Бұл жарық шамдары қуатты Күннен алады
Сурет: i.pinimg.com
Әсіресе, жазда үйдің ауласын жайлы әрі жарық етіп қойғың келеді. Бұл үшін электр сымын тарту міндетті емес. Заманауи технологиялар электр желісіне қосылмай-ақ сыртқы жарықтандыруды ұйымдастырудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынып отыр. Қазір сатылымда тоқсыз жарық беретін шамдардың сан алуан түрін табуға болады. Оларды қоршауға, үйдің қасбетіне, ағаштарға немесе бағандарға орнатуға болады. Ал қуат жағынан қам жемеңіз, мұны Күн немесе батарея іске асырады.
Сымсыз шамдар автономды жұмыс істеуі және оңай орнатылуы арқасында барған сайын сұранысқа ие болуда. Дегенмен, дұрыс үлгіні таңдау оңай емес, өйткені нарықта сипаттамалары мен ерекшеліктері әртүрлі көптеген нұсқалар ұсынылған. Көшеге арналған сымсыз шамдарды қалай дұрыс таңдап, тиімді жарықтандыру жүйесін жасауға болады?
Автономды шамдардың негізгі түрлері
- Фотоэлектрлік панельдер арқылы Күннен қуат алатын шамдар. Олар үнемді, экологиялық таза. Алайда, бір кемшілігі - ауа райына тәуелді.
- Аккумуляторлы шамдар. Онда кіріктірілген батарея болады. Алдыңғыдан артықшылығы – Күн сәулесіне тәуелсіз. Тек қуаттандырғышты ақытыен ауыстырып тұру қажет.
- Гибридті шамдар – Күннен де, аккумулятор арқылы да қуатталатын шам түрі. Мұндай әмбебап үлгілердің бағасы аздап жоғары болуы мүмкін.
Күн батареялы шамдар қалай жұмыс істейді?
Күн панелі күндіз күн сәулесін сіңіріп, ішкі аккумуляторды қуаттайды. Аккумулятор жеткілікті зарядталған кезде және қараңғылық түсе бастағанда, жарық сезгіш датчик іске қосылып, шамдар жанады.
Күн батареялы шамдарды күн сәулесі мол түсетін жерге орналастыру керек екенін ұмытпаңыз. Егер олар көлеңкелі жерде тұрса, зарядталуы төмен болады. Мұндай шамдардың әлсіз тұсы да бар – олардың жұмысы көбіне ауа райына байланысты. Сондықтан бұлтты күндері жарығы бәсең болуы мүмкін. Күн панелі неғұрлым аз жарық сіңірсе, аккумулятор соғұрлым аз қуат жинайды, нәтижесінде шамдардың жану уақыты да қысқарады.
Жұмыс барысында шамдардың жарықтығы біртіндеп азайып, таңертеңге қарай (немесе одан да ертерек) толықтай сөніп қалады. Әдетте күн батареялы шамдар шамамен 6–8 сағат жұмыс істейді.
Қыста да жана ма?
Қыс мезгілінде еліміздің көптеген өңірлерінде шуақты күндер аз болғандықтан, күн батареялары аккумуляторды толық зарядтай алмауы мүмкін. Соның салдарынан түнгі уақытта шамдардың тиімділігі төмендейді.
Қыс мезгілінде мұндай шамдарды жинап қойып, көктемде күн жылынып, күн ұзара бастағанда қайта пайдаланған жөн. Бұл олардың қызмет ету мерзімін ұзартады. Дегенмен қазіргі кезде температураның кең ауқымында жұмыс істейтін және бұлтты күндері де зарядталатын үлгілер шығарылып жатыр.
Қандай түрлері бар?
Қабырға шамы. Мұндай шамды қабырғаға, қоршауға немесе қақпаға бекітіп, айналасын жарықтандыруға болады. Төмен қарай бағытталған бірнеше шағын шам үй нөмірінің анық көрінуіне көмектседі, қасбет дизанына айрықша сән береді, өсімдіктер мен ландшафт дизайнының басқа элементтерін де ерекше көрсетуге мүмкіндік береді.
Күн батареялы қалқымалы шам

Сурет: i.pinimg.com
Егер аулада тоған, бассейн немесе басқа су айдыны болса, қалқымалы күн батареялы шамдар тамаша таңдау болады. Олар ауыстырылатын әрі қайта қуатталатын АА аккумуляторларымен жабдықталған. Жарығы, әдетте, түрлі-түсті болып келеді.
Тасымалды шам. Қосқышы бар тасымалды шам – өте ыңғайлы нұсқа. Оны жарық қажет кез келген жерге қоюға болады: кіреберіс есіктің алдына, беседкаға апаратын баспалдақтарға немесе демалыс аймағындағы үстелге.
Қозғалыс датчигі бар ақылды шам. Бұл сыртқы шам қараңғы уақытта қозғалыс анықталған кезде автоматты түрде жанады. Кіріктірілген қозғалыс датчигі 6–8 метр қашықтықтан әрекет етеді және белгілі бір уақыттан кейін автоматты түрде сөнеді. Нарықта аязға төзімді және бұлтты күндері де зарядтала алатын үлгілері бар.
Қазықты шам.

Сурет: s00.yaplakal.com
Мұндай шамдардың астыңғы ұшы сүйір, үшкір болып келеді. сол арқылы жерге қадап қоя саласыз, іс бітті. Жолдың, өсімдіктер мен гүлзарлардың жиегіне қадап қойсаңыз, әрі жарық, әрі ерекше әдемі көрініс береді.
Күн батареялы аспалы шам. Мұндай шағын шамдармен есік алдындағы ағаштарды, тапшанды безендіруге болады. Оларды бұтақтарға іліп немесе бірнеше шамды жіпке тізіп, әдемі жарық гирляндасын жасауға болады.
Күн батареялы бақша шамы. Бұл шам бағандарға, қоршауларға немесе ғимараттарды жарықтандыруға арналған. Ол ауа райының әсеріне төзімді берік пластиктен жасалған және бекітуге арналған бөлшектері жинаққа кіреді. Бұл үлгіні жыл бойы пайдалануға болады, себебі ол бұлтты ауа райында да зарядталады және -15-тен +40 °С-қа дейінгі температураға төзімді. Аккумуляторды толық зарядтау үшін шамды бірнеше күн бойы күн түсетін жерде қалдыру қажет.
Күн батареялы гирлянда. Бақша гирляндасы – кешкілік уақыттағы жайлы отырыстаға көтеріңкі көңіл-күй, жайлылық қосады. 8 сағатқа дейін үздіксіз жарық бере алады.
Қоршауға арналған күн батареялы шам. Қоршау бағандарына орнатуға арналған шамдар су өткізбейді, әдемі көрінеді және 6–8 сағат бойы жарық береді.
Күн батареялы шамдар, қабырға шамдары, прожекторлар мен жарық гирляндалары – кешкі бақты, ішкі ауланы, беседканы, үйдің кіреберісін немесе бақша жолдарын жарықтандырудың ең оңай әрі үнемді тәсілі. Жарықтың көмегімен гүлзарды, ағашты немесе жеке өсіп тұрған бұтаны ерекше көрсетуге болады.
Бұл шамдардың рақатын көру үшін электр сымын жүргізу, оны жасыру туралы алаңдамайсыз. Бар болғаны күн сәулесі жақсы түсетін жерге орналастыру немесе батареясын ауыстыру жеткілікті.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
ТОП-10: Үздік мини тоңазытқыштар мен мұздатқыштар
ЕҢ ҮЛКЕН және ЕҢ КІШІ роботтар. Олар қандай мақсатқа қолданылып жатыр?


