Ақтөбе облысында білім бөлімі басшысының әйелі оқушыны ұрған

0
1 719

Қаратоғай ауылының 10 жастағы оқушысы Нұрсаят Мұратов екі бірдей педагогтан зәбір көрген.


Ақтөбе облысында білім бөлімі басшысының әйелі оқушыны ұрған

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Қаратоғай ауылында 5-сыныптың оқушысын аудандық білім бөлімі басшысының мұғалім әйелі ұрған, деп жазады sputnik.kz.

Оқиға 3 сәуірде болған. Қаратоғай ауылының 10 жастағы оқушысы Нұрсаят Мұратов екі бірдей педагогтан зәбір көрген. Оның бірі - мектептің тәрбие меңгерушісі. Нұрсаяттың әкесі Дәуірбай Мырзағарының айтуынша, баласының айыбы – 10-сынып оқушысына ватсап арқылы дөрекі сөздер жазғаны.
"Мектепке шақырып, баланың тәртіпсіздігін айтты. Баламды кабинетке сүйреп әкелді. Мен оған ренжіп тұрғаным жоқ. Сол жерде мұғалімдерден баламның қылығы үшін кешірім сұрадым да, кетіп қалдым. Бірақ мен ұлымды мұғалімнің ұрғанын білген жоқпын. Ертесі күні мені полиция баламмен қосып шақырды. Мен малдан шыға алмайтынымды айтып бармадым. Ата-ана құқынан айырады деп бірнәрсе айтты. Сөйтсем, жаңағы баламды ұрған мұғалім Гүлзат Сүлейменова полицияға барып, баламның үстінен арыз жазыпты", - дейді Дәуірбай Мырзағары.
Шалқар аудандық полиция бөлімі педагог Гүлзат Сүлейменовадан 5-ші сынып оқушысының үстінен шағым түсіргенін растады.
"4 сәуірде Гүлзат Сүлейменова полиция шақыртты. Шақырту түскен соң баруға міндеттіміз. Сүлейменова "Нұрсаят Мұратов балағат сөз айтты" деп шағым жазды. Біз Нұрсаяттың әкесі Дәрібай Мырзағарыны шақырдық, ол кісі малдан шыға алмайтынын айтып басында келмеген, сосын келді. Біз баланың әкесінен жауап алдық. Мұғалімге қарсы шағым жазуға болатынын айттық. Бірақ Дәуірбай Мырзағары мұғалімнің үстінен арыз жазудан бас тартты. Біз бұл істі аудан әкімі жанындағы комиссияға жібереміз. Ары қарай солар шешеді", - дейді Шалқар ауданы ПБ бастығының бірінші орынбасары Айбек Борашев.
Ешнәрседен хабары жоқ әке әу баста баласын аудандық ауруханаға әкелген. Өйткені бала екі күн бойы түнімен ұйықтамай, шошып шыққан.
"Бала соңғы екі күнде ұйықтап жатып шошып, орнынан түн ішінде тұрып жүріп кете берді. Сосын ауданға дәрігерге әкелдім. Психолог бала қатты шошынған дейді. Баламды ұрғанын мен білмеппін. Оны маған аудан емханасындағы психолог айтты. Мектепте оқушылармен төбелесіп қалған шығар дедім. Сөйтсем, мұғалім ұрған. Балам ватсап арқылы 10-шы сыныптағы оқушы ұлға қыз болып дөрекі сөз жазыпты. Оны маған көрсетті. Ол қыздың анасы мектепте мұғалім болып істейтін Гүлзат Сүлейменова деген кісі. Онымен бірге тәрбие меңгерушісі болған. Тәрбие меңгерушісі күштеп балаға түсінік жаздырған, ал ана мұғалім ұрған", - дейді жәбірленушінің әкесі Дәуірбай Мырзағары.
Бала мұғалімнің ұрғанын әкесіне айтпаған, бірақ психологқа бастан аяқ болған оқиғаны баяндап берген.
"Балада қорқыныш бар. Бала айтады "Айсұлтан деген баланың әпкесі болып, оқушы ұлға SMS жаздым, пранк жасағым келді" дейді. Ана ұл кім жазғанын іздеп тауып алған. "Алтыншы кластың Айсұлтан деген баласы әпкемнің атынан неге олай жазасың деп тиісті" дейді. Айсұлтан мен Нұрсаят ерегесіп қалған. Айсұлтан мұғалім мамасына айтып барған. Сосын Нұрсаят айтады "Гүлзат апай мені бөлмеге кіргізіп, нұқып ұрды" дейді. Психолог ретінде айтарым, балада үлкен үрей бар. Онымен қоймай баланы полицияға апарып жатыр. Ары қарай жағдайы не болады сонда?" - дейді Шалқар аудандық емханасының психологы Үміт Елекбаева.
Ал мұғалімдер қызмет ететін Қаратоғай ауылдық мектебінің директоры Әбдіғали Қаюповтың айтуынша, аудандық аурухана психологы да, баланың әкесі де өтірік айтып, жала жауып отыр.
"5-сынып оқитын Нұрсаят есімді бала Гүлзат Сүлейменова деген мұғалімнің оқушы қызының атынан жігітке "сүйісесің бе" деп жазған, одан да басқа дөрекі сөздер жазған. Оқушы қыздың інісі Айсұлтан Нұрсаятқа "неге сен менің әпкем болып жазасың" деп ұстасып қалған. Мұғалімдер оларды арашалаған. Баланың әкесі Дәуірбай мұғалімдерге жала жауып отыр. Гүлзат Сүлейменованың 10 жылдық, ал тәрбие меңгерушісі Мейрамгүл Елеукенованың 32 жылдық тәжірибесі бар. Мұндай келеңсіздікті олар жасамайды. Балаға өз еркімен түсінік жаздырған. Аурухананың психологтары өтірік айтып отыр. Оқушы смс жазғанымен қоймай мұғалімді боқтаған. Кабинетке екі жақтың ата-анасын шақырып, сөйлескенімізде оқушы шешесінен боқтап тұр", - дейді Қаратоғай ауылдық орта мектебі Әбдіғали Қаюпов.
Нұрсаят атынан жазған 10-шы сыныптың оқушы қызы да, Айсұлтан да мектеп мұғалімі Гүлзат Сүлейменованың баласы. Ал баланы ұрды деген күдікке ілінген педагог Гүлзат Сүлейменова аудандық білім бөлімінің басшысы Қазиз Жұмахановтың әйелі. Бұл жағдай туралы Қазиз Жұмахановтың өзінен де сұрап көрдік.
"Ол жағдай бойынша комментарий бермеймін. Мектепте болған мұғалімдер берсін. Менің қызымның атынан аузына келгенін жазған. Сонда оқушы солай жаза беруі керек пе? Мен ол сөздерді оқи алмаймын. Құқық қорғау органдары бұл мәселені шешсін", - дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Қазиз Жұмаханов.
Білім бөлімінің басшысынан 10 жастағы бала жазған хабарламаны сұрап көріп едік, ол көрсетуден бас тартты. Қазіргі күні мұғалімдер бала боқтады деп куәгер жинап, қолхат жаздырып алып жатқан көрінеді. Ал аудандық дәрігерлер баланың әкесіне облыстық ауруханаға жолдама берген. Мектеп директоры болса, Дәуірбай Мырзағарыдан "арыз жазған мұғалімнен кешірім сұрауды" талап етіп отыр. Қаратоғайдағы мұғалімдер мен 5-ші сынып оқушысы арасындағы жанжал біткен жоқ.