​Жылытқыштың ЖАҢА түрлері және ЗАМАНАУИ функциялар

0
1 290

Қашықтан басқарылатын түрін алыңыз, үйіңіз сіз келгенше ұядай болып тұрады


​Жылытқыштың ЖАҢА түрлері және ЗАМАНАУИ функциялар

Ауа-райын күрт суыта салу күз мезгіліне «сән ғой». Әсіресе, көпқабатты үй тұрғындары мен кеңсе қызметкерлері жылыту маусымы басталғанша жаурап-жасынауға мәжбүр. Алдамшы күн көзіне малданбай, қамдану керек. Сапалы әрі заманауи жылытқыш алып қойыңыз. Ыстық пен ызғар орын алмасатын өліара мезгілде рақатын көресіз. Бірнеше жыл бойы.


Электр күшімен жылитын көрпе


Жаурап келгенде жылы төсекке қойып кеткіңіз келсе, сізге электрлі жапқыш керек. Жұмсақ материалдан жасалған, гипоаллергенді және экологиялық таза, асқан жайлылық сыйлайды. Нарықта сан алуан түрі және бірнеше өлшемі бар: бір адамдық, бір жарым және екі адамдық.

Көрпенің қыздыру температурасы деңгейлермен реттеледі. Параметрлер неғұрлым көп болса, өзіңізге ыңғайлы, жайлы температураны таңдау да соғұрлым оңайырақ. Тағы бір ұтымды тұсы – мата қаптамасын шешіп, кір жуғыш машинада жууға болады.


Аяғың үнемі мұздап жүре ме?

Көп адамдардың аяғы үнемі мұздап, тоңып жүреді. Күн суықта, ақ қар, көк мұз үстімен жүріп, жауын-шашында аяқкиімнен су өтіп, табанды суық қаритыны тағы бар. Сондықтан мынадай жылытқыш әрбір үй мен кеңсеге керек-ақ.

Сырты тоқыма түрінде болып келген, іші мамықтай жұмсақ материалмен көмкерілген аяқ жылытқышы тез жылынуға көмектеседі. Электрлі «етік» тоқ көзіне қосылып, температура реттеледі. Онда жылытудың үш деңгейі бар, өзіңіз үшін ең қолайлысын таңдай аласыз. Кей үлгілерінде аяққа массаж жасау құрылғысы оратылған.

Ең бір ыңғайлы тұсы, аяқ жылытқышын таңдағанда өлшеміне бас қатырып жатпайсыз. Себебі, кішкентайдан бастап, ең үлкен – 45 өлшемді аяқ та еркін сыятынын табу қиын емес.


Бұдан бөлек, осыған дейін қолданып жүрген жылытқыш түрлерін қайда қоямыз?

Желдеткіш жылытқыш. Шағын бөлмелерді жақсы жылытады. Ең жылдам және ең қатты қызатын нұсқа. Алайда, электр энергиясын көп тұтыну, ауаны құрғату, күйік иісі және өрт қаупі сынды кемшін тұстары бар.

Керамикалық панель – өрт шығу тұрғысынан ең қауіпсіз нұсқа. Ауа ылғалдылығын төмендетпейді және жоғары температураға жеткеннен кейін электр энергиясын үнемдейді.

Майлы жылытқыштар – дыбыссыз, дөңгелегі ба, әрі-бері жылжытуға ыңғайлы. Бір кемшілігі – оған киім кептіруге болмайды. Шағын бөлмені жылытуға жарамды.

Конвектор – жұмысы ауа айналымы принципіне негізделген. Суық ауа құрылғыға төменнен кіреді, қызады, жоғары көтеріледі де, бөлмені жылытады. Ауаны құрғатпайды, үлкен аумақты жақсы жылытады, электр энергиясын аз тұтынады.

Инфрақызыл жылытқыш – ауаны емес, заттардың беттерін қыздыру арқылы жылытады. Ауаны құрғатпайды, шаң көтермейді және жоғары тиімділікке ие. Радиациясы адамға зиянсыз, тез қызады, қараңғыда жарқырамайды, ұзақ қызмет етеді, үнемді.

Камин – үй ішіне жылу ғана емес, жайлы атмосфера, әдемі көрініс сыйлайды. Жұмыс принципі желдеткіш жылытқыштарға жақын. Кіріктірілген жарықтандыру панелі ағаш не көмір жанып жатқандай көрініс берсе, дыбыстық модуль жанып жатқан отынның дыбысын шығарады. Қарбалас күннің соңында бойды жылытып қана қоймай, миды тынықтырып, стресті жеңілдетуге көмектеседі.

Аталған жылытқыш түрлері заман көшінен қалмай дамып, жыл өткен сайын жаңа функциялар қосылуда. Соңғы жылдарды шыққан жылытқыш пештердің қарым-қабілеті қандай?


Кесте бойынша жұмыс жасайды

Кей жылытқыштарда апталық кестені бағдарламалау опциясы болады. Оның көмегімен қыздырғышты кесте бойынша жұмыс істейтін етіп орната аласыз. Солайша ол сіз белгілеген уақытта (мысалы, үйге келерден жарты сағат бұрын, бөлме температурасы белгілі бір межеге жеткенде, т.с.с.) өздігінен іске қосылады.

Кестені қашықтан басқару пультімен немесе қыздырғыштың басқару тақтасында жасауға болады. Құрылғы Wi-Fi арқылы басқаруды қолдаса, мобильді қосымша арқылы да баптай аласыз. Энергияны үнемдеуді, даладан келгенде жып-жылы үйге кіруді қалайтындар, пешті қосу үшін суық көрпе астынан шыққысы келмейтіндер үшін ыңғайлы.


Қашықтан басқарылады

Сондай-ақ кей жылытқыш түрлері дауыс көмекшілері (Алиса, Марсуа) арқылы басқарылады. Wi-Fi орнатылған жылытқышқа жұмыс кестесін жасап қана қоймай, оны алыста, тіпті жүздеген шақырым қашықтықта жүріп те басқаруға болады. Смарт құрылғылар мен заманауи технологияларды, жайлылықты ұнататындар, үйден көрі түзде көбірек болатындар бағалайды.


Ылғалдан «қорықпайды»

Жуынатын бөлмеге арналған су өткізбейтін корпусы бар жылытқыш керек пе? Табу қиын емес. Кем дегенде IP24 қорғаныс класы бар құрылғылар қажетіңізге жарайды. Олар қай жақтан қанша мөлшерде су шашыраса да, «қорықпайды». Көбіне қабырғаға ілетін үлгіде шығарылады, сондықтан ешкімге кедергі келтірмейді. Жуынатын бөлмеде жылу жүйесі жасалмаған, едені жылытылмайтын үйлер үшін тиімді нұсқа.


Параметрлерді жадында сақтайды

Электр қуаты жиі ажырайтын өңірде тұрсаңыз, мынадай жылытқыш сізге пайдалы болады. Жарық өшкенде ол соңғы жасалған баптауларды есінде сақтап қалады да, тоқ келгенде өздігінен қосылып, әрі қарай жұмыс істей береді. Қайта конфигурациялаудың қажеті жоқ.


Температураны сақтау

Термостатты жылытқыштар бөлмеде белгіленген температураны ұстап тұруға қабілетті. Оның корпусындағы сенсор температураны өлшеп тұрады. Бөлме ауасы қажетті шамаға дейін жылынғанда өздігінен өшеді. Екі-үш градусқа салқындаған кезде қайта қосылады.


Уақыт өлшеу функциясы

Таймер орнатылған жылытқыштар белгіленген уақытта өздігінен қосылып, баптауда көрсетілген уақытта өздігінен өшіп тұрады.


Үйді мұз қатудан қорғау

AntiFrost немесе AntiFreezing – жылыту жүйесі әлі жүргізілмеген ғимараттарда, құрылыс нысаны, саяжайда пайдасы зор режим. Құрылғы қабырғаларға мұз қатуына жол бермей, 5-7 градус температураны ұстап тұрады.

Антифриз режимі бар кейбір үлгілерде терезені сезу функциясы да бар. Бөлме ауасы температурасы 10-15 минут ішінде 5 градусқа немесе одан да көп төмендесе, құрылғы терезенің ашық екенін, бөлменің желдетіліп жатқанын түсінеді. Электр қуатын ысырап етпеу үшін өздігінен өшеді. Температура екі градусқа көтерілген кезде қайта қосылып, өшер алдында орнатылған режимде жұмысын жалғастырады.


Қабырғаға, төбеге бекіту

Конвекторлық жылытқыштарды еденге ғана емес, қабырғаға, төбеге орнатуға болады. Бұл кішкентай бөлмеде жылытқышқа орын табу қиын болғанда ыңғайлы. Сондай-ақ, балалар бөлмесі үшін де ең қауіпсіз жол.


Қауіп-қатерді сезеді

Кей жылытқыштар өзінен келетін қауіпті сезіп, өздігінен өшіп қалатын «ақылды» қабілетке ие. Мысалы, абайсызда пердемен жабылса немесе арнайы тіреусіз киім ілінсе, ол қатты қызып кетеді. Мұндай жағдайда өрт шығу қаупі үлкен. Бірақ жылытқыш қызып кетуден қорғаумен жабдықталғандықтан, рұқсат етілген температурадан асып кетсе, өздігінен өшеді. Мұндай опция барлығында бар деу қиын, алайда көпшілігінде қарастылырған.


Басқару панелін құлыптау

Үй жағдайында кішкентай балалардың басқару панелін шұқылап, құрылғыны қосуы, өшіруі немесе баптауды өзгертіп жіберуі жиі кездеседі. Бұл жағдайдан кей желдеткіштерде болатын «панельді құлыптау» режимі құтқарады.


Құлау кезінде өздігінен өшу

Үйде балалар не үй жануарлары болса, жылытқышта бұл режимнің болуы да көп қауіптің алдын алады. Мысалы, оны байқаусызда итеріп құлатып алса, өздігінен өшпейтін жылытқыштар айналаны күйдіреді. Тіпті өрт шығуы да мүмкін. құлаған жағдайда өздігінен өшу функциясы осындай қатердің алдын алады.

Күз – жылу мен жайлылықты қалайтын уақыт. Заманауи технологиялар көмегімен қалауыңызға қиналмай жетіңіз.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ