АҚШ-тан ҚР экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 2005 жылдан бастап шамамен 40 млрд долларға жетіп отыр.
ERNUR.KZ. Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео ресми сапармен Қазақстанға келеді, деп жазады ҚазАқпарат.
Осы жылдың 12 желтоқсанында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның шақыруы бойынша Вашингтонға екі күндік ресми сапармен барған еді. Сапар барысында М.Тілеуберді Вашингтон қаласында М.Помпеомен екіжақты кездесу өткізді.
«Министр өзінің америкалық әріптесімен келіссөздер барысында кең ауқымдағы мәселелерді талқылаған болатын. Өздеріңізде білетіндей, АҚШ-пен екіжақты қарым-қатынасты жандандыра түсу жүргізіліп жатыр. Америкалық тарап үлкен қызығушылық танытуда. ТМД кеңістігінде АҚШ-пен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті орнатқан жалғыз ел Қазақстан болуы тегіннен емес. Ол екіжақты қарым-қатынастың барлық спекторлары бойынша көпжақты өзара іс-қимылмен сипатталады», - деді ҚазАқпарат агенттігіне министрдің АҚШ-қа ресми сапарына орай пікір білдірген Айбек Смадияров.
Сонымен қатар ол Мұхтар Тілеуберді мен Майк Помпеоның екіжақты келіссөздері барысында АҚШ Мемлекеттік хатшысының Қазақстанға алдағы уақыттағы ресми сапары жайы сөз болғандығын айтты.
«Тілеуберді сапарында қол жеткізілген нәтижелердің бірі Мемлекеттік хатшы Помпеоның шақыруды қабыл алуы болды және ол келесі жылдың басында Қазақстанға ресми сапармен келеді. Біз қазірдің өзінде осынау сапарға дайындықты бастап та кеттік. Бағдарлама барынша толыққанды болады», - деді ҚР СІМ ресми өкілі.
Айта кетейік, осы айда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Сан-Франциско қаласына барып, онда цифрлық даму, венчурлық қаржыландыру және энергетика саласындағы жетекші әлемдік компаниялардың басшылығымен кездесулер өткізген еді.
Сондай-ақ сапар аясында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы «QazTech Ventures» АҚ және «500 Startups» АҚШ-тың жетекші венчурлық қоры «QazTech Ventures» АҚ-ның V Жаһандық қорға қосылуы туралы келісімге қол қойды.
Бұдан бөлек, америкалық агробизнес өкілдерімен Қазақстанда ет өңдеу кәсіпорындарын және суару жүйелері өндірісін ашу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Ал оған дейін, 24 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке жасаған сапарының алғашқы күнінде америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесті. ҚР Президенті «Royal Dutch Shell» компаниясының бас атқарушы директоры Бен Ван Барденмен мұнай-газ жобаларын жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық жайын талқылап, «JPMorgan Chase & Co.» трансұлттық компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Джейми Даймонмен қаржы институттары арқылы өзара іс-қимыл мәселесін қарады. «Tyson Fresh Meats» компаниясының президенті Стив Стауффермен және «Valmont Industries» компаниясының бас атқарушы директоры Стив Каневскимен кездесуінде ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін қозғады.
Келесі күні Қазақстан Президенті БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-ші сессиясының ресми іс-шаралары аясында АҚШ Президенті Дональд Трамппен қысқа кездесу өткізді. Әңгімелесу барысында екі ел көшбасшылары Қазақстан мен Американың кеңейтілген стратегиялық серіктестігінің өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылады.
2019 жылғы қаңтар-қазан аралығында екі ел арасындағы тауар айналымы 1,8 млрд долл. құрады. Қазақстаннан АҚШ-қа экспорты 682 млн долларға, ал АҚШ-тан Қазақстанға импорт - 1,1 млрд долларға жетті. 2018 жылдың қорытындысында Қазақстан экономикасына салынған америкалық инвестиция көлемі 5.3 млрд АҚШ долларын құрады. Жалпы алғанда, АҚШ-тан ҚР экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 2005 жылдан бастап шамамен 40 млрд долларға жетіп отыр.