​Смартфоныңыз алаяқтардың бақылауында екенін білдіретін 5 белгі

0
221

Осы белгілерді байқасаңыз, дереу қорғаныс амалдарына кірісіңіз


​Смартфоныңыз алаяқтардың бақылауында екенін білдіретін 5 белгі

Сурет: i.pinimg.com

Елестетіңізші, ойыңызда түк жоқ, күнделікті шаруаларыңызды жасап жүрсіз. Әрине, тіршілігіңіз телефонмен тығыз байланысты. Бірақ күтпеген жерден телефон басқа мінез көрсетіп шыға келеді. Мәселен, шотыңыздан белгісіз жағдайда ақша кеміп кетті немесе «Қарыз сұраған смс келіп жатыр» деп таныстарыңыз хабарласа бастады. Қанша жерден алаяқтардың айла-амалдарынан хабардар болсаңыз да, мұндай жағдай әп сәтте абдыратып қояды. Дүрбелеңмен банкке қоңырау шаласыз, ал олар сабырмен: «Операцияны өзіңіз растадыңыз, өз құрылғыңыз арқылы» дейді. «Бұл қалай сонда? Бұлай болуы мүмкін бе?» деген алаңдаулы сұрақтар туады басыңызда. Әрине, мүмкін. Демек, смартфоныңыз біраз уақыттан бері сізге ғана емес, сырттағы біреуге де жұмыс істеп жүр деген сөз. Тек сіз оны байқамағансыз.

2025 жылы смартфондарды қашықтан басып алу жағдайлары алдыңғы жылмен салыстырғанда азаймаған, керісінше, арта түскен. Алаяқтар енді телефонды физикалық түрде ұрламайды, оған виртуалды түрде еніп, қашықтан басқарады. Солайша қалтаңыздағы гаджетті ақша, деректер мен жеке ақпаратты ұрлауға арналған құралға айналдырады. Ең қорқыныштысы, жәбірленушілердің көбі бұл туралы есепшоттары толықтай босап қалғаннан кейін ғана біледі.

Негізінде, ұялы телефонды алаяқтар қашықтан басқарып, зерттеп жатқанын білуге болады. Ол үшін ең алдымен қырағы болу керек. Екіншіден, мынадай белгілерді байқасаңыз, дереу қауіпсіздік шараларына кірісу керек.


1-белгі: Батарея қуаты көз алдыңызда балмұздақша ериді

Кеше ғана телефон қуаты кешке дейін еркін жететін. Ал бүгін ұзаққа шыдамай, қайта-қайта таусылып, тоқ көзін іздеп жүрсіз бе? Бұл батареяның кенеттен ескіргенінен емес.

Алаяқтар құрылғыға қол жеткізген кезде жасырын тыңшы бағдарламаларды орнатады. Бұл көзге көрінбейтін «паразиттер» үнемі фондық режимде жұмыс істейді. Олардың қызметі – қоңырауларды жазу, қажетті скриншоттар түсіру, геолокацияны бақылау, растау кодтары бар СМС-терді сақтап алу, т.б. Мұның бәрі орасан көп энергияны талап етеді.

Баптаулардан батареяны пайдалану статистикасын тексеріңіз. Қандай қосымшалар қуатты көбірек жеп жатыр? «System Update Service» немесе «Google Play Protect» сияқты түсініксіз атауы бар процестер зарядтың 20–30%-ын жеп отыр ма? Ендеше, сіздің құрылғыңызда «шақырылмаған қонақтар» бары анық.

Әсіресе телефон күту режимінде тұрғанда қатты қызатын болса, абай болыңыз. Үстел үстінде қолданылмай жатыр, экраны өшірулі, бірақ корпусы дәл бір сағат бойы ойын ойнап не видео көргендей жып-жылы ма? Бұл процессорды белсенді қолданатын зиянды бағдарламалардың классикалық белгісі.


2-белгі: Интернет-трафик қайда жоғалып жатқаны белгісіз

Ғаламторды, әлеуметтік желіні көп қолданбайсыз, видео да көрмейсіз. Сонда да гигабайттар үлкен жылдамдықпен жоғалып жатыр ма? Соңғы күндердегі мобильді деректер статистикасын тексеріңіз.

Тыңшы бағдарламалар үнемі қашықтағы серверлерге ақпарат жібереді: сіздің хат-хабарларыңызды, фотосуреттерді, қосымшалар деректерін, браузер тарихын. Бұл үшін тұрақты әрі көп интернет қажет. Егер сіз тіпті ашпаған, белгісіз бір қосымша бір тәулікте 500 МБ жұмсағанын көрсеңіз, бұл дабыл қағуға тұрарлықтай белгі.

Әсіресе түнгі трафик өте қауіпті. Алаяқтар деректерді жіберуді көбіне иесі ұйықтап жатқан, телефонды пайдаланбайтын уақытқа қояды. Таңертең оянып, статистиканы қарасаңыз, түнгі екіден беске дейін жарты гигабайт «жеп қойса», дереу қамданыңыз.


3-белгі: Смартфон өз бетінше «өмір сүре» бастайды

Сіз түртпесеңіз де, кейде экран өздігінен қосылады, қосымшалар сіздің қатысуыңызсыз ашылады, бір сәтке ғана пайда болып, оқып үлгермей тұрып өшіп кететін хабарламаларды көзіңіз шалады... Егер смартфоныңызда осындай түсініксіз әрекеттер болса, бұл жүйенің де, құрылғының да ақауынан емес. Бұл біреу құрылғыңызды қашықтан басқарып отыр деген сөз.

Қазіргі заманғы трояндар қаскөйлерге смартфонды толық бақылауға мүмкіндік береді. Олар экраныңызды нақты уақыт режимінде көре алады, батырмаларды басады, мәтін енгізеді, қосымшаларды іске қосады. Елестетіңіз: телефонды үстелге қойып, бір минутқа бұрылдыңыз, ал сол уақытта біреу банк қосымшасына кіріп, ақша аударып, хабарламаны өшіріп тастады.

Күмәнді әрекеттерге назар аударыңыз: қосымшалар себепсіз қатып қалады, телефон өзінен-өзі қайта жүктеледі, бейтаныс белгілер (иконкалар) пайда болып, сол сәтте жоғалып кетеді. Бұлар өз ізін жасыруға тырысатын, бірақ үлгермей қалатын зиянды бағдарламалардың белгілері.


4-белгі: СМС келіп, бірден жоғалып кетеді

Ең қауіпті әрі байқалмай қалуы мүмкін белгі. Көзіңіздің қиығымен жаңа хабарлама туралы қалқып шыққан ескертуді көресіз, бірақ СМС-қосымшаны ашқанда, онда ештеңе жоқ. Немесе екі хабарлама келді деп көрінеді, ал қалтада біреуі ғана тұр.

Алаяқтарға сіздің СМС-теріңіз не үшін керек? Себебі онда банктерден, интернет-дүкендерден, әлеуметтік желілерден келетін растау кодтары бар. Құрылғыға қол жеткізген соң, қаскөйлер мұндай хабарламаларды автоматты түрде ұстап алып, өшіріп отыратындай етіп баптайды. Сіз оқып үлгермейсіз, ал олар сол код арқылы аккаунтыңызға кіріп немесе ақша аударымын растап үлгереді.

СМС журналын кеңейтілген баптаулардан тексеріңіз немесе біреуден сізге сынақ хабарлама жіберуін сұрап, оның қанша уақытта келетінін өлшеңіз. Бір минуттан артық кешіксе, бұл өте жаман белгі.


5-белгі: Аккаунттарыңыз оғаш әрекет ете бастайды

Достарыңыз сіз жіберді деп, өзіңіз есіңізде жоқ хабарламалар туралы айтады. Браузер тарихында сіз кірмеген сайттар пайда болады. Әлеуметтік желілерде сіз жасамаған әрекеттер көрінеді. Банк қосымшасы басқа қаладан кіру әрекеттерін көрсетеді.

Бұл да алаяқтар сіздің деректеріңізді пайдаланып жатқанын білдіретін белгі. Олар парольдерді, логиндерді, қолжеткізу токендерін алып, енді сіздің атыңыздан әрекет етуде. Әсіресе қауіпсіздік баптаулары өзгерсе, қалпына келтіруге арналған жаңа телефон нөмірлері, электронды пошталар, екі факторлы аутентификация тәсілдері қосылса, аса қауіпті.


Не істеу керек?

Егер жоғарыда айтылған бес белгінің кемінде екеуін байқасаңыз, дереу әрекет етіңіз. Ең алдымен, алаяқтардың басқаруын тоқтату үшін «ұшақта» режимін қосыңыз. Содан кейін басқа құрылғы арқылы барлық маңызды парольдерді ауыстырыңыз. Банкке хабарласып, карталарды бұғаттаңыз. Ең бастысы, смартфонды зауыттық баптауларға толықтай қалпына келтіріңіз.

Иә, кейбір деректеріңіз жоғалуы мүмкін. Бірақ бұл барлық ақшаңыздан айырылып, кейін аккаунтыңыздан спам жіберіліп немесе жақындарыңызды бопсалағаннан соң беделіңізді жылдар бойы қалпына келтірумен салыстырғанда түк емес.

Смартфоныңыз сіз туралы ең жақын досыңыздан да көп біледі. Оны бөгде, қара ниетті адамдардың қолдануына жол бермеңіз.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

АҚЫЛДЫ тоңазытқыштардың қандай АРТЫҚШЫЛЫҒЫ бар?