АҚШ шөлінде қазақтың киіз үйі құмды дауылға төтеп берген (ВИДЕО)

0
104

Киіз үй Burning Man фестиваліне орай тігілген екен.


АҚШ шөлінде қазақтың киіз үйі құмды дауылға төтеп берген (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

ERNUR.KZ. АҚШ-тың Невада шөлінде өтетін әйгілі Burning Man фестивалінде алғаш рет қазақтың киіз үйі тігілген. Туристер киіз үйді тамашалап, таңданыстарын айтып жатыр, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Фестиваль кезінде соңғы онжылдықтағы ең күшті құмды дауыл соғып, көп шатыр мен кэмптер қираған екен. Алайда қазақтың киіз үйі табиғат құбылысына төтеп беріп, берік құрылымын дәлелдеді. Бұл туралы ұйымдастырушылардың бірі Зарина Омар айтып отыр. Олар киіз үйді елден апарып құрастырған.

Қатысушылардың айтуынша, киіз үй тек уақытша баспана емес, ол – халқымыздың тарихы, мәдениеті мен рухының айғағы. Бұл оқиға қазақтың дәстүрлі сәулет өнерінің беріктігі мен маңызын әлемге паш етті.

Burning Man – жыл сайын Невада шөлінде өтетін халықаралық мәдени шара. Мұнда ондаған мың адам жиналып, уақытша қала құрып, өнер туындыларын, арт-инсталляциялар мен ерекше киім үлгілерін көрсетеді. Фестивальдің басты құндылықтары – еркіндік, шығармашылық пен өзіндік өрнек.

«Қазақтың киіз үйінің Burning Man сахнасында бой көрсетуі – ұлттық мәдениетімізді халықаралық деңгейде танытудың айқын мысалы. Бұл оқиға дәстүр мен заманауи өнердің тоғысуының көрінісіне айналды. Фестивальдегі барлық шатырлар дауылдан ұшып кетті», - дейді Зарина Омар.