Сонымен қоса, 663 шақырым автожол, 80 шақырым облыстық, 412,4 шақырым аудандық жолдар жөнделеді.
Елімізде жол мәселесіне қатысты күрмеуі шешілмеген жайттар жетерлік. Облысты былай қойғанда, ауыл-аймақтардағы жолдың сапасы тіптен сын көтермейді. Өңірлердегі осы проблеманы шешу мақсатында көптеген жобалар қолға алынғаны баршамызға мәлім.
Соның бірі Ұлттық экономика министрлігі мен бірнеше мемлекеттік органдар бірлесе әзірлеген «Қуатты өнірлер-ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. Аталған жоба ел тұрғындарының қолайлы өмір сүру ортасын құруға негізделген. Яғни, халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге бағытталған. Олардың қатарында жол, ауыз су, инфрақұрылым, тұрғын үй сынды ең өзекті мәселелер бар.
Ұлттық жобаның мерзімі 5 жыл. Жобаның жалпы құны 7,6 трлн теңгені құрайды.
Жоба аясында тек өңірлердегі ғана емес, шалғай ауылдағы мәселелер де шешімін табады. Аталған жоба бірнеше мемлекеттік бағдарламалардың іс-шараларын қамтиды. Оның ішінде ауыл-аймақтарды дамытуға арналған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы да бар.
Естеріңізде болса, осыдан біршама уақыт бұрын ұлттық жобаның бірінші бағыты бойынша Ақтөбе облысында атқарылған жұмыстар туралы айтқан болатынбыз. Ендігі кезекте аталған өңірде жобаның екінші бағыты аясында атқарылған жұмыстарға тоқталмақпыз.
Жоғарыда атап өткендей, «Қуатты өнірлер - ел дамуының драйвері»жобасының басым бағыттарының бірі жол мәселесі. Жоба аясында өңірлерде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 100 пайызға және жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 95%-ға дейін артады деп жоспарланған.
Ақтөбе облысының жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 4 440 шақырымды құрайды. Оның ішінде облыстық маңызы бар жолдың ұзындығы – 1 265 км, аудандық - 3 175 км.
Өңірде биыл жол жөндеу саласы бойынша 200-ден астам жоба жүргізілуде. Оның шеңберінде 663 шақырым автожол, 80 шақырым облыстық, 412,4 шақырым аудандық жолдар жөнделеді. Сонымен қоса, қалалар мен аудандардағы 197 көше-жол желісін жөндеу жоспарлануда.
Осы жылы Ақтөбе қаласының батыс айналма жолы мен Донское-Бадамша-Ақтөбе-Орск учаскелерін реконструкциялау жұмыстары басталды.
Сондай-ақ, "Покровка-Темір-Кеңқияқ-Ембі" айналма жолы учаскелерінде орташа жөндеу жүргізіліп жатыр.
Ақтөбе облысы әкімдігі ұсынған мәліметке сәйкес, Есет батыр Көкіұлының 355 жылдығы қарсаңында Ақтөбе облысында Алға ауданы Бестамақ ауылының маңында орналасқан ұлы қолбасшының кесенесі мен қорымына жол салынған. Ұзындығы 4,1 шақырым жолды асфальттау жұмыстары демеуші есебінен жүзеге асырылды.
(фото: Ақтөбе облысының әкімдігі)
Сонымен қатар, Оңтүстік айналма автожолы мен Ақтөбе-Қандыағаш тас жолында қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Айта кетейік, аталған жол автомагистральдары қайта жаңартудан кейін 4 жолақты болады. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы толығымен аяқталады деп жоспарланған.
Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы республикалық маңызы бар автожолын қайта жаңарту бойынша алты жоба іске асырылуда. Жолдың ұзындығы 303 шақырымды құрайды.
Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен, Оңтүстік айналма автокөлік жолының 2,9 шақырымы жоспарланған мерзімінен бұрын ашылды.
Биыл Ақтөбе облысында ұлттық жоба аясында 60 жоба іске асырылуда. Оның ішінде үш жоба автомобиль жолдарын қайта құру, бір жоба жол құрылысы және 56 жоба жолдарды орташа жөндеуден өткізу.
Жоба аясында 2023 жылдың басында Ақтөбе облысында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 72% пайызға жетеді.
Ұлттық жобаның жалпы құны 7,6 триллион теңгені құрайды. Оның ішінде республикалық бюджетте 4 триллион теңге, жергілікті бюджеттерде 786 миллиард теңге қаралған.
Ал, биыл Ақтөбе облысына «Қуатты өнірлер-ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 45,1 миллиард теңге бөлінген.
Ал, өңірдің экономикалық дамуының жағдайы қандай?
Жалпы өңірдің экономикалық дамуы бойынша Ақтөбе облысы Қазақстанның ірі өнеркәсіптік дамыған өңірлерінің бірі десек, артық айтпаған болар едік.
Биылғы жылдың 9 айының қорытындысына сәйкес, облыс экономикасына 600 миллиард теңге инвестиция тартылған. Өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспортының көлемі 1,2 миллиард АҚШ долларын құрап, өңдеуші секторға 53,8 миллиард теңге инвестиция құйылды. Өңірлік өнімнің жылдық өсімі 5 пайызды құрайды. Оның негізгі үлесі шамамен 42 пайызы өнеркәсіпке тиесілі. Аталған көрсеткіштер бойынша Ақтөбе облысы — өңірлер арасында үздіктер қатарында.
Ақтөбе облысы әкімдігінің дерегінше, өңірде мыңнан астам шетелдік компания тіркелген. Оның жетеуі трансұлттық компания.
Жалпы республикада пайдалы қазбаларды өндірудің табиғи төмендеуіне байланысты облыста экономиканың сапалы және тұрақты дамуы, халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыру үшін өңдеуші өнеркәсіпті әртараптандыру шаралары жүргізілуде.
«2027 жылға дейін инвестицияның жаңа толқынын тарту мақсатында металлургия, баламалы энергетика, фармацевтика, медицина, мұнай-химия, құрылыс индустриясы және агроөнеркәсіптік кешен салаларын қамтитын 95 инвестициялық жобалар пулы қалыптасты. Жоба құны 4,6 триллион теңгені құрайды. Нәтижесінде 12 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Негізгі инвестор елдер қатарына Сингапур, Түркия, Ресей Федерациясы, Ұлыбритания және Нидерланды кіреді», - делінген әкімдік ақпаратында.
Ақтөбе облысы экономикасының негізгі үлесін өнеркәсіп құрайды. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіптің жалпы көлемінің өсуі 101,8 пайызға жеткен. Нақтырақ айтатын болсақ, тау-кен өндіру өнеркәсібінде НКИ-101,8%, өңдеу секторының өндіріс көлемі 895,2 миллиард теңгені құраған.
Облыста жұмыс істеп тұрған тау-кен өндіру өнеркәсібінде 14 ірі, өңдеу өнеркәсібінде 9 ірі кәсіпорындар бар.
Олардың қатарында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, Дөң тау-кен байыту комбинаты «Қазхром «ТҰК» АҚ, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС, «Коппер Текнолоджи» ЖШС, «AltynEX Company» АҚ секілді ірі компаниялар бар.
Жеке-жеке тоқталсақ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Ақтөбе облысының ірі жүйе құраушы кәсіпорны. Оның үлесіне мұнай саласында өндірілетін өнімнің 60 пайызы және газдың 75 пайызы тиесілі.
Ал, дөң тау-кен байыту комбинаты «Қазхром «ТҰК» АҚ 1938 жылы Оңтүстік-Кемпірсай хром кен орны базасында хром кенін өндіру және байыту кәсіпорны ретінде Ақтөбе облысы Хромтау қаласында құрылған.
Аталған кәсіпорында өндірілетін кеннің басым бөлігі Ақтөбе және Ақсу ферроқорытпа зауыттарына жеткізіледі.
Өңірдегі «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС 2004 жылдан бастап Ақтөбе облысының Хромтау және Мұғалжар аудандарында мыс және мыс-мырыш кендерінің бес кен орнын кешенді игеру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп келеді.
Келесі кезекте өңдеу өнеркәсібі саласына тоқталайық. Бұлардың қатарында Ақтөбе ферроқорытпа зауыты «Қазхром «ТҰК» АҚ, «Ақтөбе хром қосылыстар зауыты» АҚ, «Gas processing company» ЖШС, «Ақтөбе рельс арқалық зауыты» ЖШС компаниялары бар.
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жылына 740 мың тонна ферроқорытпа өндіретін тұрақты дамып келе жатқан заманауи кәсіпорын. Аталған кәсіпорын жоғары, орта және төмен көміртекті феррохром, ферросилиций және металл концентратын өндіреді.
Айта кетейік, бұл кәсіпорын Қазақстандағы қара металлургия өнеркәсібінің тұңғыш зауыты болып есептеледі. Кәсіпорынның ең жаңа бөлімшесі - №4 балқыту цехы. Мұнда Қазақстан ғана емес, әлемдік ферроқорытпа саласы үшін тұрақты ток пештерінде балқытудың инновациялы, бірегей технология қолданылады.
Өнім экспортының аумағы өте кең десек болады. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының өнімдері өз елімізден бөлек, ТМД , Еуропа, ҚХР мен Жапонияға экспортталады.
Сонымен қоса, Ақтөбе облысында хром тұздарын өндіретін еліміздегі ірі және жалғыз кәсіпорын бар.
Сондай-ақ, өңірде рентген техникасын шығаратын «Ақтөберентген» АҚ кәсіпорны бар. Аталған кәсіпорын медициналық техника, рентген техникасын өндіру, сату және сервистік қызмет көрсетеді.
Өңірде ұзындығы 120 метрге дейін жоғары беріктігі бар жаңа буын рельстерін шығаратын «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС кәсіпорны іске қосылған. Аталмыш зауыт 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.
Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде шамамен 500 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Оның ішінде 15,7 мың тұрақты, 475,4 мың жұмыс орны уақытша құрылады.
Ақтөбе облысында ұлттық жобалар шеңберінде өңірлік жұмыспен қамту картасы қалыптастырылған. Бекітілген жоспарға сәйкес, 9 мыңнан астам жұмыс орындары құрылады.
Сонымен қоса, 53 мың жұмыссыз адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Аталған жоспар «2021– 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында іске асады. Ал, бос жұмыс орындары туралы ақпарат электронды еңбек биржасына орналастырылады.
Өңірде жұмыссыз жастарды қолдау мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» мен «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы қолға алынған.
Аталған жобалар аясында 176 жас жұмысқа орналасқан. Осы жылы 300-ге жуық жасты жұмыспен қамту жоспарлануда.
Сонымен қоса, облыс аумағында 500-ге жуық жастарға және 1 мыңнан астам әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қайтарымсыз мемлекеттік грант беру жоспарланған. Қазіргі таңда бұл бағытта тиісті жұмыстар іске асырылуда.
«Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы 5 жылға әзірленген. Ал, өңірлерде бұл жобаның іске асып жатқанына 1 жылдан астам уақыт болды. Жоба аясында өңірлердегі біршама өзекті мәселелер өз шешімін тапты. Әлі де атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Дәл осы қарқынмен жұмыс атқарылатын болса, алдағы 5 жылда еліміздегі мәселелердің біразы оң шешімін табады деген сенім мол.