Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирус инфекциясын 15 877 адам жұқтырса, 9 902 науқас жазылып шықты.
ERNUR.KZ. Елорданың денсаулық сақтау басқармасы коронавирустан қайтыс болған адамдар туралы ақпарат таратты, деп жазады sputniknews.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, 38 жастағы бір ер адам бірнеше күн бойы ауырған. Ауруханаға бармады, үйде жатып, өз бетімен емделді.
"12 маусымда дене қызуы күрт көтеріліп, тыныс алуы қиындаған. Сол кезде науқас жедел жәрдеммен стационарға жеткізілген. Жағдайы ауыр болды. Оны бірден жан сақтау бөліміне жатқызып, жасанды тыныс алдыру аппаратына қосты. Алайда реанимациялық шаралар оны құқтара алмады", - дейді дәрігерлер.
Ал 38 жастағы әйел әлсіздік пен құрғақ жөтелге шағымданып, ауруханаға жатқызылған. Бірақ дене қызуы 38 градустан түспей қойды. Оны жан сақтау бөліміне жатқызуға шешім қабылданды. Бірақ науқас қайтыс болды.
56 жастағы әйел де өздігімен емделген. Бірнеше күннен кейін жағдайы нашарлап, жан сақтау бөліміне түскен. Оны да жасанды тыныс алдыру аппаратына қосты. Қант диабеті мен артериалды гипертензия сияқты аурулары болды. Науқас жан сақтау бөлімінде қайтыс болды.
"68 жастағы тағы бәр әйел ауа жетіспей тұрғанын айтып, бойында демікпе мен әлсіздік бар деп шағымданған. Оны бірден жан сақтау бөліміне жатқызып, жасанды тыныс алдыру аппаратына қосты. Бірақ реанимациялық шаралар нәтиже бермеді", - деп атап көрсетті мамандар.
Бұдан бөлек, 69 жастағы әйелдің тыныс алуы қиындап, жан сақтау бөліміне түскен. Жүрек-тамыр қызметінің жетіспеушілігі, эндогенді интоксикациясы болған. Өкпесі қабынып ол да жан сақтау бөлімінде көз жұмды. Ал 70 жастағы әйел бір апта бойы ауырды. Демікпе дертімен есепте тұрған. Коронавирус жұқтырғаннан кейін жағдайы күрт нашарлап, жан сақтау бөлімінде қайтыс болды.
Айта кетейік, соңғы дерек бойынша Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустан тағы үш науқас қайтыс болды. Оның екеуі 1946 және 1952 жылы туған әйелдер болса, біреуі 1963 жылы дүниеге келген ер азамат. Жалпы Қазақстанда коронавирустан қайтыс болған адамдардың саны 100-ге жетті.


