Қазақстанда бұл диагнозбен шамамен 500 мың адам өмір сүреді.
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі нақтылағандай, қант диабеті – әлемде ең кең таралған жұқпалы емес аурулардың бірі.
Қазақстанда бұл диагнозбен шамамен 500 мың адам өмір сүреді. Аталған дерт бір реттік емді емес, тұрақты бақылауды талап етеді. Оған талдаулар тапсыру, дәрігер кеңестері және емді түзету кіреді.
Осылайша, 2026 жылдан бастап қант диабеті бар науқастарды емдеу және диспансерлік бақылау МӘМС жүйесі аясында көрсетіледі.
"Яғни барлық жоспарлы қабылдаулар, қажетті тексерулер мен дәрі-дәрмектер қосымша төлемсіз қолжетімді болады. Басты шарт – МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы", – делінген Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Сондай-ақ мәртебе алу үшін соңғы 12 ай қатарынан жарналардың төленуі қажет екені айтылды.
Өзін-өзі төлеушілер ай сайын 4 250 теңге, яғни жылына 51 000 теңге төлейді.
МӘМС жүйесіндегі мәртебені келесі жолдар арқылы тексеруге болады:
- Telegram желісіндегі SaqtandyryBot;
- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының msqory.kz сайты;
- Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;
- eGov.kz сайты немесе eGov mobile мобильді қосымшасы;
- сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің кейбір мобильді қосымшалары арқылы.
Айта кетейік, 2025 жылғы 11 желтоқсанда біз елдегі жүкті әйелдер үшін МӘМС жүйесінің қалай жұмыс істейтіні туралы жазған едік.


