32 жылда Қазақстан халқы 4 млн-ға, өзбекстандықтар 15 млн-ға артты – депутат

0
493

Халық қалаулысы Өзбекстандағы демографиялық саясат жөніндегі мемлекеттік комитетті құру тәжірибесін қабылдауды ұсынып отыр.


32 жылда Қазақстан халқы 4 млн-ға, өзбекстандықтар 15 млн-ға артты – депутат

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева елдегі демографиялық мәселені көтерді, деп жазады inbusiness.kz.

"32 жыл ішінде біздің халықтың өсімі небәрі 4 миллионға, ал көршілес Өзбекстанда осы кезеңде халық саны 15 миллионға өсті. Халқымыздың саны аз, тығыздығы төмен. Әлем бойынша 184-інші орындамыз, жеріміздің 100 гектарына 7 адамнан келеді. "Бос жатқан жер жау шақырады" демекші, біз демографиялық мәселелерді қалай шешеміз? Біріншіден, халықтың табиғи өсуімен, екіншіден көші-қонның жоғарылауымен. Табиғи өсуді қамтамасыз ету үшін алдымен отбасыларды қолдауымыз қажет", - деді ол депутаттық сауалында.

Депутат елімізде отбасы саясаты мәселелерімен айналысатын жалғыз мемлекеттік орган – Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Жастар және отбасы істері комитеті екенін айтты. Сөзінше, отбасылық саясат басқармасында 4 адам ғана жұмыс істейді, ал өңірлерде комитет өкілдері мүлдем жоқ.

"Өзбекстандағы демографиялық өсімнің оң динамикасын ескере отырып, отбасылардың әл-ауқатын арттыру мақсатында, сол елден Үкімет жанындағы, Отбасы, әйелдер, балалар және демографиялық саясат жөніндегі мемлекеттік комитетін құру тәжірибесін қабылдауды ұсынамыз. Комитет құру туралы алғашқы ұсынысты 2019 жылы жолдаған болатынмын. 5 жыл бұрын бұл ұсыныс қолдау таппады. Бұл комитеттің негізгі міндеті – мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіретін, сондай-ақ аналар мен балалардың құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз ететін, және отбасылардың өмір сүру жағдайын жақсартуға ықпал ету", - деп жалғастырды Танашева.

Бұдан бөлек депутат елге оралғысы келетін адамдарға жағдай жасауға, бюрократиялық рәсімдерді жоюға шақырды.