АЭС салатын ауданды таңдау кезінде өңірлердің сейсмикалық жағдайы ескеріледі

0
797

Биыл атом электр станциясын салу технологиясына қатысты түпкілікті шешім қабылданып, базалық жобалау басталады.


АЭС салатын ауданды таңдау кезінде өңірлердің сейсмикалық жағдайы ескеріледі

ERNUR.KZ. Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов атом электр станциясына арналған орынды таңдау кезінде сейсмикалық қауіпсіздікке ерекше назар аударылатынын айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында елімізде атом электр станциясы салынатын орында таңдау кезінде сейсмикалық қауіпті өңірлерді зерттеуге қатысты сұрақ қойылды.

«Сейсмикалық қауіпсіздік мәселесі міндетті түрде ескеріледі. Қоғамдық талқылау бойынша ескерілген жұмыстар нақты ауданды айқындауға бағытталған. Нақты орынды жобалық негіздемені дайындаған кезде айқындаймыз. Құрылыс жұмыстарын бастау үшін кем деген үш орын қарастырылатын болады. Бұл іс-шаралардың әр кезеңінде сейсмикалық жағдайға назар аударылады», - деді Асхат Хасенов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл атом электр станциясын салу технологиясына қатысты түпкілікті шешім қабылданып, базалық жобалау басталады.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов АЭС салатын ауданды таңдау мәселесі қоғамдық талқылауға жуырда шығарылатыны туралы айтқан еді.

«АЭС-ті орналастырудың оңтайлы алаңы ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданы ұсынылды. 2023 жылы АЭС-ті салатын ауданды таңдау мәселесі қоғамдық талқылауға шығарылады», - деді министр.