иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Ұялы телефон біздің күнделікті өміріміздің маңызды бір бөлігіне айналып бара жатыр. Тиісінше, әр жерде және түрлі жағдайларда телефонмен сөйлесудің өзіндік әдептері бар. Соның бірі – қоғамдық орындарда сөйлесу әдебі. Оны міндетті түрде меңгеріп алуымыз керек. Себебі, әдеп сақтамаған жағдайда айналадағы адамдар сіздің жеке әңгімелеріңізді естіп отырады. Ал, бұл сөзсіз Сіз туындататын ыңғайсыз жағдай болып есептеледі.
Жеке мәселеңізді аулаққа барып әңгімелеңіз
● Алдымен, кез келген қоғамдық орындарда, көпшіліктің алдында телефон арқылы жеке тілдесу жүргізбеу керек екенін есте сақтаңыз. Яғни, келіссөз жайында, жеке бастың немесе отбасының мәселелерін бөгде адамдардан оқшау тұрып шешіңіз. Қоғам Сіздің өміріңіздегі мәселелерді немесе дау-жанжалды естуге міндетті емес!
● Сонымен қатар, қоғамдық орындарда ұялы телефонның «дыбыссыз» режимін қосып қойған дұрыс. Өйткені, келген қоңыраулар мен хабарламалардың сигналдары, әріптерді теру кезінде (клавиатурадағы) шығатын дыбыс кейбір адамдардың жүйке жүйесіне теріс әсер етеді. Нәтижесінде, Сізге қарсы сөз айтылып, ыңғайсыз жағдайға тап болып қалуыңыз әбден ықтимал.
● Қоғамдық орындағы әдептің тағы бір ережесіне сәйкес, ұялы телефонды мейрамханадағы немесе дәмханадағы үстелдің бетіне қоймаған абзал. Ол қалтада немесе сөмкеде тұрса да қоңырауды ести аласыз. Ал, шулы ойын-сауық орталықтарында бұл ережені бұзуға болады. Сондай-ақ, автокөлік басқарып келе жатқанда ұялы телефонды қолға алмаңыз, әйтпесе айыппұл төлеуіңіз немесе апатқа ұшырауыңыз мүмкін. (Мұндай жағымсыз жағдайлар күнделікті кездесіп жатады)
Қандай жағдайда телефонды өшіріп немесе дыбыссыз режимге қою керек?
Кейбір жағдайларда ұялы телефонды өшіру немесе дыбыссыз режимге қою қажет.
● Егер, әріптестермен жиналыс өткізіп жатқанда кейінге қалдыруға болмайтын қоңырау шалынса, олардан кешірім сұрап, түсіндіріңіз және дәлізге шығып сөйлесіңіз. Ал, осындай жағдай болатынын алдын-ала білсеңіз, қатысушыларға ескертіп қойған артық болмайды.
● Сондай-ақ, жұмыс орнында, дәмхана, кітапхана, мұражай, діни мекемелер, кинотеатр мен театрда телефонды сөндіру немесе дыбыссыз режимге қою керек. Бұл – жалпыға ортақ мәдени және этикалық талап.
● Сіз қоңырау шалған адам бірден жауап бермесе, қайта-қайта қоңырау шалуға тырыспаңыз. Себебі, ол адам қоғамдық орында болуы мүмкін.
● Дәстүрлі түрде ұшақта отырған кезде және ескерту тақтайшасы бар барлық жерде ұялы телефонды өшіреді.
● Адам көп жерде дауыстап сөйлеспеу қажет.
Қоғамдық орында ұялы телефонмен әдепке сай сөйлесуге болады
● Қоңырау шалу немесе сөйлесу үшін басқа адамдардан 5 метрден кем емес қашықтықта болу керек. Егер, мұндай мүмкіндік болмаса, кейінірек қоңырау шалуға, қысқаша жауап беріп, ортадан оқшау шыққасын тілдесуді жалғастыруға және хабарлама арқылы ескертуге болады.
● Ал, SMS-ке келетін болсақ, оны күндіз-түні кез келген уақытта жолдай беруге болады. Әдеп бойынша, хабарламалар мен қоңыраулардың мазалағанын қаламаған адам телефонды өшіруі немесе «дыбыссыз» режиміне қоюы керек.
Ең қатал тыйым
Мобильді этикет қоғамдық орындардағы бөтен адамдардың телефонына үңіліп, айналысып отырған ісін, қоңыраулар тізімін көруге және хабарламаларды оқуға қатаң тыйым салады.
Дайындаған: Б.Ерман,
Тағы оқыңыз:
Үйдегі САЛҚЫНДАТҚЫШТЫ әлемнің кез келген нүктесінен БАСҚАРУҒА боладыАБАЙЛАҢЫЗ! Смартфондағы өте қауіпті қосымшалар