Оқыс жағдайға Lunking маркалы жүк тиегіш тракторы себеп болған.
Фото: Ақмола облысы ПД
ERNUR.KZ. Ақмола облысында қайғылы жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жолаушы трактордың артқы дөңгелегінің астына түсіп, оқиға орнында көз жұмды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлім етті, деп жазады BAQ.KZ.
Ресми мәліметке сәйкес, оқиға 6 маусым күні сағат 13:30 шамасында Державинск қаласынан 2 шақырым қашықтықтағы дала жолында орын алған. Оқыс жағдайға Lunking маркалы жүк тиегіш тракторы себеп болған.
“ Алдын ала мәлімет бойынша, трактор кабинасында бір ғана орын қарастырылғанына қарамастан, жолаушы фильтр кассеталарының үстіне жайғасқан. Қозғалыс кезінде ол тепе-теңдігін жоғалтып, жол жиегіне құлап, артқы дөңгелектің астына түскен. Ауыр жарақат салдарынан ер адам оқиға орнында қаза тапты “, – деп хабарлады Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі.
Полицейлердің айтуынша, трактор жүргізушісі мас болмаған. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Техника арнайы тұраққа қойылып, тиісті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Еске сала кетейік, ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес, көлік құралын жүргізу немесе пайдалану ережелерін бұзу арқылы абайсызда адам өліміне әкеліп соққан жағдайда, кінәлі тұлға бес жылға дейін бас бостандығынан айырылып, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылуы мүмкін.