Ақтауда адамдар мінген катер жартасқа соғылған: жаңа мәлімет белгілі болды

0
82

Ауруханада төрт зардап шегуші жатыр, олардың үшеуі жансақтау бөлімінде.


Ақтауда адамдар мінген катер жартасқа соғылған: жаңа мәлімет белгілі болды

Бейнеден алынған кадрлар

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысының полициясы Ақтаудағы катер апаты дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, ал дәрігерлер аман қалғандардың жағдайы туралы айтты. Ауруханада төрт зардап шегуші жатыр, олардың үшеуі жансақтау бөлімінде. Екі жолаушы қаза тапты, деп жазады tengrinews.kz.

Полиция тергеуді бастады

Соталды тергеу Қазақстан Қылмыстық кодексінің 344-бабы 1-бөлігі "Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу" бойынша басталды.

Әңгіме абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауыр зиян келтіруге не ірі залалға әкеп соққан қағидаларды бұзу туралы болып отыр.

"Аталған дерек бойынша Полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 344-бабы 1-бөлігі "Темiржол, әуе, теңiз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын орындайтын жұмысына немесе атқаратын лауазымына байланысты сақтауға мiндеттi адамның осы қағидаларды бұзуы, егер бұл іс-әрекет абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге не ірі залал келтiруге әкеп соқса" бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр", - деп хабарлады Маңғыстау облыстық ТЖД.

Зардап шеккендердің жағдайы қалай?

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының баспасөз қызметі зардап шеккен бес ер адамның жағдайы туралы хабарлады: үшеуі жансақтау бөлімінде, біреуі травматологияға жатқызылған, тағы біреуі алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық ем қабылдауға жіберілген.

"Төрт зардап шегушіге денедегі түрлі жарақаттар диагнозы қойылды. Қазіргі уақытта төртеуі де ауруханаға жатқызылды. 1988, 2002 және 1964 жылғы пациенттер жансақтау бөліміне түсті. Олардың жағдайы ауыр, дәрігерлердің тұрақты бақылауында. 1985 жылы туған пациенттің жағдайы тұрақты. Қазіргі уақытта ол травматология бөлімінде емделіп жатыр. Тағы бір зардап шегуші, 1996 жылы туған азамат, қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық ем алуға жіберілді", - деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.

Оқиғаның мән-жайы

Еске салайық, қайғылы оқиға 30 тамызда кешке Ақтауда болғаны хабарланған еді. Сол кезде жеті адам мінген серуендеу катері 5А шағынауданының маңында жартасқа соғылғаны белгілі болды. Бес жолаушыны құтқарып, дәрігерлерге тапсыру мүмкін болды, ал екі адам қаза тапты, олардың денесі іздестіру-құтқару операциясы кезінде судан шығарылды.

ТЖД мәліметінше, құтқару операциясына ведомствоның 35 қызметкері, төрт техника және төрт жүзу құралы жұмылдырылды. Сондай-ақ оқиға орнында 10 полиция қызметкері, Апаттар медицинасы орталығы және жедел жәрдемнің бес бригадасы жұмыс істеген.

Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.

Алдын ала ақпарат бойынша, катерде болған екі жолаушыда құтқару кеудешелері болмаған.