңғайсыз болса, жиі түсіріп, құлатып алатын болады. Ал жиі құлау смартфонның өмірін қысқартатыны анық.


Ата-ана бақылауы

Қазіргі смартфондардың көпшілігінде өз операциялық жүйесіне кіріктірілген «Ата-ана бақылауы» функциясы бар. Оның қалай жұмыс істейтінін, қалай қосу керегін, қандай мүмкіндіктер беретінін мұқият зерттеңіз. Әдетте, балаға тыйым салынған контентті ашпауы, смартфонның қолданылу уақытын шектеу, бейтаныс нөмірлерден шалынған қоңырауға жауап бермеу, геолокацияны көрсету және сақтау қызметтерін көбірек іздейді.

Егер құрылғыда кіріктірілген «Ата-ана бақылауы» қызметі болмаса, арнайы қосымшаны жүктеп, орнатып алыңыз.

Бастысы, балаңызға жақсылап түсіндіріңіз. Смартфонды сабақ үстінде қолдануға болмайды. Тек үзіліс кезінде, асхана мен киім ауыстыратын бөлмелерде қолдансын. Айрықша жағдайда ғана қауіпсіздік үшін қолдануға рұқсат. Мәселен, аяқ астынан денсаулығы нашарласа немесе оқыс жағдайға тап болғанда.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

МЕДИЦИНАЛЫҚ гаджеттер дәрігердің ОРНЫН БАСУЫ мүмкін бе?