Бағдарламаға 45 млрд теңге бағытталады.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. «Ұмай» және «Жасыл ипотека» ипотекалық бағдарламаларын қаржыландыру осы жылдың шілде-тамыз айларында басталады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Отбасы банк басшысы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Отбасы банк Азия даму банкімен меморандумға қол қойған. Қазір барлық қажетті ресми құжаттарға қол қою процесі жүріп жатыр.
«Қаржыландырудың жалпы көлемі 90 млрд теңгені құрайды. Жоспар бойынша қаражаттың 50 пайызы «жасыл» ипотекаға, ал тағы 50 пайызы «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына бағытталады. Осылайша, әр бағдарламаға 45 млрд теңгеден келеді», - деді Ибрагимова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Азия даму банкі биржада теңгемен облигациялар шығарады. Егер олардың мөлшерлемесі шамамен 16 пайыз болса, ипотека шамамен 17 пайызбен беріледі.
«Қазіргі уақытта біз биржадағы облигациялар бойынша кірістілік мөлшерлемесі біршама төмендеуін – шамамен 14–12 пайыз немесе 13 пайыз деңгейіне дейін түсуін күтіп отырмыз. Осыдан кейін бағдарламаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Алдын ала жоспар бойынша бағдарлама шілде – тамыз айларында басталады деп күтілуде», - деді Отбасы банк басшысы.


