5 қаңтарда Алматыға 20 мың адам келді – Ерлан Тұрғымбаев

0
915

Олар жақсы қаруланған және жан-жақты ұйымдастырылған.


5 қаңтарда Алматыға 20 мың адам келді – Ерлан Тұрғымбаев

ERNUR.KZ. 5 қаңтарда Алматыға 20 мың адам келді, деп хабарлады ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев. Олар жақсы қаруланған және жан-жақты ұйымдастырылған, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"5 қаңтарда Алматының түкпір-түкпірінен 20 мыңға жуық адамнан тұратын ұйымдасқан топ бір уақытта қала орталығындағы алаңға жетіп, әкімдік ғимаратын басып алуға қайта әрекеттенді. Сонымен бірге олар жақсы қаруланған және жан-жақты ұйымдасқан. Олар едәуір көп болғандықтан бірнеше қорғаныс шебін бұзып өтіп, ғимаратқа кірді. Кездейсоқ адамдар құрбан болмау үшін шабуыл кезінде полиция шегінуге мәжбүр болды", - деді Тұрғымбаев.

Мүлік жойылып, тоналды, ғимараттар өртелді. Полиция қызметкерлері мен әскери училищенің курсанттарын ұрып-соғып, жәбірлеп, арнайы құралдары мен формасын тартып алған.

Сондай-ақ ІІМ басшысы тәртіпсіздіктер кезінде 1300-ден астам полиция қызметкері, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігінің әскерилері, сондай-ақ арнайы органдардың қызметкерлері жараланғанын айтты.

"Қарулы қылмыскерлер бір уақытта қала көшелерінде бей-берекет оқ жаудырып, полиция қызметкерлерін, әскерилер мен қарапайым азаматтарды өлтірді. Олар сауда және ойын-сауық орталықтарын, қаржы институттарын талқандап, банкоматтарды бұзып ашты", - деді ол.

Қылмыскерлер билік органдарының беделіне нұқсан келтіру үшін полиция қызметкерлері мен әскерилердің формасын киіп, заңсыз әрекеттерге барған.

Тәртіпсіздіктер кезінде 400-ден астам көлік бүлінді және жойылды, оның 346-сы полицейлер көлігі.