150 адам Nur Otan қатарынан шығуға арыз жазды – облыстық филиал түсініктеме берді

0
703

Семей мәслихатының үш депутаты өз өкілеттілігін тоқтатты. Екеуі партия қатарынан шығуға арыз жазды. Артына тағы 150-ден адам партиялық билеттерін тапсыра бастады.


150 адам Nur Otan қатарынан шығуға арыз жазды – облыстық филиал түсініктеме берді

ERNUR.KZ. Nur Otan партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков Семейдегі депутаттардың демаршына қатысты пікір білдірді, деп жазады sputnik.kz.

Бұған дейін қалалық мәслихат депутаттары Дулат Қажмұханбет пен Айдос Қисаменов өз еркімен өкілеттіліктерін тоқтатып, партия қатарынан шыққанын мәлімдеді.

Олардың айтуынша, қаңтардағы оқиғалар кезінде партия үнсіз қалды. Мәслихат жұмысына да қанағаттанбайды. Екеуінің депутаттық институттан көңілі қалды. Артынан Айдос Қисаменов осы шешімді тағы 150-ден астам адамның қолдағанын және Nur Otan қатарынан шыққананын хабарлады.

Олег Чугунков екі мәслихат депутатынан партия қатарынан шығу туралы өтініштің түскенін растады. Ал 150 адам бойынша тексеріс жасап, барлық өтінішті тіркеуден өткізу керектігін айтты.

"Бізде семейлік филиалда партияның 7 000-нан астам мүшесі бар. Партияға қабылдауға да, одан шығаруға да өтініштер қатар түсіп жатады. Күн сайын Nur Otan қатарына өтемін дейтіндердің атынан 400 арыз, ал шығатындардың атынан 100 арыз түседі. Депутаттық – бұл қызмет қана емес, нақты жұмыс, өзіндік міндеттері де бар. Егер адамдар партиямен жолымыз бір емес десе, онда ықтияры өзінде, жолдары болсын. Ешкімді қинамаймыз", – деді Чугунков.

Оның айтуынша, партия үшін бір уақытта 150 адамның кетуі штаттан тыс жағдай емес.

Чугунков екі депутаттың "жергілікті билік қаңтардағы оқиғалардан кейін сенімнен айрылды" деген сөзімен келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, митингтер кезінеде Nur Otan партиясының мүшелері де халық алдына шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Айта кетері, мәслихаттың VII шақырылымы өз жұмысын бастағалы бері төрт депутат өз еркімен өкілеттігін тоқтатты. 2021 жылы шілде айында Арман Машимов бірінші болып өз мандатын тапсырды.

Оның айтуынша, мәслихат аппаратының енжарлығы тиімді жұмыс жасауға кедергі жасап отыр.

28 қаңтарда Nur Otan партиясының кезектен тыс съезі онлайн режимде өтеді. Осы шарада президент Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы қызметіне сайланады деген жоспар бар.