Ақмола облысында үш ер адам мәслихат төрағасының отбасын жертөлеге қамап, тонап кеткен

0
191

​Бас прокуратура олардың қылмысын тонау емес, нағыз қарақшылық деп бағалаған.


Ақмола облысында үш ер адам мәслихат төрағасының отбасын жертөлеге қамап, тонап кеткен

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Ақмола облысында Астрахан аудандық мәслихатының төрағасы Мейрам Қожахметтің үйіне жасалған қарулы шабуылға қатысты іс қайта қаралатын болды. Себебі кассациялық соттың шешімі бойынша үкімнің күші жойылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Айта кетейік, былтыр 15 шілдеде қылмыскерлер аудандық мәслихат төрағасының үйінен ақша, бағалы зергерлік бұйымдар мен көлігін ұрлап кеткен еді. Оларға тонау бойынша айып тағылып, үш ер адам сотталды.

Бірақ Бас прокуратура олардың әрекетін тонау емес, қарақшылық ретінде қарау керек деп, кассациялық наразылық енгізді. Себебі қарақшылыққа бөтеннің мүлкін иемдену мақсатында адамның өміріне, денсаулығына қатер төндірумен ұштасқан шабуыл жатады.

«Ақмола облысындағы істердің бірінде үш ер адам тонау қылмысымен сотталған. Олар түнгі уақытта бетперде киіп, тұрғын үйге кіріп, жәбірленушілерге күш қолданып, аңшылық мылтықтың шолақ ұңғысымен қорқытып, ақша мен бағалы заттарды беруді талап еткен. Бас прокуратура сотталғандардың әрекеттерін тонау ретінде саралаудың дұрыс еместігіне назар аударып, кассациялық наразылық енгізді. Жәбірленушілер қарумен төндірілген қатерді шынайы әрі өмірі мен денсаулығына қауіпті деп қабылдаған. Бұл ретте атыстың не қарудың жай-күйі туралы мәліметтердің болмауы өздігінен қарақшылық белгілерін жоққа шығармайды», - деп хабарлады ведомство.


Осылайша сот актілерінің күші жойылды. Кассациялық сот қылмыстық істі қайтадан қарауға жіберді

«Тонау мен қарақшылықты ажырату кезінде тек іс жүзінде туындаған салдар ғана емес, шабуылдың сипаты, қолданылған күш пен жәбірленушіге төнген қатердің шынайылығы да ескеріледі», - деп толықтырды Бас прокуратура.