27 наурыз - Дүниежүзілік театр күні

0
981

Балаева театр күнімен құттықтады.


27 наурыз -  Дүниежүзілік театр күні

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында Дүниежүзілік театр күнімен құттықтап, жетістіктеріне тоқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

"Ардақты өнерсүйер қауым! Құрметті театр майталмандары! Бүгін бүкіл әлем Театр күнін атап өтуде. Сөз жоқ, осынау адамзат руханиятының бекзат өнері - қасиетті сахна құдыретін түсінетін әрбір жан үшін ерекше мән мен маңызға ие. Ендеше, баршаңызды осы бір атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын! Кезінде Мұхтар Әуезовтың: "Театр — сымбатты өнердің ішіндегі ең зоры", - деген әйгілі сөзі - осы күні саны жыл санап көбейе түскен театрал-қауымның рухани талғамына берілген биік баға. Бұл туралы театр өнерінің ең үлкен қамқоршысы ретінде Мемлекет басшысының да назар бөлек, қолдауы нақты. Атап айтсақ, бүгінде елімізде 67 театр жемісті еңбек етіп келсе, оның 22-сі Тәуелсіздік жылдарында ашылған. Осы уақыт ішінде 10 жаңа ғимарат салынды. Үш республикалық театр "халықтық" мәртебесін абыроймен арқалап жүр, өңірлік театрлар да дамып келеді, оның бесеуіне "академиялық" мәртебесі берілді. Бұл салада 20 мыңға жуық театр майталманы еңбек етсе, оның 19-ы халық әртісі атағын алған, ал 1 мыңнан астамы "Құрмет", "Парасат" ордендерінің және Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерлері атағының иегерлері, - деп жазады Балаева.

Министр мәдениетімізді сақтауға және дамытуға үлес қосып жүрген барша өнер иелеріне алғыс айтып, соңғы жылдары халықтың театрға деген қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.

Шын мәнінде, бұл біздің ұлтымыздың ең құнды да қазыналы адами әлеуеті. Сондықтан да мен мәдениетімізді сақтауға және дамытуға үлес қосып жүрген барша өнер иелеріне алғыс айтамын. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіздің жемісін қоғам сезініп, мемлекет қашан да қолдайды. Жаңа атап өткенімдей, соңғы жылдары халықтың театрға деген қызығушылығы артып келе жатыр. Репертуарлық саясаттың оң динамикасы мен дамуы байқалады. Театр репертуарында бүгінде 2,5 мың спектакль бар. Өткен жылдың өзінде 12 мыңнан астам спектакль сахналанған, оны 2,5 миллионнан астам көрермен тамашалады. Сондай-ақ 66 мыңы шетелде гастрольдік сапарларда қойылды. Міне, осының барлығының түбінде Сіздердің - театр майталмандарының еңбегі жатыр. Сіздің өнерге адалдықтарыңызға, шеберлік пен таланттарыңызға мың алғыс! Өнерлеріңіз көпшіліктің көңілінен шығып, жақсылыққа жаршы бола бергейсіздер! Дүниежүзілік театр күні құтты болсын!, - деді Балаева.