Бұл күн балалар үшін отбасымен, достарымен бірге қарсы алып, жағымды естеліктермен ерекшеленетін мереке.
Кез келген отбасы мен мемлекеттің ғұмырын әрі қарай жалғастыратын – өскелең ұрпақ. Сондықтан зайырлы мемлекеттерде балалар мен олардың құқығын қорғау мәселесі күн тәртібінен түспейді. Сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын арттыру мақсатында жыл сайын 1 маусым – Балаларды қорғау күні ретінде атап өтіледі. Осы ретте өткен жылдарға көз жүгіртіп, әңгімені мерекенің тарихынан бастауды жөн санадық.
Бұл атаулы күн қалай және қашан пайда болды?
Әлем елдері арасындағы қарама-қайшылықтардың салдары балаларға да зиян тигізетіні сөзсіз. Мәселен, өткен ғасырдағы дүниежүзілік майдандар мен түрлі саяси шешімдер қаншама бүлдіршінге жапа шектіріп, тіпті өмірлеріне балта шапқан. Ал, адамзат әлем бұл мәселені шешуі тиіс еді. Сол себепті, бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан соң, 1925 жылы Женева қаласында арнайы Дүниежүзілік конференция өткізіліп, соғыс зардабын тартқан балаларды қорғап, жағдайларын түзеу мәселесі қаралды. Сондай-ақ, осы жиынның ізін ала «Халықаралық балаларды қорғау күні» бастау алады. Енді «бұл мереке неге 1 маусымда атап өтіледі?» деген сұраққа үңіліп көрелік. Тарихи деректерге сүенсек, бұл жағдайға екі оқиға түрткі болған. Олар – дәл осы күні Женевадағы конференцияның өтуі және Қытайдың бас консулының Сан-Францискода жетім балаларға арнап айдаһар-кемелер мерекесін өткізуі екен.
Дегенмен, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де бұл мәселенің өзекті екендігі тағы бір рет айқын болған. Сөйтіп, 1949 жылдың күзінде «Халықаралық әйелдер демократиялық қауымдастығының» конференциясы өтіп, «әлемдегі жағдай тұрақты болса ғана балалар бақытты болады» деген ой айтылған. Соның ықпалымен бұл мереке ресми түрде бекітілген. Аталған шешімді енді құрылып, етек-жеңін жинай бастаған Біріккен Ұлттар Ұйымы да қолдап қана қоймай, балалардың құқығын қорғауды басты бағыттардың бірі ретінде белгілеген. Нәтижесінде, өткен ғасырдың ортасынан бастап бұл мереке оннан астам елде атап атап өтіле бастаған.
Ал, 1959 жылы әлемге ортақ арнайы декларация қабылданып, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, сапалы өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан қолдау жасау секілді қаулылар бекітіледі. Ал, 1979 жыл – «Халықаралық балалар жылы» ретінде бүкіл елде атап өтілсе, 1989 жылы балалар құқығы туралы конвенция қабылданады. Аталған конвенцияның мәртебесі декларацияға қарағанда жоғарырақ болды. Себебі, бұл балалрдың құқығын қорғайтын халықаралық кепіл құжат ретінде жасалып, оны әлемнің көптеген елі мен БҰҰ-ға мүше елдер де қабылдаған.
Сөз орайы келгенде, 1946 жылы БҰҰ жанынан балаларға қолдау көрсетуге арналған арнайы ұйым – ЮНИСЕФ құрылғанын да айта кетейік. Бұл ұйым әр елдің үкіметі мен жеке тұлғаларынан қайырымдылық қаражатын жинақтап, бюджетті балалар мәселесін шешуге бағытталған әлемдік арнайы қызмет жұмысын ұйымдастыру және оны іске асыруға жұмсайды. Ұйым бүлдіршіндердің өмірін жақсарту, түрлі жағдайда көмек көрсету, екпе салып, алғашқы көмек көрсетіп, өмірлері мен денсаулығын күту, даму тұрғысынан кенжелеп қалған мемлекеттердің балалры үшін арнайы оқу жүйесін ұйымдастыру сынды жұмыстарды басты мақсат етіп белгілеген.
Бұл күн не үшін керек және мақсаты қандай?
Бұл күн балалар үшін отбасымен, достарымен бірге қарсы алып, жағымды естеліктермен ерекшеленетін мереке. Сонымен қатар, дәл осы мереке қарсаңында балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлініп, түрлі мәселелерді шешу жолдары талқыланады. Түйткілдердің түйіні тарқатылып, ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға түрлі қолдаулар көрсетілетініне де куә болып жатамыз. Сонымен бірге, мереке аясында ересектердің бала әлемін, жандүниесін терең түсінуіне әсер ететін іс-шаралар да ұйымдастырылады. Яғни, мерекелік іс-шаралар адамдарды балалар құқығын қорғаудың мән-маңызына атүсті қарамауға шақырады.
Балалаларды қорғау күнінің өзіндік міндеттері де бар
Балаларды қорғау күнінің негізгі міндеті Халықаралық конвенцияда бекітілгендей, балалардың құқықтарын адамзаттың есіне салып, кеңінен дәріптеу. Олар жайлы құжатта былай жазылған: «Өмір сүру құқығы. Балалар өмірі түрлі әскери қақтығыстардан, ауыр сырқаттардан, аштық пен кедейліктен қорғалуы тиіс. Лайықты өмір сүруге, тәрбие алуға, оқуға және физикалық әрі рухани тұрғыда дамуына тең құқылы болу». Сонымен қатар, осы мереке аясында балаларды қорғауға қатысты шешілмеген мәселелер де қаралады. Атап айтсақ, балалардың аштықтың зардабын көруі, әскери соғыс, ЖИТС, ВИЧ-инфекция сынды аурулардан көз жұмуы, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерді ауыр еңбекке жегіп, құлдыққа сату, білім алуына жағдай жасалмау, заманауи технологияның кері әсері, ғаламторға тәуелділік, суицид, ішімдік пен есірткі және т.б.
Қазақстандағы жағдай қандай?
Ал, біздің елімізде балалар құқығын қорғау конвенциясы 1994 жылы қабылданып, құжаттағы басты талаптар Қазақстандағы балаларды қорғау жүйесінің негізіне айналған. Сонымен қатар, «отбасы және балалар мемлекет қорғауында болады» деп жазылған Ата Заңда аясында балалардың құқығын барлық деңгейде қорғайтын «ҚР балалар құқығы туралы» және ҚР «Неке және отбасы туралы» Заңдары қабылданған. Заң талаптарына сәйкес, бүлдіршіндердің өмірін, денсаулығы мен ар-ожданын қорғау, білім алу, мүліктік құқығы, мемлекеттік көмек және демалыс, бос уақытын тиімді өткізу сынды құқықтар нақтыланған.
Әлеуметтік сауалнама нәтижесі
Жуырда Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті әлеуметтік сауалнама жүргізіп, балаларға «Сіздің құқықтарыңыз жиі бұзылып тұра ма?» деген сұрақ қойған екен. Бұл сұраққа сауалнамаға қатысқан балалардың 38 пайыздан астамы «ешқашан», 30 пайыздан астамы «кейде», 23 пайыздан астамы «білмеймін», 3,7 пайызы «үнемі» және 4,7 пайызыы «жиі» деп жауап беріпті. Жас ерекшеліктері бойынша салыстырған кезде жас мөлшері ұлғайған сайын құқығы жиі бұзылатынын жеткізгендер көбейе түскен екен. Сондай-ақ, Шымкент, Түркістан, Алматы мен Атыраудағы 12-15 жас аралығындағы балалар құқықтарының жиі бұзылатынын жеткізген. Оған қоса, құқығы бұзылатын балалардың көбіне әрекет ету еркіндігіне шектеу қойылып, ар-ожданы қорланатыны, пікірлері елеусіз қалып, физикалық және психологиялық жазалау әдістері қолданылатыны анықталған.
Сондай-ақ, Қазақстанда 5-14 жас аралығындағы балалар және 15-24 жас аралығындағы жастар суициді өзекті болып отыр. Тиісінше, 2023 жылдың басындағы суицидке қатысты көрсеткіш бойынша еліміз 178 елдің ішінде 19-орында тұр. Ал, балалық шақтың ұзақтығы мен қорғалу бойынша 180 елдің ішінде 50-ші орында.
Дегенмен, бұл деректерге сүйеніп, елімізде балаларды қорғау іс-шаралары тұралап қалған деп ойлауға болмайды. Мәселен, былтыр ел президентінің тікелей тапсырмасымен «2022 жылы – Балалар жылы» деп бекітіліп, жыл бойы балаларды қорғау саласында жұмыстар атқарылған. Құзіретті органдарда қол қусырып отыр деп айта алмаймыз.
Биыл бұл мереке қалай атап өтіледі?
2023 жылы елімізде «Балаларды қорғау күніне» орай, яғни ертең мыңнан астам іс-шара өткізіледі. Дәлірек айтсақ, балаларды қорғау жолында барлық құрылымдардың күшін біріктіретін «Балалар игілігі үшін!» республикалық акциясы аясында көптеген іс-шараларды өткізу жоспарланған. Тиісінше, ел көлемінде өтетін мыңдаған мерекелік іс-шараға 3 миллионнан астам бала мен ата-ана қатыспақ. Барлық қалалар мен облыс орталықтарының саябақтарында мерекеге арналған гала-концерттер, мәдени-ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, балалар мұражай, саябақ, театрлар мен спорт нысандарына экскурсия жасайды. Бірқатар өңірде «BALAFEST» балалар фестивалі өткізіліп, жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болмақ.
Сонымен қатар, жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және арнайы санатқа жататын отбасыларда өсетін балаларға қолдау көрсету мақсатында «Мейірімділік – балаларға» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Өз кезегінде аталған сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жас жеткіншектеріміздің қоғамда еркін әрі кедергісіз өмір сүруіне ықпал етеді деп сенеміз.
Балаларын қорғаған мемлекет – болашағын қорғаған мемлекет!
Б.Мейірханұлы,