Қазақстанда мобильді аударым лимиті 2 миллион теңгеге дейін өспек

0
47

Ұлттық банк жаңа талаптардың нақты қай уақытта күшіне енетінін айтпады.


Қазақстанда мобильді аударым лимиті 2 миллион теңгеге дейін өспек

Фото: magnific.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда мобильді аударымның бір операцияға арналған лимитін 1 миллионнан 2 миллион теңгеге дейін арттыру мәселесі қарастырылып жатыр. Алайда бұл өзгеріс барлық аударым түріне қатысты емес, деп жазады Stan.kz.

Бұған дейін жаңа ереже 2026 жылдың қазан айында күшіне енуі мүмкін екені хабарланған еді. Бірақ жоба әлі де мемлекеттік органдармен келісу кезеңінде.

Ұлттық банк жаңа талаптардың нақты қай уақытта күшіне енетінін айтпады.

Лимит қандай аударымдарға қатысты?

Бұл шектеу мобильді аударымның барлық түріне емес, тек Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі арқылы жеке тұлғалар арасында телефон нөмірі бойынша жасалатын аударымдарға қатысты.

Қарапайым тілмен айтқанда, адам өзінің банк қосымшасына кіріп, басқа банкте шоты бар адамға телефон нөмірі арқылы ақша жіберген жағдайда осы лимит қолданылады.

Қазір Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі арқылы бір операцияда 1 миллион теңгеден артық ақша аударуға болмайды. Енді бұл шекті 2 миллион теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар банктер тәуекелдерді бағалаудың ішкі жүйелеріне қарай аударымдарға өз шектеулерін белгілей алады. Алайда мұндай лимиттер осыған ұқсас төлем қызметтеріне қойылатын талаптарға сәйкес болуы керек.

QR арқылы төлем жасауға да шектеу қойыла ма?

Ұлттық банк жоспарланып отырған өзгеріс QR-код арқылы жасалатын төлемдерге қатысты емес екенін арнайы түсіндірді.

"QR-код арқылы жасалатын төлемдерге Банкаралық мобильді төлемдер
жүйесінде операция сомасы бойынша шектеу қойылмаған", – деп хабарлады реттеуші.

Осылайша, 1 миллион теңгелік лимит банк қосымшасындағы барлық операцияға бірдей қолданылмайды. Ол тек Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі
арқылы әртүрлі банктің клиенттері арасында телефон нөмірі бойынша жасалатын аударымдарға қатысты.