Айыппұлдың орнына түрме: Ақтөбе облысында полиция қызметкеріне шыққан үкім өзгертілді

0
571

Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді.


Айыппұлдың орнына түрме: Ақтөбе облысында полиция қызметкеріне шыққан үкім өзгертілді

ERNUR.KZ. Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Мұғалжар аудандық сотының аудандық полиция бөлімі бастығының бұрынғы орынбасары Сағынжан Бекбаевқа шыққан үкімді апелляциялық тәртіппен қайта қарады, деп жазады ulysmedia.kz.

Тағылған айып

Тергеу деректері бойынша, Сағынжан Бекбаев өзінің туысы Нұргүл Нүкешева арқылы қылмыстық іс оң нәтижемен шешілуі үшін 900 мың теңге алмақ болған. Сол кезде оны антикор қызметкерлері ұстаған.

Бірінші сатыдағы соттың үкімі

Бекбаев қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі (өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, лауазымды тұлға бола отырып, алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін ұрлауға қастандық жасау) деп танылды. Үкімге сәйкес, 9 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

Нүкешева бөтеннің мүлкін ұрлауға көмектескені үшін сотталып, 3 млн 450 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды.

Апелляция

Апелляциялық іс прокурордың өтініші бойынша қаралды. Прокурор сот үкімін өзгертуді және Бекбаевқа бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Адвокаттар өз кезегінде Бекбаев пен Нүкешеваны ақтауды өтінді.

Сот алқасы сотталғандардың іс-әрекеттері дұрыс сараланған деген қорытындыға келді. Алайда Бекбаевқа тағайындалған айыппұл түріндегі жаза қылмыстық құқықбұзушылықтың ауырлығына сәйкес келмейді және "шамадан тыс жұмсақтық салдарынан әділетсіз саналады".

Сот алқасының қаулысымен сот үкімі өзгертілді. Сот Бекбаевты мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындады. Нүкешеваның жазасы өзгеріссіз қалды.

Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді.