Ерлі-зайыптылар 2022 жылы ажырасып кеткен.
ERNUR.KZ. Қайғылы оқиға Ақтөбе облысы Сарқұл ауылында болған, деп жазады baq.kz.
Бұл туралы "НеМолчиKZ" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі мәлім етті. Айтуынша, сұмдық оқиға 31 қаңтарда болғанымен, марқұмның туыстары оларға кеше хабарласқан. Қор басшысы атап өткендей, ерлі-зайыптылар 2022 жылы ажырасып кеткен.
Айбану 2022 жылы күйеуімен ажырасып кеткен. Ер адам балаларға алимент төлемеген, олармен араласпаған. Керісінше басқа келіншекпен жаңа өмір бастаған. Дегенмен екі жылдан кейін қайтып оралған. Айбану балалары кішкентай болған соң кездесуге келіскен, - деді Дина Таңсәрі.
"НеМолчиKZ" қорының жетекшісі Айбану күйеуінің қолынан қалай қаза тапқанын айтып берді.
Айбану шай қоймақ болып, артқа бұрылған кезде бұрынғы күйеуі алқымынан алып, тұншықтырып өлтірген. Ол солай шешті. 31 қаңтардан 1ақпанға қараған түні адам өлтіруді жоспарлап, іске асырды. Ал басқа бөлмеде оның кішкентай балалары ұйықтап жатқан. #НеМолчиKZ ұжымы бұл қайғылы оқиға жайлы хабары болмады. Бүгін таңертең бізге Айбанудың жақындары хабарласты, - деді ол.
Оның сөзінше, ер адам әйелін өлтіруді алдын ала жоспарлаған. Өйткені ол қаладан жалдап келген таксиге күтуді бұйырған.
Айбану Ақтөбе облысы Сарқұл ауылында тұрған. Жақындарының сөзінше, ер адам Ақтөбеден такси жалдап келіп, таксиске ауылдың шетінде күтіп тұруды бұйырған. Яғни, ол адам өлтіруді алдын ала мұқият жоспарлаған. Бұл адам барлығын алдын ала есептеп қойған! Біздің пайымдауымызша, оның мұндай қадамға баруына ортақ жылжымайтын мүлік түрткі болған. Ол оны бөліскісі келмеген. Айбану қалада тұра алмай, ауылға көшіп кеткен, ақша жағынан қиналған. Олардың бұрынғы күйеуімен ортақ пәтері болды. Балалардың да баспанасы болғанын қалаған әйел пәтерді бөлісуді сұраған. Қаскөй Айбануды тұншықтырып өлтіріп, сол таксимен қайта кеткен. Үйде көз жұмған анасының қасында үш кішкентай баласы қалған. Таңертең балалар анасын оята алмай жылаған. Қазір балаларды Айбанудың әпкесі қолына алды. Алайда балалар күнде "анамыз қашан келеді" деп сұрайды екен. Ішкі істер министрлігіне осы істі жеке бақылауға алуды сұраймыз, - деп түйіндеді Таңсәрі.