Ағасы ұрып өлтірді деген қыздың өліміне қатысты тың дерек шықты

0
1 381

Бір перзентінен айрылып, екіншісі сотталғалы жатқан ерлі-зайыптының бес баласы болған.


Ағасы ұрып өлтірді деген қыздың өліміне қатысты тың дерек шықты

фото кадрдан скринделген

ERNUR.KZ. Планшетке таластың соңы қайғылы аяқталды. Таразда туған қарындасын өлтірді деген күдікпен 15 жастағы бала ұсталды. Жасөспірімнің бұл әрекетіне қыздың гаджетті бермей қойғаны себеп болған көрінеді. Көршілерінің айтуынша, 10 жастағы қыз ұйқыға жатқанда ағасы балғамен ұрыпты, деп жазады ktk.kz.

Сұмдық оқиға қаланың шеткі ауданында болды. Қаралы үй. Аулада қаптаған адам. Бірақ қайғыдан қан жұтқан жандардың ешкіммен сөйлесуге зауқы жоқ.

Қанды қылмыс түнгі 12 шамасында болыпты. Ауылдастардың айтуынша, ағасы мен қарындасы арасындағы планшетке талас күндіз басталған. Тіпті осы даудан кейін 10 жастағы қыз көршінің үйіне қашып келген.

Шынар Мырзахметова, көршісі: - Қызды үйден шығарып жіберген. Келіп біздің талдың астына жатты. Қатты жауын жауып тұрды. Үстіне жабатын көрпеше алып жатты. Менің қолшатырымды алды. Сындырып қоя ма деп, қайтарып алдым. Сосын үйіне кеткен.

Үйіне қайта оралған жеткіншекті өзінің туған ағасы тәтті ұйқыда жатқан жерінен балғамен ұрып өлтірген дейді көршілері. Ал денесін далаға сүйреп шығарып тастап, өзі түк болмағандей көппен бірге бауырын іздеген көрінеді. 4-сынып оқушысының өлі денесі көрші үйдің маңындағы бағананың түбінен табылған. Оны ең алғаш ауылдастың бірі анықтап, дереу жедел жәрдем шақыртыпты.

Сол куәгердің айтуынша, марқұмның басына қатты соққы тиген болуы мүмкін. Әрі ол жойқын болса керек. Себебі, оның бас сүйегі жарылып кеткен.

"Көргенімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Әлі өз-өзіме келе алатын емеспін. Басы қақ айырылған. Миы шашылып кеткен. Айналаның бәрі қан болды" - дейді куәгер.

Тәртіп сақшылары бұл дерекке қатысты толық ақпар бермеді. Тек қайғылы жағдайдың болғанын және күдіктінің қамауға алынғанын растады.

"Тергеу амалдарын жүргізу барысында жәбірленушінің ағасы 15 жасар күдікті анықталып ұсталды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 99- бабы 3-тармағы (жас баланы өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленіп, Тараз қаласының тергеу изоляторына қамалды" - дейді Тараз қалалық ПБ 2 полиция бөлімі бастығының орынбасары Жандос Мәметқұлов.

15 жастағы бала қарындасын өлтірді дегенге көршілерінің көбі сенбейді. Ол тумысынан момын, жуас еді деп отыр. Ал қаза тапқан 10 жастағы қыз төрт жылдан бері каратэмен шұғылданған екен. Айта кететін жағдай, бір перзентінен айрылып, екіншісі сотталғалы жатқан ерлі-зайыптының бес баласы болған.