АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қоғамның көзқарасын жақсарту қажет – Смайылов

0
716

Үкімет басшысының атап өтуінше, Адамның иммун тапшылығы вирусы белгілері және жұқтыру жолдары туралы адамдарға кеңінен ақпарат беру қажет.


АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қоғамның көзқарасын жақсарту қажет – Смайылов

ERNUR.KZ. Адамның иммун тапшылығы вирусымен өмір сүретін адамдарға қоғамның көзқарасын жақсарту қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Өткен жылы елімізде иммун тапшылығы вирусымен ауыратын науқастарға арналған әлеуметтік жобаларға небәрі 7 үкіметтік емес ұйым тартылды. Бұл – өте аз. Сондықтан, Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, осы жұмыстарға үкіметтік емес ұйымдарды тарту үшін әлеуметтік гранттар мен тапсырыстар санын кеңейтуі керек», - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының атап өтуінше, Адамның иммун тапшылығы вирусы белгілері және жұқтыру жолдары туралы адамдарға кеңінен ақпарат беру қажет.

«Соңғы уақытта мұндай жұмыс өкінішке орай, нашарлап кетті. Адамдардың көпшілігі сақтық шараларына салғырт қарауда. Сонымен қатар қауіпті вируспен өмір сүретін адамдарға қоғамның көзқарасын жақсарту қажет. Денсаулық сақтау және Ақпарат министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, ақпараттық материалдар, роликтер, әлеуметтік желілер арқылы халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет», - деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы санитариялық-эпидемиологиялық қызметтер тарапынан халыққа медициналық қызметтерді, сол сияқты жұқтыру қаупі бар басқа да ем-шаралар көрсету кезінде инфекциялық қауіпсіздікке қатаң бақылау жасалуы керектігін баса айтты.