​«Адалдық дүкендері» алақол сатып алушылардың кесірінен банкротқа ұшырап жатыр

0
1 061

Біздің адамдар уақытын жоғалтпау үшін, кезекте тұрмау үшін кез келген нәрсеге төлем жасауға дағдыланып алған. Біздің ең бірінші міндетіміз - қоғамның тұрмыстық жемқорлыққа көзқарасын өзгерту.


​«Адалдық дүкендері» алақол сатып алушылардың кесірінен банкротқа ұшырап жатыр

ERNUR.KZ. Еліміздің өңірлеріне сатушысы жоқ 3,5 мың «Адалдық дүкені» ашылған. Бұл туралы бүгін «Жемқорлықтан азат өңірлер» жобасының жетекшісі Жанар Тайжанова айтты, жазады ҚазАқпарат.

«Өкінішке орай азаматтар дәрігерге барғаны үшін, емтиханды сәтті тапсырғаны үшін, қандай да бір жұмысын жедел бітіргені үшін, мемлекеттік органда қандай да бір құжат алғаны үшін «рахметін» білдіру норма деп санайды. Бұл дұрыс емес. Бірақ, біздің адамдар уақытын жоғалтпау үшін, кезекте тұрмау үшін кез келген нәрсеге төлем жасауға дағдыланып алған. Біздің ең бірінші міндетіміз - қоғамның тұрмыстық жемқорлыққа көзқарасын өзгерту», - деді ол.

Оның айтуынша, «Жемқорлықтан азат өңірлер» жобасы бұл бағыттағы жұмыстарын «Адалдық дүкендерін» ашудан бастаған.

«Бүгінгі күні бүкіл елімізде адамдарды жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікке тәрбиелеуі тиіс 3,5 мыңнан астам «Адалдық дүкендері» құрылды. Жоба идеясына орай сатушысы жоқ дүкенге келген адам өзіне қажетті тауарды алғаннан кейін ақшаны касса аппаратының орнын басатын арнайы жәшікке салып кетеді. Бұл адамдарды адалдыққа тәрбилеуі тиіс. Себебі адам өз ар-ұятымен жалғыз қалады», - деді Ж.Тайжанова.

Дегенмен, жоба жетекшісінің айтуынша, кейбір өңірлердегі «Адалдық дүкендері» сатып алушылардың алған затына төлем жасамауы салдарынан банкротқа ұшыраған.