Түнгі уақытта 8 және 10 жастағы екі қыз баланың бөлмесіне жалаңаш ер адам кіріп кеткен.
Фото: istockphoto.сom
ERNUR.KZ. Ақтаудың маңындағы демалыс базаларының бірінде болған оқиға ата-аналарды дүр сілкіндірді, деп жазады stan.kz.
Түнгі уақытта 8 және 10 жастағы екі қыз баланың бөлмесіне жалаңаш ер адам кіріп кеткен.
Куәгер әйелдің айтуынша, бұл базада Ақтау жүгіру клубының қатысушылары отбасыларымен бірге демалып жатқан. 26 шілде күні кешке ересектер екі қызды бөлек бөлмеге ұйықтатып қойған. Алайда түнде оқыс оқиға болған.
"Таңғы сағат 04:00 шамасында 10 жастағы қызым айқайлап бөлмеден жүгіріп шықты. Көзінде үрей мен қорқыныш бар еді. Дауыс шыққан соң ер адамдар бөлмеге жүгіріп кірді. Сол кезде төсекте жалаңаш ер адам жатқан. Ол адамдарды көріп, орнынан атып тұрып, терезеден секіріп кетті. Сол сәтте демалыс орнында оның артынан қуғын басталды. Біз дереу полиция шақырдық", – деді оқиға куәгерлері.
Белгілі болғандай, күдікті демалыс базасының қонақтарының бірі, ол алкогольдік ішімдік ішкен күйде болған.
"Сараптама қорытындысы бойынша, ол жеңіл дәрежеде мас болған. Бірақ сұрақ көп: ол балалардың бөлмесіне қалай кірді? Неге мүлде киімсіз болды? Полициядағылар бұл әрекетте қылмыс құрамы жоқ деп отыр. Енді не, бұл адам еш жазасыз қала ма? Егер балаларға бұдан да ауыр жағдай болса ше? Бұл өз алдына – үлкен психологиялық жарақат", – деп наразылығын білдірді ата-аналар.
Қыздардың ата-аналары күдіктіні психотроптық заттар қолдануы мүмкін деп тексеруді және жауапкершілікке тартуды талап етті. Екі отбасы полицияға ресми арыз жазған.
Еске салайық, бұған дейін Астанада министрліктер үйінің қарсысындағы түнгі клубтың шатырында жартылай жалаңаш қыздың би билеуі қоғамда қызу пікірталас тудырған еді. Әлеуметтік желіде кең тараған бейнежазба кей тұрғындардың наразылығын тудырып, олар әкімдік пен полицияға шағымданған. Құқық қорғау органдары тыныштықты бұзғаны үшін клуб әкімшілігіне 25 АЕК (98 300 теңге) айыппұл салып, құқықбұзушылықты жою жөнінде нұсқама берген. Ал биші қыздың әрекетіне қатысты мәселе заң аясында қаралатын болды.