ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде қолданылатын смартфондардың басым бөлігі көлеңкелі айналымда.
ERNUR.KZ. Осыған орай, абоненттік құрылғыларды сәйкестендіру тәртібі енгізілді, kz-imei.kz порталы арқылы тіркеу және заңдылықты тексеру тетігі іске қосылды. Бұл шара тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, салық түсімдерін арттыруға және заңсыз сауданы қысқартуға бағытталған. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникацияар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, сарапшылар мобильді құрылғыларды өндірушілердің бірін мысалға ала отырып, жыл сайын әкелінетін смартфондар бойынша бюджетке түспейтін төлемдерді есептеген. Ресми дистрибуторды мысалға ағанда, 2024 жылғы салық түсімдерінің нақты сомасы 30 млрд теңгеден асады.
«Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл көрсеткіш елімізде сатылған және іске қосылған барлық құрылғылардың жалпы санының 25% құрайды. Тиісінше, сатылатын смартфондардың шамамен 75%-ы ел аумағына заңсыз әкелініп, іске қосылған. Яғни, бұл көлеңкелі бизнес. Бюджетке түспеген салық түсімдерінің сомасы 70-80 млрд теңгеге жетеді», - деді Дамир Сейсембеков.
Заңсыз сатылатын смартфондардың басты проблемасы – алаяқтық, жосықсыз бәсекелестік.
25 наурыздан бастап Қазақстанда мобильді құрылғылардың IMEI-кодтарын міндетті түрде сәйкестендіру енгізілді. Абоненттік құрылғыларды сәйкестендіру үшін бірыңғай цифрлық инфрақұрылым құру тіркелмеген және заңсыз әкелінген құрылғылардың айналымын шектеуге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, оларға ресми түрде кепілдік берілген заңды техниканы сатып алуға мүмкіндік береді. Құрылғылардың толық функционалына қолжеткізуді қамтамасыз етеді, оның ішінде, Қазақстан аумағында бұрын қолжетімсіз болған функцияларға. Сонымен қатар, салық түсімдері артады, халықаралық брендтердің ресми өкілдіктерін нарыққа шығуға, оның ішінде, фирмалық дүкендер, сервистік орталықтар және уәкілетті сату нүктелерін ашуға ынталандырады. Бұл өз кезегінде, бәсекелестікке және логистикалық делдалдарды жою арқылы құрылғылар бағасының төмендеуіне ықпал етеді.
«Елімізге әкелінген телефондар IMEI кодтарын өндірушілерге тарататын халықаралық GSMA базасымен сәйкестендіріледі. Яғни, телефондар ұрланбаған, жаңарту үшін қалпына келтірілген пайдаланылған телефондар емес. Сонда түпнұсқа құрылғылар деген түсінік болады», - деді Дамир Сейсембеков.