Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД жеке құрамынан 29 адам мен 5 арнайы өрт сөндіру техникасы, «KazHorseMugalzhar» ЖШС-ның 55 жұмысшысы және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері тартылды.
ERNUR.KZ. Ақмола облысында 800 гектардан астам жер өртке оранды. Оның 650 гектарында тілсіз жау ауыздықталса, 200 гектарда сөндіру жұмыстары жалғасуда, деп жазады ҚазАқпарат.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 8 тамыз күні сағат 21:15 шамасында Ерейментау ауданындағы Қойтас ауылдық округінің аумағында 650 гектар далалық алқапта өрт шықты.
«Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД жеке құрамынан 29 адам мен 5 арнайы өрт сөндіру техникасы, «KazHorseMugalzhar» ЖШС-ның 55 жұмысшысы және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері тартылды. Бүгін таңертең сағат 09:00 шамасында өрт сөндірілді», - дейді ведомстводан.
Бұдан бөлек, осы ауылдық округ аумағында орналасқан Қаратал және Масақпай жайлауында да өрт шыққан. Жалын 200 гектар аумаққа тараған.
«Қазіргі кезде мұнда өрт сөндіру шаралары жүргізілуде. Бұған ТЖД жеке құрамынан 50 адам мен 11 арнайы техника, «Ерейментау» орман шаруашылығының 14 жұмысшысы мен 3 техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 112 қызметкері мен 18 техникасы жұмылдырылды», - деп толықтырды ведомстводан.
Сонымен қатар, Ақмола облыстық ТЖД-да Ерейментау ауданындағы дала өртін сөндіру бойынша жедел штаб құрылды. Осыған қатысты кез келген мәлімет бойынша 8716-2-55-14-80 хабарласуға болады. Жағдайды өңірдің ТЖД басшысы өз бақылауына алды.