​МЕДИЦИНАЛЫҚ гаджеттер дәрігердің ОРНЫН БАСУЫ мүмкін бе?

0
1 297

Сақина жүрек соғысын, қан қысымын, дене температурасын, қандағы оттегі деңгейні, ұйқының сапасын, басқа да көптеген көрсеткіштерді өлшейді


​МЕДИЦИНАЛЫҚ гаджеттер дәрігердің ОРНЫН БАСУЫ мүмкін бе?

Қазіргі заманда медициналық гаджеттің түрі көп. Олар не істей алады? Ауруханаға барудың алдын алып, дәрігердің орнын баса ма?


Неліктен адамдар жыл сайын осы құрылғыларды көбірек сатып алып жатыр?

  • Фитнеске және салауатты өмір салтына назар аударушылар көбеюде
  • Микроэлектроника саласындағы қарқынды технологиялық өсу.
  • Дамыған елдерде өмір сүру ұзақтығының артуы, соның салдарынан халықтың «қартаюы».
  • Созылмалы аурулар қатарының артуы (халықтың қартаюына байланысты).


Samsung бренді Galaxy Ring смарт сақинасын ұсынды


Әлемге әйгілі Samsung бренді осы жаздағы MWC 2024 көрмесінде Galaxy Ring смарт-сақинасын ел назарына ұсынды. Бұл көпшіліктің ең көп күткен құрылғылардың біріне айналып үлгерген-ді.

Galaxy Ring сақинасын саусағына салудың арқасында пайдаланушы өзінің денсаулық жағдайын қадағалай алады. Мәселен, жүрек соғысы, қан қысымы, дене температурасы, қандағы оттегі деңгейі, ұйқының сапасы, тамақтануы, тыныс алуы, стресс деңгейі және басқа да көрсеткіштер.

Сатылымға әлі шығып үлгермеген с жаңа гаджет жеті күнге дейін зарядталмай жұмыс істейді екен.


Уақытты ғана емес, жасыңды да айтады


Samsung компаниясының денсаулықты бақылау функциясын атқаратын келесі өнімі – смарт сағаттар. Әрине, мұндай сағаттар нарықта бұрыннан бар. Galaxy Watch Ultra және Galaxy Watch 7 – жақсартылған нұсқалар. Негізгі ерекшелігі немесе артықшылығы –жаңартылған биоактивті сенсор. Соның көмегімен сағат адамның тамақтануындағы қателіктер, өмір салты, стресс деңгейі және ағзасындағы қартаюға байланысты белгілерді көрсетіп, дабыл қағады. Сондай-ақ биологиялық жасын және жалпы метаболикалық денсаулығын көрсете алады. Samsung коспаниясы пайдаланушылар сағаттың көмегімен осы ақпаратты ала отырып, денсаулығын жақсарту үшін күнделікті өмір салтын өзгертуге бет бұрады деп үміттенеді. Дегенмен, AGE өлшеу функциясы кәсіби медициналық кеңесті алмастырмайтынын және ауруларды диагностикалау үшін пайдаланылмау керектігін атап көрсетеді.


Ақылды тіс щеткасы


Тіс – шаш емес, бір түссе, қайтып өспейді. Әрі бүлініп, құрт түсіп, сына қалса, емдету де аз ақша тұрмайды. Сондықтан өзі санаулы ғана «маржан тастарымызды» ерекше күтіммен қорғау керек. Бұған ауыз қуысын тазалау сапасын бақылайтын электрлік тіс щеткасы көмектесе алады. Арнайы сенсорлар мен түрлі-түсті дисплей тісті тазалау кезінде өткізіп алған жерлер, қалып қойған қалдықтар туралы хабар жеткізеді.

Гаджетте 4 жұмыс режимі, 32 қарқындылық деңгейі және 20 түрлі тазалау тәсілі бар. Батареясы күнделікті екі мезгіл қолданғанда 40 күнге жетеді. Сонымен қатар, щетка смартфон жадымен байланысып, оған тіс тазалау кестесін, тіс саулығы, тісіңіздің жағдайы жайлы басқа да ақпараттарды жібере алады.


«Сиқырлы» айна


Anura аталатын айна қолданушының бет-жүзін бейнеге түсіреді. Сосын жарты минутқа жетпейтін уақыт ішінде денсаулық көрсеткіштерін анықтау үшін тері астындағы қан ағымын талдайды. Қан ағымының құрылымын көру арқылы адамның денсаулығын бағалап үлгереді.

Құрылғы қан қысымын, жүрек соғу жиілігін және тыныс алу жиілігін, бет терісінің жасы мен психикалық стрессті өлшейді. Жасанды интеллект мүмкіндіктерінің арқасында ол пайдаланушыларға қант диабеті, инфаркт және инсульт сияқты белгілі бір аурулардың даму қаупі туралы айта алады.

Заманауи медициналық гаджетіңіз болса, жоқса, олар керемет көмекші. Болмаса, ештеңе етпес. Бастысы, қандай жағдайда да денсаулығыңызды күтуді ұмытпаңыз.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

МАСАДАН құтқаратын МОБИЛЬДІ ҚОСЫМША барын білесіз бе?