Қазақстанда 2027 жылы мобильді байланыс тарифтері 10–15%-ға қымбаттайды

0
208

Қазақстандағы ірі байланыс операторлары мобильді интернет пен байланыс қызметтерінің бағасын көтеруді жоспарлап отыр.


Қазақстанда 2027 жылы мобильді байланыс тарифтері 10–15%-ға қымбаттайды

ERNUR.KZ. Beeline кейбір тарифтерді 10%-ға, Kcell 10–12%-ға, ал Tele2 мен Altel 2027 жылы 10–15%-ға қымбаттатуы мүмкін. Компаниялар мұны желіні жаңарту мен инфрақұрылымды дамытуға кететін шығындардың өсуімен түсіндіреді, деп жазады stan.kz.

Қай оператор тарифтерді қаншаға көтермек?

Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте байланыс операторларының өкілдері тарифтердің қымбаттауына қатысты жоспарларымен бөлісті.

Beeline компаниясының бас атқарушы директоры Джаббор Каюмовтың айтуынша, оператор биыл кейбір тарифтердің бағасын 10%-ға көтеруді жоспарлап отыр. Өзгеріс кезең-кезеңімен енгізіледі, сондықтан барлық абоненттің төлемақысы бір уақытта өспейді.

Kcell компаниясының атқарушы директоры Асқар Жамбакин тарифтерді 10–12% аралығында қайта қарауы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, бағаға электр энергиясының, жабдықтардың және желіні дамытуға қажетті басқа да шығындардың өсуі әсер етеді.

Ал Mobile Telecom-Service компаниясының басқарма төрағасы Александр Бабичев Tele2 мен Altel брендтеріндегі кейбір тарифтердің құны 2027 жылы 10–15%-ға көтерілуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Операторлар бағаны неге көтермек?

Компания өкілдері тарифтердің қымбаттауын телекоммуникация инфрақұрылымына жұмсалатын инвестиция көлемімен байланыстырады.

Kcell басшысының мәліметінше, компания соңғы төрт жылда желіні дамытуға 468 миллиард теңге инвестиция салған. Осы кезеңде 4G базалық станцияларының саны 5 мыңнан 11 мыңға дейін өскен.

Бір базалық станцияны жабдықтарымен бірге орнату кемінде 30 миллион теңге тұрады. Бұл сомаға рұқсат алу, келісу рәсімдері, жабдықтарды елге жеткізу және монтаж жұмыстары кіреді.

Ал Tele2 мен Altel өкілі соңғы жылдары мобильді интернетті тұтыну көлемі төрт есе өскенін айтты. Оның сөзінше, интернетті пайдалану қарқыны тариф бағасының өсуінен жылдам болғандықтан, бір гигабайттың орташа құны төмендеп келеді. Соңғы төрт жылда Қазақстанда бір гигабайт мобильді интернеттің доллармен есептелген бағасы 40%-ға арзандаған.

Компания өкілдері тариф құнының өсуі инфрақұрылымды жаңартуға және желінің сапасын жақсартуға бағытталатынын атап өтті.

Бұған дейін Қазақстандағы мобильді интернет бағасы әлемдік орташа көрсеткіштен үш есе арзан екені хабарланған еді. Үкімет отырысында цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев елдегі мобильді байланыстың орташа айлық тарифі шамамен 4 550 теңге екенін, ал әлемдік орташа баға 27 долларды құрайтынын айтқан. Қазақстан мобильді интернет бағасының арзандығы бойынша 55 елдің ішінде жетінші орынға шыққан.