2026 жылдан бастап қарызын төлемей жүргендердің зейнетақы шоттары бұғаттала бастайды

0
95

Жаңа ережелерге сәйкес, қарыздары бар жұмыс берушілердің есепшоттары мен кассалық операциялары уақытша тоқтатылуы мүмкін.


2026 жылдан бастап қарызын төлемей жүргендердің зейнетақы шоттары бұғаттала бастайды

ERNUR.KZ. Қазақстан Үкіметі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті және кәсіптік зейнетақы аударымдарына жаңа тәртіп енгізетін қаулы қабылдады, деп жазады baq.kz.

Жаңа ережелерге сәйкес, қарыздары бар жұмыс берушілердің есепшоттары мен кассалық операциялары уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Егер жұмыс берушінің зейнетақы аударымдары бойынша қарызы 6 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 2026 жылы 1 АЕК = 4 325 теңге, яғни 25 950 теңгеден асса, жергілікті мемлекеттік кірістер органынан 5 жұмыс күні ішінде хабарлама келеді. Хабарлама алғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде қарыз төленбесе, қарыз иесінің барлық шығыс операциялары мен кассадағы төлемдері тоқтатылады.

Жаңа тәртіп зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге аударым жасайтын жұмыс берушілерге де қатысты. Олар әр қызметкер үшін кәсіптік зейнетақы аударымдарын өз есебінен ай сайын төлеуге міндетті.

Сонымен қатар жаңа ережелер өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға, жеке кәсіпкерлерге және интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтарға да қатысты. Оларға аударымдарды есепті айдан кейінгі айдың 25-іне дейін жүргізу міндеті қойылады. “Платформалық жұмыспен қамтылу” ресми түрде ережеге енгізілді. Бұл интернет-сервистер мен мобильді қосымшалардың платформалар арқылы қызмет көрсететін жеке тұлғалар үшін аударымдарды жинаушы агентке айналатынын білдіреді.

Жаңа ережелер бойынша, ай сайынғы табыстар есептелгенде салық кодексінде көрсетілген барлық төлемдер есепке алынады, тек белгілі төлемдер салықтан босатылған жағдайда ғана есепке қосылмайды.